Басты бет / Мақала / ТАРАЗДАН ШЫҚҚАН ТАРЛАНДАР

ТАРАЗДАН ШЫҚҚАН ТАРЛАНДАР

Қазіргі таңда, әлемде аяқдоптан атой салып жүрген кез келген ұжымды алып қарамаңыз, жастарды футболға баулитын мектебімен мақтанады. Бұл,“теңбілдоп академиясы футбол әлемінде жетекші рөл атқарады“ деген қағиданың айқын дәлелі іспеттес.

Біздің елде де, қарсыласының соққысын қақпаға дарытпайтын – қақпашы, шабуылшылардың адымын аштырмай, тұсап ұстайтын – қорғаушы, қорғаныс пен алдыңғы шептің “алтын көпірі“ – жартылай қорғаушы және де қарсы команда ойыншыларының алқам-салқамын шығаратын шабуылшылардың үлкен футболға келуіне ат салысып, басты себепкерге айналған мектептер баршылық. Дегенмен, бірі шабуылшыларды бабтап, қорғаушыларға зәру. Екіншісінде сапалы қорғаушы болғанымен, “иненің көзінен өткен“ орталықтың ойыншысы жоқтың қасы. Ендігі біреуі, орталықтың жібі түзу ойыншысына жарығанымен, бес қаруын сайлаған “бес аспабы“ жоқ. Аталған сынның барлығы «Тараздан» басқа барлық командаға қатысты. Жамбылдың тасы мен суы өзгелерден ерекпе, әйтеуір, Олимпиада чемпионы, бокс шебері, қарсыласын “мұрынымен жер иіскеткен“ палуанда осы өлкеден.

Әлемдегі нөмірі бір спорт, бұл жақта да кеңінен етек алған. Бүгінде дәурені өтіп, өнерімен сүйсіндірмесе де, мектебінен түлеп ұшқан тарландарымен мақтана алады. Олар кімдер?! Көне көз футболшылардан: ішкі біріншіліктің үздік сұрмергендердің бірі – Олег Литвиненко, футболшы ретіндегі мансабында, бапкерлік ғұмырында да үлкен табыстарға қол жеткізген – Вахид Масудов және Қазақстан футбол федерациясының президенті – Сейділдә Байшақовтар бар. Қазіргі қазақ футболының аға буындары Нұркен Мазбаев пен Мұрат Тілешевтер де, топырағын түртсең тарихқа тұңған Тараз қаласының тумастары. Осы күндері Премьер-Лигада өнер көрсетіп, ұлттық құраманың белді мүшелеріне айналған Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаевтар да, талай жастың томағасын сыпырған «Тараз» академиясының өкілдері. Қазақ футболының ертеңі – жастардың арасында Еркебұлан Сейдахметтің өзі бір төбе. Ресей жерінде көсіліп, бір кездері Еуропа Лигасында топжарған «Зенит» жастар құрамасына алынған, бүгінде Италия топырағында өткізіліп жатқан турнирде Санкт-Петербургтік ұжым атынан сынға түсір жатқан Еркебұлан да тараздық. Бұдан бөлек, «Қайрат» академиясының түлегі болғанымен, түп-тамыры тараздық Нұрлан Дайыров, 14 жасқа толғанша туған қаласында футбол әліпбиімен танысқан. Аталған азаматтардың басым көпшілігі Қазақстан футболына еңбегі сіңсе,енді ғана үлкен футболға бет бұрыс жасаған жастардың жалыны мықты. Бірнеше жылдан соң ағаларымен иық тіресе жүріп доп тебері атық. Енді кезекте, аталған футболшылардың өмірбаянына шолу жасап, спорттық мансабындағы жарқын жеңістеріне көз жүгіртіп өтсек.

Өмірден озғанына 10 жыл өткен Олег Литвиненкодан бастасақ. Шабуылшы 1973 жылы 22 қарашада Жамбылда дүниеге келген. Мансабындағы алғашқы кездесуін, туған жеріндегі «Химик» командасында өткізген. 17 жылын футболға арнаған Литвиненко, ұзын саны 14 команданың жейдесінде, Премьер-Лигада 354 рет жасыл алаңға шығып, 148 голды еншіне байлаған. Бұдан бөлек, Кеңес Одағының кезінде «Химик» (1990) сапында 13 кездесуде 1 гол, «Русь Волгоград» (1991) құрамында 13 матчта 2 допты қақпада тулатқан. Осы көрсеткішінің арқасында, ішкі біріншілікте ең көп гол соққан ойыншылар тізімінде үшінші орында тұр. Қазақстанның бас командасында 1996-2006 жылдары өнер көрсетіп, 28 кездесуде ұлттық құрама үшін 6 гол соққан.

Олег Литвиненконың мансабындағы басты жетістіктердің бірі – өзге чемпионатта доп тепкендігі. 2001 жылы Кипрдің «Эрмис Арадиппу» клубының намысын қорғаған ол, жат елде көп тұрақтай алмай, қайта елге оралған. «Эрмис Арадиппу» өткізген 9 ойында қақпаны дәл көздеу бақыты бұйырмапты. Футболшы 2007 жылы 34 жасында өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болды.

Футболшы ретінде де, бапкерлік қызметте де биіктен көрген – Вахид Масудов жайлы әңгіме қозғасақ. 1956 жылы Жамбылда өмір есігін ашқан ойыншы, жанұясының сүт кеншесі. Аладопты жанына серік етіп, аула футболында өсіп-жетілген Вахид, 11 жасында алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, кейіннен спорт мектебіне шақырту алған. “Былғары доп “ турнирінде өзін жақсы қырынан көрсете біліп, 1977 жылы «Химик» командасына шақырту алады. Осыдан соң, табысқа толы 20 жылдық мансабы бастау алды. Кеңес Одағының кезінде, 14 жылда бес бірдей клубтың намысын қорғап, 308 ойында («Химик», «Хорезм», «Мелиоратор» командаларындағы статистикасы белгісіз) 42 голдың авторы атанған.

Тәуелсіздік алған жылдары «Қайрат», «Достық» командаларында бой көрсетіп, ұлттық құрамаға да шақырту ала бастады. Қазақстан құрамасы сапындағы беташар кездесуін 1992 жылдың 1-ші маусымында Түркменстанға қарсы өткізді. Жалпы, ұлттық құрамада 1992-1996 жылдары өнер көрсетіп, 10 кездесуге қатысқан.

Орталық алаңдағы сапалы ойынымен көзге түскен Масудовқа шет елдерден ұсыныстар түсіп, 1993 жылы күзде немістің «Пройссен 07 Хамельн» клубына ауысады. Осы командада 22 ойында 1 доп соғып, келесі маусымда тағы бір германиялық «Гёттинген-05» ұжымын толықтарады.

1994 жылы Қазақстанға қайта оралып, футболшы ретіндегі соңғы жылдарында «Актюбинец» (15), «Елімай» (27), «Қайрат» (31) секілді клбутарда бой көрсетіп, 13 рет мергендігімен көзге түскен.

Аяқдопшы ретіндегі 20 жылда: «Елімай» (1992), «Қайрат» (1995) командаларында Қазақстан чемпионы, 1992 жылы «Қайратпен» кубок жеңімпазы атанды.

Бапкерлік жолын 1996 жылы «ЦСКА-Қайратта» бастап, қазіргі кезде «Ақжайықтың» тізгінін ұстауда. Өткен жылы турнирлік кестенің түбінде қалған оралдық клубты Премьер-Лигада сақтап қалып, жоғары жеңгейдегі жаттықтырушы екендігін тағыда бір рет дәлелдеді. 11 жылда 17 команданы жаттықтырып, Қазақстан құрамасы (2001-2002) мен 21 жасқа дейінгі жастарды баптады.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейділдә Байшақов 1950 жылы 28-ші тамызда Жамбылда дүниеге келген. Әкесі – Икрам, ағасы – Сейітжанда футболға әуес болған. Футболды аса қастерлейтін отбасыда өскен Сейділдә Байшақов, кәсіпқой футболшы ретіндегі алғашқы кездесуін 1971 жылы «Зенитке» (Ленинград) қарсы өткізген. Жергілікті «Энергетик» командасында көзге түскен қорғаушыға, 1971 жылы «Қайрат» көз салып, қатарларына қосады. Осылайша, алматылық командаға ауысып, 10 жыл өнер көрсетеді. Сол жылдары 296 матчқа қатысып, қақпаға 11 гол соғады.

Қорғаныста сауатты өнер көрсеткен Байшақов, 1977 КСРО құрамасынан шақырту алады. КСРО құрамасының сапында Венгрия (1:2) және Грекияға (0:1) қарсы ойындарға қатысады.

Алматылық «Қайраттың» намысын спорттық мансабы аяқтағанша қорғап, кейіннен бас бапкердің көмекшісі ретінде қызмет атқарады. Ал, 2007 жылдан кешеге дейін, 10 жыл бойы футбол федерациясының вице-президенті ретінде тер төгіп, осы жылдан бастап федерациясының президенті болып тағайындалды.

«Тараздан» түлеп ұшқан тағы бір футболшы – Нұркен Мазбаев. Премьер-Лигада 20 жасында дебюттық ойынын өткізген шабуылшы, қай командаға бармасын, есте қалар жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, «Таразда» 6 маусым өткізіп, ел чемпионы атанып, «Қайсарға» ауысты. Қызылордалық ұжым сапында ішкі біріншіліктің үздік бомбардирі атанып, 33 кездесуде 25 гол соқты. 2002-2003 жылдары «Тобыл» қатарында капитан ретінде доп тебіп, қостанайлық команданың Еурокубоктардағы алғашқы голын өз еншісіне жазады. 1999-2004 жылдар арасында «Синтез» (14), «Жеңіс» (28), «Достық» (15), «Қайрат» (10), «Тобыл» (44), «Ордабасы» (12) командаларында бақ сынап, 35 гол соққан. 2004 жылы туған «Тараз» (85) командасына қайта оралып, 3 маусымда 23 допты қақпаға енгізген.

Клубтық мансабында 400 кездесу өткізіп, 140 допты қарсылас қақпасында тулатқан Мазбаев, 1995-2000 жылдары ұлттық құраманың жейдесінде, 5 жылда небәрі 13 кездесуге жасыл алаңға шыққан. Жарақатына байланысты Қазақстан құрамасында тұрақты өнер көрсете алмаған шабуылшы 2 доп соғады.

Бапкерлік жолын 2008 жылы бастап, 3 командада тер төккен. Және Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жастар құрамасында бапкердің ассистенті, ұлттық құрамада Александр Бородюк келгенше Талғат Байсуфиновтың көмекшісі қызметтерін атқарған.

«Тараздан» тәлім алған тағы бір шабуылшы – Мұрат Тілешев. 1982 жылы 12 сәуірде дүниеге келген жамбылдық, Қазақстанның көптеген командаларында доп тепкен. «Тараз» (63), «Жеңіс» (20), «Шахтер» (26), «Ертіс» (127), «Астана» (16), «Ордабасы» (20), «Ақтөбе» (59), «Жетісу» (27), «Атырау» (19) командаларында 148 гол соғып, Премьер-Лигадағы сұрмергендер тізімінде Нұрбол Жұмасқалиевтен кейінгі екінші орында тұр. 2005 («Ертіс»), 2008 («Ертіс»), 2009 («Ақтөбе») жылдары Премьер-Лиганың үздік бомбардирі атанған. 2003, 2006, 2009 жылдары ел чемпионы, 2010 жылы күміс, 2008 жылы қола медалді иемденіп,  2000 жылы кубокты, 2010 жылғы маусымда Суперкбокты жеңіп алған. Ұлттық құрамада (2004-2007) 8 кездесу өткізіп, 1 гол соққан.

Аяғының желі бар Ұлан Қонысбаевқа келсек. 1998 жылғы әлем чемпионатынан кейін футболға қызыға бастаған жасөспірімнің алғашқы бапкері – Серік Өмірбеков мырза. Мансабындағы алғашқы командасы – «Жамбылда» 42 матчта 5 гол соғып, 2008 жылы «Таразға» ауысады. Жартылай қорғаныста керемет ойынымен көзге түскен Ұлан, 2011 жылы «Локомотив» (Астана) клубына шақырту алады. Елордалық ұжым сапындағы алғашқы маусымында Қазақстан чемпионы, Суперкубок иегері және 2011 жылдың ең үздік ойыншысы атанған. Қарағандылық «Шахтер» қатарында бірнеше жыл өткізіп, 30 ойында 5 допты қақпа төрінен шығарған. 2012 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы, 2013 жылғы маусымда Премьер-Лигада күмісті олжалағаннан соң, «Астана», «Қайрат» сынды клубтарда өнер көрсетеді. Ұлттық құраманың намысын  2011 жылдан бастап қорғап келе жатқан жартылай қорғаушының соңғы командасы —  «Атырау» болатын. Өткен маусымда Қытай құрамасына қарсы жолдастық кездесуде ауыр жарақат алып, әлі күнге дейін емделу үстінде. Италияда аяғына ота жасатып, жаттығуларға қайта кірісуде.

Жаста болса, бас болып жүрген Бауыржан Исламхан жайлы сөз қозғасақ. Бауыржан 1993 жылы 23 ақпанда дүниеге келген. 2011 жылы «Тараз» құрамына шақырту алып, үлкен футболдағы алғашқы қадамын жасайды.

Жастар арасындағы “Достастық кубогында“ өзіндік ойын мәнерімен, техникасымен көзге түскеннен соң, Ресей және Украина командалары көз сала бастады. Қазандық «Рубин», донецтік «Металлург» клубтары қызығушылық танытқанымен, 2013 жылы «Кубань» командасымен келісімге келіп, краснодарлық ұжыммен 3 жылдық келісім-шарт жасасады. Дегенмен, айында-жылында тізімге ілініп, маусымның соңын дубльде өткізеді. Осы кезде «Астана» тарапынан ұсыныс түсіп, Мирослав Беранек баптайтын клубқа  жарты жылға жалға беріледі.

2014 жылдың ақпанында «Қайрат» басшылығы ресейлік командамен келісімге келіп, 3 жылдық келісім-шарт жасасады.

Оңтүстік астаналық ұжымға келісімен жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көп өтпей-ақ капитандық қызметке кіріседі. «Қайрат» командасында  Премьер-Лигада 2014 жылы қола медаль, 2015, 2016 жылдары күміс медалді жеңіп алады. 2014, 2015 жылдары кубоктық бәсекеде үздік атанып, өткен жылы кубок финалисі атанды. «Қайрат» құрамындағы 4 жылда екі мәрте Суперкубокты жеңіп алған.

2016 жылы британдық ВТ Sport телеарнасы Еуропа Лигасының қорытындысы бойынша турнирдегі үздік голдың авторы — Исламхан деп тапты. 24 жасар ойыншы Еуропа Лигасының іріктеу сынында «Абердинге» керемет гол соққан болатын.

21 жасқа дейінгі құрама қатарында 24 кездесу өткізіп, 6 гол салған. Ал, ұлттық құрама қатарында 2012 жылдан бастап өнер көрсетіп жүр. Самат Смақовтың құрамадан кетуіне байланысты, Қазақстан құрамасының жаңа капитаны болып сайланды.

Таразда туған аяқдопшылар қатары әлі толастар емес. “Гранаткин Мемориал“ жарысында шабуылшылық қырымен көрінген Еркебұлан Сейдахмет, бүгінде «Зенит» жастарымен Италияда өтіп жатқан турнирде бақ сынауда. Күні кеше топтық турнирдің соңғы ойынында америкалық команда қақпасына покер (төрт гол) жасап, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған скаудтардың көзіне түсуде.

Қазақ футболының болашағы – жастардың қарымы мықты. Көздерінде оты бар. Федерация тарапынан жастар мен жасөспірімдер футболына көп көңіл бөлінуде, бұйырса, бірер жылда Еуропада доп тебетін жастарымыз молынан шығып, футболымыз жаңа деңгейге көтеріліп қалар.

Мақала авторы: Ильяс СӘРСЕНБАЙ.

 

Сондай-ақ

АТЫМДЫ АБЫЛАЙХАН ҚОЙҒАН СОҢ…

19 жасында Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, 20 жасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Абылайхан …