УЕФА Ұлттар лигасының төртінші кезеңі аясында Испания құрамасы өз алаңында Англия құрамасын қабылдайды.
Ойын бүгін, 15-ші қазаннан 16-шы қазанға қараған түні, Севилья қаласының «Бенито Вильямарин» стадионында өтеді. Астана уақыты бойынша сағат 00:45-те басталатын кездесуді отандық «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Ойынға поляк маманы Шимон Марчиняк өз тобымен төрелік ететін болады.
Бүгінгі ойынға дейінгі кесте бойынша, Ұлттар лигасы А лигасының 4-ші тобында Испания құрамасы алты ұпаймен бірінші орында, Англия құрамасы мен Хорватия құрамасы бір-бір ұпаймен екінші және үшінші орындарда тұр. Егерде Испания құрамасы бүгінгі ойында жеңіске жететін болса, бірінші орынмен келесі кезеңге жолдама алатын болады.
Айта кетсек, бұған дейін Испания құрамасы мен Англия құрамасы жасыл алаңда 26 мәрте кездескен. 10 кездесуде Испания жеңсе, 13 кездесуде Англия жеңіске жетіп, ал 3 ойын тең аяқталған.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттар лигасының бірінші кезеңі аясында Англия құрамасы қарсыласы Испания құрамасына 1:2 есебімен есе жіберді. Екінші кезеңде Испания құрамасы өз алаңында Хорватия құрамасын 6:0 есебімен тас-талқан еткен болатын. Ал үшінші кезеңде Хорватия құрамасы мен Англия құрамасы 0:0 есебімен тең ойнады.
Сурет: «Qazsporttv» Instagram парақшасынан