Польша елінде джиу-джитсу спортынан ерлер арасындағы әлем чемпионаты жалғасуда. Бұл сында Қазақстан құрамасы екінші алтын медальға ие болды.
Отандасымыз Нортаев Дархан 56 келі салмақта невадза бөлімі бойынша чемпион атанды. Ол финалда отандасымыз Қуандық Қонысовты жеңді. Финалда қос қазақтың айқасуы бірінші рет болып отыр.
«Бұл мен үшін үлкен жеңіс. Бірінші кезекте бұл бапкерім Руслан Абдреевтің арқасы. Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығына да айтар алғысымыз шексіз. Бізге Бразилиялық маман Эдуардо Вэнтура келіп, біліктілігімізді арттырып жатырмыз. Маған сенім білдірген барша жанкүйерлеріме алғыс білдіремін», — деді Нортаев Дархан.
Әлем чемпионатының екінші күнінде жеке және жалпы командалық есепте 46 елден 2000 спортшы қатысты.
Алғашқы алтынды қоржынға 56 келі салмақ дәрежесінде файтинг-жүйеде Франция құрамасының спортшысымен айқасқан Елдос Қабденов салды.
Осылайша Қазақстан құрамасы алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша 2 алтын, 1 күміске ие болды.