Атырау қаласында тұңғыш рет Олимпиадалық спорт түрінен рейтингтік турнир өтті. Таеквондодан дәстүрлі «Kazakhstan open» Халықаралық турнирі бүгінде G-1 рейтингін еншіледі. Яғни спортшылар жалпы есепте Олимпиадаға ұпайлар жинайтын болады.
Биылғы турнирге әлемнің 20 елінен 400-ден астам спортшы қатысты. Өз салмағында жеңіске жеткен таеквондошы әлемдік рейтингте 10 ұпайға қол жеткізді.
Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 6 алтын, 6 күміс және 17 қола медаль алды. Иран құрамасы дәл осындай алтын алғанымен, 4 күміс және 1 қола медальді қанағат тұтты. Үшінші орындарды бір-бір алтынымен Вьетнам, Индонезия, Өзбекстан құрамалары еншіледі.
Қазақстан құрамасы бұл сайысқа ең мықты деген ұлттық құрама сапындағы спортшыларды қосты. Ұлттық құрамадан Дүйсебай Смайл, Жансель Дениз және Ерасыл Қайырбек чемпион атанды. Одан бөлек Батыр Айнагүл (SC Astana-batr), Исметоллаева Шохноза (Маңғыстау) және Жүнісова Мереке (Ақтөбе) бірінші сатыдан көрінді.