Канадалық кәсіпқой боксшы Давид Лемье (39-4, 33 KO) қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақта WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы белбеуіне басты үміткер атанды.
Лас-Вегастағы «T-Mobile Arena»-да өткен, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің екінші жекпе-жек кешінде, Давид Лемье қарсыласы ирландиялық боксшы Гэри О’Салливанды (28-2, 20 КО) бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Жекпе-жектен кейін Давид, Геннадий Головкинмен де және Сауль Альвареспен де қолғап түйістіргісі келетіндігін айтты.
Головкин мен Альварестің жекпе-жегіне дейін, белгілі болғандай Лемье мен О’Салливан арасындағы кездесудің жеңімпазы, орта салмақта WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы белбеуінің иегерімен шаршы алаңда кездесу тиіс.
Сауль Альварес — Геннадий Головкинді төрешілердің шешімімен — 115-113, 115-113 114-114 есептерімен жеңіп, Канело орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша Әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Давид Лемье — Сауль Альварестің WBA нұсқасы бойынша міндетті қарсыласы атанды.
Айта кетсек, Геннадий Головкин мен Давид Лемье 2015-ші жылы жекпе-жек өткізген болатын. Ол Головкин сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.