Басты бет / Допинг / ҚАН СЫНАМАЛАРЫ НЕ ҮШІН ҚАЙТА ТЕКСЕРІЛДІ?

ҚАН СЫНАМАЛАРЫ НЕ ҮШІН ҚАЙТА ТЕКСЕРІЛДІ?

Жалпы қазақ спортының жанкүйерлері ғана емес, бүкіл әлем WADA (Бүкіләлемдік допингке қарсы ұйым) ұйымына наразылық танытып жатыр. Бір емес, бірнеше Олимпиада чемпиондарымыздың қан сынамаларынан қайта тексеру кезінде тыйым салынған дәрі-дәрмектер табылғаны анық. Ал енді біз осы мәселені Сіздерге толық түсіндіріп көрсек?!

Мәселе қандай тыйым салынған препараттар жөнінде болып жатыр?

Барлық төрт чеммпионымыздың қанынан станозолол табылған. Одан бөлек Илиннің қанынан Dehydrochloromethyltestosterone және Чиншанлоның қанынан оксандролон (Oxandrolone) препараттары табылды. Аталған препараттардың барлығы WADA ұйымының тыйым салған дәрі-дәрмектерінің қатарына кіреді.

Тек қана Қазақстандық спортшылар зардап шегіп жатыр ма?

ЖОҚ! Қазақстандық спортшылардан бөлек: Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қытай және Украина спортшылары да қайта тексеру кезінде допингпен ұсталды.

Спортшыларды қандай жаза күтіп тұр?

Барлық төрт спортшымыз Лондон мен Пекин олимпиадасында жеңіп алған медальдарын қайтарып береді. Оларды ұзақ уақытқа (2 жылдан 4 жылға дейін) спорттан шеттетуі мүмкін. Ал Подобедова бұған дейін де допингпен ұсталғандықтан, өмір бойы спортан шеттетіледі.

Не үшін қан сынамаларын қайта тексерді? 

WADA — тәуелсіз ұйым. Олардың шешіміне Олимпиада комитеті бағынады. Әр 10 жыл шамасында WADA-ның лабораториясына қан сынамасын тексеретін жаңа технолоиялар келеді. Яғни, ескі технология таба алмаған препараттарды жаңа технологияның көмегімен табады. Заң бойынша осы 10 жыл аралығындағы барлық жарыстағы спортшылардың қан сынамалары арнайы WADA лабораториясында сақталады. Демек, ескі технолоия таба алмаған дәрі-дәрмекті жаңа технология көмегімен табуға болады. Одан бөлек, WADA-ның биылғы белсенді тексерісіне Ресей жеңіл атлеттерінің өте көп мөлшерде допингпен ұсталуы да әсер етті.

Спортшылар жайлы не білеміз?

Илья Илин — қазақстандық тұңғыш олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы (2008, 2012), әлемнің төрт дүркін чемпионы (2005, 2006, 2011, 2014) және Қазақстан чемпионы . Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. «Динамо» спорт клубының құрамында өнер көрсетеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аға лейтенанты.

Зульфия Чиншанло —  қазақстандық ауыр атлет, 2009, 2011 және 2014 жылдары әлем чемпионы, 2012 жылғы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы. Ұлты — дүнген.

Майя Манеза —  ауыр атлетикадан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі. Ауыр атлетикадан 63 кг дейінгі салмақ дәрежесінде екі жаттығу жиынтығы бойынша 246 кг жинаған әлем чемпионы (Оңтүстік Корея, 2009), ал 2011 жылы күміс жүлдегер. Серпе көтеруден 141 кг көтеріп, әлемдік рекорд жасаған. 2012 жылғы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы. Ұлты — дүнген.

Светлана Подобедова — Қазақстандық зілтемірші (ауыр атлет). Ресейден (Зима ауылынан) қоныс аударып келген спортшы. 2007 жылға дейін Ресей құрамасы сапында болған. 2007 жылы Светлана Қазақстан азаматтығын қабылдады. Екі дүркін Әлем чемпионы (2009, 2010), екі дүркін Еуропа чемпионы (2004, 2005), Қазақстан чемпионы (2010, 2011, 2012), Азия (2009) және Азия ойындары (2010) чемпионы атанған. 2011 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жұлқи көтеруде 134 кг салмақпен Әлем рекордын орнатқан. Қос сайыс бойынша 295 кг салмақтағы Әлем рекордын да Светлана Подобедова орнатқан. 2012 жылғы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы.

Лондон Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстанда қанша медаль қалады?

Егер, барлық спортшыларымыздың медальдары кері қайтарылса, Лондон Олимпиадасында Қазақстан еншісінде үш алтын, бір күміс және бес қола медаль қалады. Жалпы есепте 12-орыннан 24-орынға төмен түсеміз.

Сондай-ақ

ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН ГОЛОВКИН КІМДІ ҚҰЛАТТЫ?

  Осыдан үш жыл бұрын, 2013 жылдың 2 қарашасы орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин …