Астанада боксты кеңінен насихаттау мақсатында елордалық Rocky boxing club ашық жаттығу шарасын ұйымдастырып, оған кәсіпқой және әуесқой бокс жұлдыздарын шақырды. Бұл туралы diamondring.kz сайты жазады.
Бұл акцияға Diamond Ring саңлағы Бекман Сойлыбаев та қатысты. Ол жаттығуға өзінің чемпиондық белбеулерін ала барған. WBA NABA USA және EPBC тұжырымдары бойынша жеңіп алған белбеулеріне қызығушылар қарасы аз болған жоқ. Әсіресе жас жеткіншектер қазақ чемпионымен суретке түсуге таласып-тармасып, мәре-сәре болды.
Бекманнан басқа, бұл жаттығуға 2011 жылғы Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жеңімпазы, Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысқан Қанат Әбутәліпов, 2011 жылғы Азияның вице-чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан Ілияс Сүлейменов, сондай-ақ аралас жекпе-жектер өнерінен (MMA) Alash Pride командасының тарланы Сұлтан Қиялов қатысты.
– Осындай игілікті шараға қатысқаныма ризамын, – деп өз ойын ортаға салды Бекман. – Ашық жаттығу жұмысына өз тәжірибеммен бөлісуге келдім, балалар мен олардың ата-аналарына ерінбей тер төгу мен алға қойған мақсатыңа жетуге тырысу міндетті түрде нәтиже беретіндігін көрсеткім келді.
Бекман мамыр айында Николоз Кокашвилиді жеңіп, EPBC WBC тұжырымының чемпиондық белбеуін жеңіп алған жекпе-жегінде қолын жарақаттап алған болатын. Содан бері біраз уақыт емделіп, енді оңала бастады. Бірақ қазір бәрі – ойдағыдай. Қарқынды түрде жаттығу жұмыстарын бастап та кеткен. Өзінің айтуынша, қараша айында қайтадан рингке шығып, WBC тұжырымының Еуразиялық және Тынық мұхиты жағалауы аймағы бойынша чемпиондық атағын қорғауға дайын болады екен.
Ақпарат: diamondring.kz