Астанада Қазақстан мен Таиланд корольдігінің арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығына орай муай-тайдан халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарысқа 14 кәсіби спортшы қатысуда. Тай боксының кешін ҰҚК-нің төрағасы Кәрім Мәсімов те тамашалады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Турнирде ел намысын 7 кәсіби спортшы қорғайды. Кәсіби спортшылар бас жүлде «Елші Кубогы» үшін сынға түседі. Осы орайда Таиланд елшісі Нам Пиньоваттачип қазақстандықтардың муай-тайды жақсы көретіндігін жеткізді. Сондықтан ол осы спорт түрінен арнайы кеш өткізуді жөн көрген.
«Қос елдің арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 25 жыл толды. Біз Қазақстанның муай-тайға үлкен қызығушылықпен қарайтынын білеміз. Сондықтан осы спорт түрі арқылы өзіміздің Қазақстанға құрметімізді білдіргіміз келді. Біз Таиландтан 4 кәсіби спортшыны алып келдік. Олар Қазақстанның спортшысымен сынға түседі. Сондай-ақ турнирде басқа да спорт мектептерінің өкілдері бақ сынайды. Менің ойымша, осы шара арқылы қазақстандық спортшылар тай боксынан шеберлігін сынауға мүмкіндік алады», — деді елші.
Ал ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев муай-тай турниріне келгендігіне өте қуанышты екендігін айтты.
«Халықаралық муай-тай турниріне қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Жарысқа бірнеше елдің спортшылары қатысып жатыр. Осы турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Спортшыларға сәттілік тілеймін», — деді Ермекбаев.
Қазақстан мен Таиланд корольдігінің арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығына орай өтіп жатқан муай-тай халықаралық турниріне төмендегі кәсіби спортшылар қатысты.
51 келі
Еламан Саясатов
Тачамат Нарапхинит
60 келі
Рауан Досбаев
Саксит Пхатхамат
63,5 келі
Әбіл Галиев
Киартисак Байсетхонг
67 келі
Қазбек Сағындықов
Саттават Соенкхуунтод
71 келі
Рүстем Ақжанов
Бекжан Матысаев
75 келі
Вадим Лопарев
Сагынбайуулу Сыргак
83 келі
Эмиль Умаев
Павел Егоров
Кеш соңында жеңімпаздарды Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов құттықтады.
Ақпарат Baq.kz сайтынан алынды.