Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Рио олимпиадасында тамаша табыстарға жетті.
38 жаста болса да, спорттан алшақтамай жүрген балуан қыз бар. Бұл оның үшінші олимпиадасы. Ол кім болды десеңіз, айтайық. 75 келіде белдесетін Гюзель Манюрова күміс жүлделі болды. Еркін күрестен қыздар құрамасының ең тәжірибелі спортшысы Гюзель финалда канадалық Эрика Уибеден 0:6 есебімен жеңілді.
Манюрова Лондонда қола жүлде иеленіп еді, бұл жолы бір саты жоғарылап отыр. Ол — 3 олимпиадаға қатысып, үшеуінде де олжалы болған балуан. 2004 жылы Манюрова Афина додасына Ресей атынан түсіп, күміс жүлде жеңіп алған болатын.
Әйелдер күресінен тағы бір медальды Екатерина Ларионова еншіледі. Ол (63 келі) әуелгі белдесуден беларусьтік Мария Мамашукке есе жіберген-ді. Мамашук финалға жолдама алған соң, Катя жұбаныш белдесулерін өткізуге мүмкіндік алды. Ол алдымен Хенна Йоханссонды (Швеция) таза түсірді, қола жүлде үшін белдесуде амеркалық Елена Пирожковадан 0:3 есебімен ұтылып жатып, оны да таза жеңіп кетті.
Спорттың бұл түрінен ел намысын қорғауға 4 қыз аттанып, оның үшеуі жүлде алды. Төртеуі де бестікке кірді. Мұндай жағдай Қазақстан тарихында тұңғыш рет орын алып отыр. Риода Қазақстанның әйел балуандары өзіндік рекорд жасады. Бұған дейін Елена Шалыгина — Бейжіңде бір қола, Гүзел Манюрова Лондонда бір қола алса, бұл жолы біздің қыздар бір күміс (Манюрова), екі қола (Сыздықова мен Ларионова) жүлдемен елге оралатын болды.
Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сағадиевтің және бапкерлер ұжымының ерен еңбегі! Тариxта болмаған жағдай, Олимпиадаға келген төрт балуан ару түгел үздік бестікке енді! Төрт қатысушыдан үш жүлде! Қазақстандағы әйелдер күресінің жүлделі бастауын салған азамат деп айтуға толық негіз бар.