25-27 наурыз аралығында пара атлетикадан Халықаралық Шардж ашық чемпионаты өткен болатын. 7-ші мәрте ұйымдастырылған додада 20 ел спортшылары сынға түсті. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 7 күміс және 1 қола еншіледі. Күмістің біреуін найза лақтыру сайысы бойынша Бақберген Қолғанат жеңіп алған болатын.
Бақберген Қолғанат 1996 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Сол қолының аздаған кемшілігі бар. Соған қарамастан жан-жақты. Компьютерлерді жөндейді, сурет салады, архитектурамен шұғылданады. Мінекей бүгінде бүкіл қазақ елі мақтанатын спортшыға айналды.
Дубайда өткен сайыс туралы айтып берді:
«Жарыс ойдағыдай өтті. Қазақстанның атын шығару басты арманым, сол үшін жақсылап дайындалған болатынмын. Жарыс ұйымдастырушылары барлық жағдайымызды жасап берді. Барлық спортшылар да өте жақсы дайындалған екен. Менің жеті қарсыласым болды. Бәсекелестік өте жоғары. Бірінші және үшінші орындарды Жапон спортшылары еншіледі. Жарыс біткен соң өз-өзіме деген сенімділік пайда болды. Мақсатым Токио паралимпиада ойындарында жеңіске жету».
Бір қызығы Бақбергеннің спортқа келуіне колледж кезіндегі досы Жоламан Еламан себепкер болыпты. 2012 жылы Еламан Пара атлетикадан Қазақстан біріншілігінің чемпион болады. Сол жылы Бақберген колледжге оқуға түседі. Юрий Мощеев атты жаттықтырушы спортшыларды іздеп жүргенде Еламан досын ұсыныпты. Сөйтіп Бақбергеннің үлкен спорттағы өмірі басталады. Қос дос Дубайда бірі алтын алса, бірі күміс алды.
«Ата-бабамыз қолданған жауынгерлік қару ғой», — дейді Бақберген найза лақтыру спортын неге таңдағанын айтып. «Найза лақтыру үлкен күшті талап етеді. Әлсіз адам лақтырса бір жері сынып немесе үзіліп кетуі мүмкін. Ең бастысы талпыныс керек. Мақсатсыз нәтиже ешқашан жоғары болмайды».
Бақберген болашақта чемпион болып қана қоймай, олимпиада чемпиондарын баптайтын атақты бапкер болғысы келеді.
Халықаралық сайыстағы алғашқы жеңісіне жету үшін көп еңбектенгенін айтады. «Өз ұрпақтарына үлгі боларлықтай із қалдыру негізгі мақсат. Ешқашан тоқтамай алға басу керек» .