Басты бет / Бокс / САДРИДДИН АХМЕДОВ ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

САДРИДДИН АХМЕДОВ ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

 

Спортшы: Садриддин Ахмедов.

Жеткен жетістігі: 2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы

Туған жылы: 1998, 31 ақпан.

Туған жері: Жетісай.

Қоныс аудару: 9 жасында Астана қаласына көшіп келген.

Қазақ боксының болашағы кімдер? — Әрине жастарымыз.

Осыған орай dodasport.kz сайты Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатындағы жас боксшыларымыздың нәтижелерін қалт жібермей жазып отырды. Құрамадағы жалғыз алтынды 18 жасар Садриддин Ахмедов еншіледі. Ол «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келіде ел намысын абыроймен қорғады.

Абыроймен деуге толық негіз бар. Себебі ол әуесқой бокста көп кездесе бермейтін нокаудтар сериясын жасады. Литвалық және Қырғызстандық қарсыластарын нокаудпен жеңді. Алты жекпе-жек өткізіп, алтауында да айқын басымдылықпен жеңді. Спортшы былай дейді:

«Ең алғашқы орыспен болған жекпе-жек ауырлай болды. Қалған кездесулерде өзімді еркін сезіндім. Алдыма тек қана жеңіске жетем деген мақсат қойдым, жеңіске жеттім,

Инстаграм парақшасында сүйіншілетіп, «Садриддин чемпион атанды!» дегенде халық оның ұлты өзбек па деген сұрақтарды қоя бастады. Мүмкін Садриддин деген есім Өзбек халқында көптеп қойылатын шығар. Ендеше бұған да толыққанды жауап таптық.

«Ия, желілерден мені өзбек дегендер көп болды. Біраз өзімді ыңғайсыз сезініп қалдым. Таза қазақтың баласымын. Әкем — қазақ, анам — қазақ. Мен Садриддин — нағыз Қазақ!»

Садриддин Жетісайдың тумасы. Атасы Ахмед үлкен спорт жанкүйері. Әкесінің есімі Әлімхан, анасы Нұргүл. Есімін әкесінің қарындасы қойыпты. Садриддин — арабша есім. Қазақша мағынасы — Ислам дінінің мақтанышы.

«Әпкем інісінің иманды да ақылды, батыр тұлғалы болғанын қалап осы есімді қойды»

Жақында ғана Павлодар қаласында бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жеткен болатын. Ұлттық құрама мүшелері іріктеліп, жаңа құрама жасақталды. Ел намысын қорғайтын боксшылар арасына Садриддин де бар. Әлі жас боксшымыз кіл мықтылардың арасына топ ете қалды десек те болады. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, жастар арасындағы Олимпиада чемпионы, биылғы ел чемпионы Абылайхан Жүсіпов, т.б.

«Ұлттық құрамаға алынғанымды айтты. Бәрі жақсы болады. Мықтылармен бір қатарда жүріп тәжірбие жинаймын.

— Әлем чемпионатынан не үйрендің? Қандай әсер алдың?

— Ең бірінші шыдамдылыққа үйрендім. Алты жекпе-жекке қатарынан шығу оңай емес. Әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Қазақ боксшыларының мықты екенін сезіндім.

— Алтында тек өзің алдың ғой. Басқа боксшыларымызға не жетпеді деп ойлайсың?

— Сәттілік жетіспеді. Көп кездесулерде төрешілер түсініксіз шешім қабылдады. Барлығы да финалда бокстасатындай дәрежеде болған.

— Арманың, алға қойған мақсатың қандай?

— Олимпиада чемпионы болу. Бұл бастысы емес. Одан әрі кәсіпқой боксқа өтіп көк туымызды көтергім келеді. Головкеннен де мықты, әрі бүкіл әлем айтып жүретін боксшы болғым келеді.

— Кімді үлгі тұтасын? Қай боксшылардың жекпе-жегін көп қарайсың?

— Мүмкін болған барлық жекпе-жектерді қарай беремін. Бірақ менің лгі тұтар боксшым жоқ. Ешкім жетпеген жетістікке жететін Садриддин болғым келеді.

— Өзің қатарлы жастарға қандай кеңес берер едің? Әлем чемпионы болу үшін не істеу керек?

— Бірінші Аллаға сеніп, сосын алға қойған мақсатың үшін күресу керек. Дайындық, жаттығу жұмыстары. Керегі осы ғана.

Садриддин тек қана боксшы ғана емес, керемет әнші. Оқу-жаттығу жиындарында гитарамен талай рет ән шырқағанын көргенбіз. Бос уақытын құр өткізбей, пайдалы дүниелермен айналысқанды жақсы көреді екен.

Садриддин әлем чемпионатының финалында Украйналық боксшы Павло Гулмен жұдырықтасқан болатын. Бұдан бұрын естеріңізде болса ол осы қарсыласымен 15 қыркүйек күні Украйнаның Бердичев қаласында ағайынды Кличколар турнирінде кездескен болатын. Сол кезде жарысты тікелей эфирде жүргізіп отырған коментаторлар оң бағасын беріп таң қалысқан болатын. Себебі Садриддин Украйиналық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты. Қазақ боксының жарқын жұлдызы болады деген еді. Бұл сол жолдың тек басы ғана деп сенеміз. Ағайынды Кличколар турниріндегі сол жекпе-жекті «youtube» желісінен көре аласыздар:

Жастар құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев шәкірті туралы:

«Садриддин алдыңғы жылдан бері менің командамда. Қазақстан чемпионы болды. Былтыр Азия чемпионаты мен әлем чемпионаты болмағандықтан тек ірі халықаралық турнирлермен ғана шеттелдік. Испания, Германия, Сербия және Түркия елдерінде болып жақсы нәтиже көрсетті. Барлық жаттығу жиындарында болып тәжірбиесін арттыра түсті. Айтпақшы былтыр ол Азия чемпионатының алдында жарақат алып қалды. Бірақ Украйнадағы турнирді жеңіп шықты. Ахмедов қазір тәжірбиелі боксшыға айналды.

Келесі жылы бұл боксшылар ерлер қатарына өтеді. Ол жерде бірінші номерлі боксшылар бар. Олар өз орындарын оңайлықпен бере қоймасы анық. Данияр мен Абылайхан бар. Жастар арасындағы әлем чемпионы жақсы нәтиже. Бірақ ең қиын сын енді басталды. Қалғаны еңбек етіп, үнемі дайындықта болу.

Физикалық тұрғыдан алғанда Ахмедовта соққы да техникада бар. Әлі өседі деп ойлаймын. Кемшіл тұстары да бар. Бірақ уақыт өте түзейді деп ойлаймын. кемшіліксіз адам жоқ қой. Ұлттық құрамадан орын алуға мүмкіндіктер зор. Енді қалғаны жеке бапкері мен өздерінге байланысты», — деді ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы Ғалым Кенжебаев.

 

 

Сондай-ақ

АБЫЛАЙХАН ЖҮСІПОВ: АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ СӘТТІ БАСТАЛДЫ

69 келі салмақта 2016 жылғы Қазақстан чемпионы Абылайхан Жүсіпов Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатындағы алғашқы …