Биатлон спортынан Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Жиындарға ерескетер мен қоса жастар құрамасы да қатысуда. dodasport.kz тілшісі құрама мүшесі Александр Трифоновтан сұқпат алған еді.
Азия ойындарының жүлдегері, IBU кубогының жеңімпазы Александр Трифонов жаңа маусым алдындағы дайындық жұмыстары туралы айтып берді.
— Александр, Ханты-Мансийсктегі жиындар қалай өтуде?
— Оқу-жаттығу жиындары әдеттегідей, жоғары деңгейде өтуде. Ауа-райы тамаша, Ханты жолдары жаттығу үшін үшін өте ыңғайлы. Ату айлағы болса әлемдік деңгейге сай.
— Ұлттық құрама жаттығу үшін жыл сайын Ресейге барып тұрады. Оның себебі неде?
— Бұл жер әлемдік талаптарға сай. Тек Қазақстан құрамасы ғана емес, әлемнің бірнеше елдері келеді. Ресей құрамасының өздері де осында жаттығуда. Қазақстан жақын орналасқандықтан тез жетеміз, климаты да бізбен бірдей. Қаражат жағынан да шығын аз болады.
— Ханты-Мансийскті әлемдік биатлон кешендерінің бірі дейді. Бұл қаншалықты рас?
— Бұл жерде Халықаралық жарыстар көп өтеді. Әлем кубогы кезеңдерінің бірінде бағымды сынап көргем. Жастар арасындағы әлемдік додалардың көбі осында өткізіледі.
— Маусыға жоспарыңыз қандай? Қандай мақсат қойдыңыз?
— Жаттығу жиыны 2 қараша күні аяқталады. Кейін бір аптаға елге ораламыз. 12 қараша күні барлық құрамамен Норвегия еліне барамыз. Бейтоштолен қаласында IBU кубогы өтеді. Сол жерде көрсеткен нәтижемізге байланысты әрі қарай жоспарлар құрылады. Жақсы деңгейде өз-өзімді көрсете алсам әлем кубогы кезеңдеріне қатыса аламын.
— Ресей құрамасы да сол жерде екен. Олардың дайындығында не өзгешелік бар. Қанша дегенмен әлемнің көшбасшы командасы ғой!
— Біз Ресей құрамасымен кездейсоқ кездесіп қалдық. Жаттығуларымыз басқа уақытта өтеді. Бірақ қарсыластарымыздың дайындығын бақылап, керек тұстарын алуға тырысамыз. Тәжірбие алмасу қашанда артық еткен емес.
— Ресейлік Олимпиада чемпиондары дайындықтан шыққан соң жүздеген биатлон спортының фанаттары қолтаңба алу үшін кезекке тұрады деп естідік. Бұл қаншалықты рас. Қазақстанда бұндай дәрежеде биатлонға қызығушылық бар ма?
— Мен де солай естігенмін. Бірақ қаншалықты рас екенін білмеймін. Тіпті біздің жаттығуымызды тамашалап, суретке түсіріп жүретін адамдар көп. Рас шығар. Шыны керек бізде Ресей сияқты биатлонға қызықпайды. Жекелей хаттар көбіне шет ел азаматтарынан келіп жатады. Олар біздің жағдайымызды сұрап жанкүйерлік етіп жүреді. Қазақстанда ондай жоқ.
— Шет ел азаматтары туралы толықтай айтып кетсеңіз.
— Германия, Польша, Австрия елдерінен фанаттарымыз көп. Біздің нәтижеміз қандай болса да үнемі дем беріп отырады. Қазақстанда неге ондай емес деген сұрақ туады. Халыққа қысқы спорт түрлерін насихаттау қажет.
— Шет ел туралы әңгіме қозғадық қой. Ендеше шет ел спортшылары мен Қазақстан спортшыларына жасалған жағдай бірдей ме?
— Бұл сұраққа әр биатлоншы әр түрлі жауап береді. Жеке маған барлық жағдай жасалған. ЦСКА-дан да үнемі қолдау көрсетіліп тұрады. Ешбір шет елдіктен кем емеспіз. Экономикалық дағдарыс кезінде бұдан жақсы болуы мүмкін емес.
— Барлық жағдай жасалса неге Қазақстандық биатлоншылар әлем кубогы кезеңдерінде тым болмаса үздік 20-лықтан көріне алмайды. Нәтиженің тым төмен болуына не себеп?
— Ия, бұл өте орынды сұрақ. Биатлон тек шаңғы спорты емес. Ол жақта да шаңғыны майлау сияқты кішкене мәселелер жетеді. Бізде оған қос нысана кздеу, демді қалпына келтіру, мылтықты дайындау секілді шұқыма жұмыстар көп. Бірінен қате кетсе барлығы далаға кетеді. Соңғы жылдары Қазақстан биатлоны жақсы дамып келеді. Қалыпты түрде жаңа жобамен дайындалып жүрген жастарымыз әлем чемпионаттарында, жасөспірімдер Олимпиадасында үздіктер қатарында көрініп жүр. Жақын арада әлем кубогында біз де жоғары орындардан көрінеміз.
— Жаңа маусыда іштей ойлаған жоспарыңыз қандай. Қанша дегенмен құрамадағы жасы үлкен спортшылардың бірісіз ғой?
— Азия ойындарын жеңсем деймін. Қазірден бастап сол мақсатты алдыма қойдым. Әрине, әлем кубогында табысты нәтиже көрсетсем тіпті жақсы. Бірақ та менің негізгі мақсатым Азияда чемпион атану.
— Сұқпатыңызға рахмет!
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының жаттығу жиындары 2 қараша күні аяқталады. Маусымдағы алғашқы жарыс Норвегия елінде өтпек. Осы ретте Ресей елінде жаттығып жатқан спортшыларымыз туралы Ресей арналарының бірі шағын материал дайындапты: