Басты бет / Басқа түрлер / АУЛА КОМАНДАЛАРЫ АРАСЫНДА ҮЗДІК ҰЖЫМ АНЫҚТАЛДЫ

АУЛА КОМАНДАЛАРЫ АРАСЫНДА ҮЗДІК ҰЖЫМ АНЫҚТАЛДЫ

 

Бүгін, «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында Алматыда аула командалары арасында футбол лигасының кезекті ойындары өтті. АУЭС (Алматы энергетика және байланыс университеті) университетінің футбол алаңында сегіз жастан жоғары қалаушылардан құрылған ұжымдар кездесті.

Жарыстар екі жастық категория бойынша өткізілді: біріншісі, «А» лигасы – 8 жастан 14 жасқа дейін, ал екіншісі, «В» – 15 жастан жоғары. Осы турнирге 1000-ға жуық спортшы қатысты. Оның ішінде «А» лигасында 46, ал «Б» лигасында 60 ұжым          сынға түсті.

Ойынның нәтижесі бойынша, «А» лигасының финалында ФК «Юниорс» «Асқар Голд» ұжымын 2:1 есебімен  жеңіп, алтын медальді иеленді. Ал қола жүлдерлері «Марсель» командасының ойыншылары атанды. «Б» лигасының ойыншылары арасында «QLP» командасы «Ақтөбені»  2:0 есебімен жеңіп, бірінші орын алды. Ал үшінші орын «Сарыбастау» ұжымына берілді.

— Бүгінгі қарсыластарымыз мықты болды, осал емес. Оларға ойын үшін, сіздерге осы турнир үшін алғысымызды білдіреміз. Мұндай жарыс-ойындары дарынды футболшыларды анықтауға ықпал етеді. Биыл, бірінші рет қатысудамыз. Финал бізге қиын берілді. Бірақ, осыншама топтан финалдық ойындарға жеткеніміз, біз үшін үлкен бақыт. Жалпы, футбол дамып, елге танылып жатқаны қуантарлық жайт, — деп әсерлерімен бөлісті «Асқар Голд» командасының ойыншысы Темірлан Жасбаев.

Ұжымдардың санына, өз кезектерін сарыла күткеніне қарамастан, спорттық шараның қатысушылары ырза болып қалды, сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігіне осындай мүмкіндік үшін өз алғыстарын шын жүректен білдірді. «ФК Юниорс» ойыншыларының айтуынша, футбол – олар үшін жай ғана ойын емес, өмір мәні.

— Біз финалға дейін жеткеніміз үшін аса қуаныштымыз. 46 топтың ішінен финалда ойын көрсетіп, жеңімпаз атану, барлық ұжымдардың қолынан келе бермейді. Бүгін біз үшін ең қуанышты күн. Негізі, біз күтпеген жерден жеңдік, бұл камбэк болды. Ойынның басында 1:0 есебімен жеңіліп келе жатқан едік, бірақ кейінен есепті теңестірдік. Ал ойынның соңына бірер минут қалғанда, шабуылшымыз гол соғып, 2:0 есебімен жеңдік, — деп қорытындылады «ФК Юниорс» командасының ойыншысы Даниал Алғыров.

Айта кетсек, шағын футбол турнирлері Алматы қаласының спорт және дене-шынықтыру басқармасының қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – қала тұрғындарын спортпен айналысуға үгіттеу, шақыру. Сонымен қатар, бұқаралық және қолжетімді спорт түрлерінің бірі, футболды насихаттау.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Спорттық Алматы» басқармасының атынан дипломдар мен медальдермен марапатталады. Сондай-ақ, ең жақсы қақпашы, қорғаушы мен шабуылшы номинациялары бойынша марапаттаулар да болады.

«Спорттық Алматы» ауқымды қалалық бағдарламасы спорттың барынша дамуына, спортты дәріптеуді, белсенді тынығуды насихаттауға бағытталған. «Спорттық Алматы» өткен жылдың басында бастау алып, қала тұрғындарын спорттық-бұқаралық шаралармен қуантып келеді.

Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

 

Сондай-ақ

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ӘЗІРГЕ АЛТЫН БҰЙЫРМАУДА

Атырау қаласында таеквондодан тұңғыш рет жастар арасындағы Азия чемпионаты өтуде. Екі күнгі жарыс қорытындысы бойынша …