Наурыз айының 23-26 аралығында Атырау қаласында кикбокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен болатын. К-1 түрі бойынша чемпион атанып, ерекше техникасымен көзге түскен Оңтүстік Қазақстандық спортшы Омар Нұрболатқожа dodasport.kz сайтына сұқбат берді.
Жалпы Омар Нұрболатқожа кикбокстан бөлек Муай-Тай спортынан әлем чемпионатының чемпионы, әлем кубогының иегері және Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы болып табылады.
«Биылғы чемпионаттағы қарсыластарымының барлығы осал болмады. Әсіресе финалдық жекпе-жектің мен үшін маңызы зор. Себебі Қарағандылық Орал Даниярмен кикбокстан ел чемпионатында осыған дейін екі рет жолығып, екеуінде де жеңіліп қалдым. Осы жолы кеткен есемді қайтарып алдым».
Омар Нұрболатқожа Қазақстан чемпионатында чемпион атану үшін үш жекпе-жек өткізді. Соның ішіндегі финалдық жекпе-жегі оңайға түспегені анық. Себеі Орал Данияр осы уақытқа дейін К-1 түрі бойынша Қазақстанның номері бірінші спортшысы атанып келген болатын.
Былтыр, 2016 жылы наурыз айында өткен Муай-Тай спортынан Қазақстан чемпионатында Нұрболатқожа чемпион атанса, биыл да чемпион атанып отыр. Бірақ кикбокс спорты бойынша. Осы екі спорттың айырмашылығы қандай? Неге ол екі спорт түрімен қатар айналысуды жөн көрді?
«Екі спорттың айырмашылығы аса көп емес. Бірақ кикбокс спорты муай-тайға қарағанда сәл қиынырақ. Кикбокста соққыларды шынтақпен немесе тіземен көбірек жасаймыз. Шаршы алаңдағы уақыт та көбірек. Спорттың оңай жоқ. Барлығы қиын».
Ендігі мақсат қандай? Муай-тай немесе кикбокс?
«Мен муай-тай спортынан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Ендігі мақсатым осы атақты кикбокс спортынан да еншілеу. Алда Ашхабадта өтетін Азия чемпионаты мен Бразилияда өтетін әлем чемпионаты бар. Осы жарыстарда топ жаруға, қазақтың көк туын биік ұстауға тырысамыз».
Спортқа қалай келдің?
«Сайрам ауданы, Жұлдыз ауыында дүниеге келдім. Біздің ауылдың үлкен кішілерінің барлығы кикбокспен айналысатын. Мен де қалмай кішкентайымнан кикбокс үйірмесіне бардым. Муай-тайға осы кикбокс арқылы келдім. Жаттықтырушым Қуандық Сұлтан муай-тай спортынан жаттықтырушы. Ол бізге кикбокспен қатар муай-тайды алып келді. Жалпы Шымкентте 2015 жылға дейін Муай-тай спорты болған емес. 2015 жылы ғана федерация құрылып, мен де жаттықтырушыммен осы спорт түріне ауыстым. Бірақ кикбоксты да қатар алып жүрдім».
Оңтүстік Қазақстан облысының спортшысы Омар Нұрболатқожа Кикбокстан әлем чемпионы болуды мақсат қойыпты. Мақсатыңа жете бер Нұрболатқожа!