17-19 наурыз аралығында Грекия астанасы Афинада, джиу-джитсудан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Әлемдік турнирге 45 елден 1000-ға жуық спортшы қатысты. Қазақстанның атынан 41 спортшы Афинаға аттанды. 3 күнге созылған жарыс нәтижесінде ұлттық құрамамыз 14 жүлдеге ие болды. 2 алтын, 3 күміс, 9 қола жеңіп алған Әшім Қали (файтинг) және Сағиев Қуат (неваза) шәкірттері елге абыроймен оралды. Осы ретте, dodasport.kz сайтының тілшісі әлем біріншілігінде 66 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған Сұңғат Закариннен сұхбат алған болатын.
— Джуи-джитсу спорты соңғы жылдары Қазақстанда кеңінен тарала бастады, ал Сіз осы спорт түріне қалай келдіңіз, қанша жасыңызда? Кім себепкер болды?
Джуи-джитсу спортына ең алғаш өзімнің туған аға Кәрімжан Болатұлы әкелген болатын. Осыдан 2 жыл бұрын. 9-шы сынып оқып жүрген кезде.
— Әлем чемпионатының алдында, Алматыда өткен Қазақстан кубогында да жүлде бұйырды. Сол турнир жайында айтып өтсеңіз.
Алматыда өткен Қазақстан кубогында джуи-джитсудың файтинг түрінен – бірінші орын, невазадан – үшінші орын алдым.
— Әлем біріншілігінде Сіздің салмағыңызда 22 спортшы бақ сынады. Чемпионатта Грекия, Израиль, Румыния өкілдерімен күш сынастыңыз. Сіз үшін қай кездесу қиынға соқты?
Алғашқы қарсыласым грек және финалдық кездесудегі румын спортшысымен болған жекпе-жек қиынға соқты.
— Афинада өткен жарыс, Сіздің алғашқы әлем чемпионатыңыз. Бірінші рет қатысып, жеңімпаз атанғанда, қандай әсерде болдыңыз?
Иә, менің алғашқы әлем чемпионатым болды. Әсерімді жеткізе алмаймын (күлді).
— Наурыз айының басында Арманжан Рузахунов джуиджитсудан қазақтан шыққан тұңғыш қара белбеу иегері атанды. Осындай атаққа қол жеткізгіңіз келе ме? Алға қойған мақсатының қандай?
Әрине, ол – менің арманым. Осы атаққа қол жеткізгім келеді. Және алға қойған мақсатым, джиу-джитсу Олимпиадлық спорт түріне енген кезде, Олимп шыңын бағындыру.
— Қазақстан кубогында Маңғыстау облысы командалық есепте бірінші орынға тұрақтады. Осындай табысқа жетуіңіздің басты себепкерлері – Болат Дүйсенбиев пен Ербөлен Құдайбергенов бапкерлеріңіз жайлы не айтысыз?
Менің алғашқы бапкерім – Болат Дүйсенбиев пен Ербөлен Құдайбергеновке алғысымды айтамын. Жетіп жатқан табысым сол кісілердің арқасында деп білемін.
— Алда мемлекеттік емтихан. Мектеп бітіресіз. Спорт сабағыңызға кедергі келтірмей ме?
Иә, алда сынақ. Мемлекеттік емтихан. Спорт саласын таңдағаннан кейін ешқандай кедергі келтірмейді.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Ильяс СӘРСЕНБАЙ.