Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу матчтарын жалғастырмақ. Бұл жолғы қарсыласымыз — Армения. Математикалық тұрғыда топтан шығып, Әлем чемпионатына баруға әлі де мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, футбол мамандары мен жанкүйерлер ұлттық құраманың әлемдік мундиальға баратынына сенім білдірмейді.
Арменияға аттанбастан бұрын жігіттеріміз Кипрге барып, жергілікті құрамамен жолдастық кездесу өткізіп қайтты. Әліміздің жеткені бір ғана гол. Ал қарсыластарымыз үш гол соғып, жеңісті жұлып алды. Бір қызығы Кипр соңғы бес жылда тек Андорра, Гибралтар және Қазақстан ұлттық құрамасына ғана үш голдан соққан екен. Еуропаның ортаңқол командасына саналатын Кипр футболшылары бірінші таймда көсіліп ойнай алмады. Алма-кезек шабуылдардың бірінде ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, қарымта шабуылға жылдам шыға білген қазақ жігіттері Таңат Нөсербаевтің өкшемен соққан әдемі голы арқылы есепте алға шыққан. Алайда екінші таймда Кипр басымдылықты қолға алып, жауапсыз үш гол соқты. Бұл кездесудің есебіне аса қатты қынжыла қоймасақ та, Армениямен өтетін жауапты кездесу алдында футболшыларға психологиялық тұрғыда кері әсерін берері анық. Дегенмен, ұлттық құрама сапында жаттықтырушы ретінде деюбтті кездесуін өткізген Александр Бородюк Кипрге қарсы ойыннан сабақ шығарып, Арменияға қарсы ұтымды тактика қолданады деп сеніп отырмыз.
Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде төрт ойыннан кейін 2 ұпаймен «Е» тобында соңғы орында келе жатыр. Көш басында 10 ұпаймен Польша тұр. Черногорияда 7 ұпай бар, Данияда — 6, Румынияда — 5. Топтағы басты қарсыласымыз Арменияда 3 ұпай бар.
- Армения мен Қазақстан осыған дейін өзара бес рет кездескен (Арменияда 3 жеңіс, 1 тең нәтиже, Қазақстанда 1 жеңіс)
- Қос құраманың соңғы кездесуі Арменияның пайдасына 3-0 есебімен аяқталған (05.06.2012 Ереван)
- Қос құрама арасындағы алғашқы кездесу 2004 жылы Кипрдегі турнирде өткен. Матчтың негізгі уақыты 3-3 есебімен тең аяқталған. Матч соңындағы пенальтиді 3-2 есебімен Қазақстан пайдасына шешкен.
- Қазақстан ұлттық құрамасы 6 ойын қатарынан жеңіске жете алмай келе жатыр (2 тең нәтиже, 4 жеңіліс).
- Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы рет Қытайға қарсы жолдастық кездесуде жеңіске жеткен (07.06.2016 ).
- Армения соңғы өткізген бес матчтың тек біреуінде ғана жеңіске жеткен (1 жеңіс, 4 жеңіліс)
- Қазақстан Арменияны 10 жыл бұрын жеңген (Армения 0-1 Қазақстан)
- Дәл қазір Армения әлем рейтингінде 85-орында келе жатыр, ал Қазақстан 94-орында тұр.
Қазақстан ұлттық құрамасының осы іріктеу кезеңіндегі нәтижелері:
04.09.2016 01 | Қазақстан — Польша | 2:2 | |
08.10.2016 02 | Черногория — Қазақстан | 5:0 | |
11.10.2016 03 | Қазақстан — Румыния | 0:0 | |
11.11.2016 04 | Дания — Қазақстан | 4:1 |
Армения ұлттық құрамасының осы іріктеу кезеңіндегі нәтижелері:
04.09.2016 01 | Дания — Армения | 1:0 | |
08.10.2016 02 | Армения — Румыния | 0:5 | |
11.10.2016 03 | Польша — Армения | 2:1 | |
11.11.2016 04 | Армения — Черногория | 3:2 |
«Е» тобындағы турнирлік жағдай:
1 | Польша | 4 | 3/1/0 | 10-5 | 10 |
2 | Черногория | 4 | 2/1/1 | 9-4 | 7 |
3 | Дания | 4 | 2/0/2 | 7-5 | 6 |
4 | Румыния | 4 | 1/2/1 | 6-4 | 5 |
5 | Армения | 4 | 1/0/3 | 4-10 | 3 |
6 | Қазақстан | 4 | 0/2/2 | 3-11 | 2 |
«Е» тобында Армения мен Қазақстаннан бөлек Черногория мен Польша және Румыния мен Дания өзара кездесу өткізбек. Осы турдан кейін ұлттық құрамалар маусымға дейін демалыс алады.
Естеріңізге сала кетейік, Армения мен Қазақстан арасындағы матч 26 наурыз күні Ереван қаласында өтеді. Матчтың басталуы Астана уақытымен 22-00 де. Кездесуді «Казспорт» арнасынан тікелей эфирде көре аласыздар.