Бүгінде Қазақстандық Джиу-джитсушылар әлемдік аренада өздерін таныта бастады. Жастарымыз өсіп, керемет нәтижелерге қол жеткізіп жүр. dodasport.kz сайытның тілшілері сіздерге соңғы Афинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлерін таныстыруды бастамақ. Солардың бірі 19 жасар әлем чемпионы Дархан Нортаев.
Дархан Нортаев 1997 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Кішкентай кезінде отбасымен бірге қоныс аударып, бүгінде Астана қаласының тұрғыны. Қазақстан джиу-джитсу спорты тарихында Дарханның есімі бүгіннің өзінде жазылып отыр. Джиу-джитсудың «Невада» түрі бойынша елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы осы Дархан.
Бірақ спортшымыз әлі жастар арасында бәсекелерге қатысып жүр. Соның бірі жақында ғана Грекияның Афина қаласында өткен әлем чемпионаты. Бұл сайысқа Дархан құраманың көшбасшысы ретінде барды. Нәтижесінде қола жүлде. Алтын алу үшін не кедергі болды? Спортшы айтып берді.
— Афинаға бармастан бұрын салмағым 62 келі болды. Кейін жарысқа 56 келіде шығу үшін салмақ қууға тура келді. Алты келі аз салмақ емес. Сондықтан шығар физикалық тұрғыдан сәл әлсіздік болды. Осыдан бұрынғы әлем чемпионаттарында да 56 келіде күресіп жүрдім. Бірақ жылма-жыл бір орында тұра бермейміз. Өскен сайын салмағым да ауырлай бастайды. Ендігі мақсатым жаңа салмаққа ауысып, жақсы нәтиже көрсету.
Дархан осы уақытқа дейін Польша, Испания, Грекия, БАӘ, Түркіменстан және Грузия секілді мемлекеттерде болады. Естен кетпес ең қызықты сапары Испания елінде өтіпті.
— Испания елі есімде ұзақ қалатыны сөзсіз. Себебі мен сол жерде алғаш рет әлем чемпионы атағын жеңіп алдым. Жетістіктерімнің, өз-өзіме деген сенімділіктің пайда болған жері осы Испания.
Дархан джиу-джитсу спортының негізгі ошағы саналатын Бразилия еліне барып оқу-жаттығу жиынын өткізгісі келетінін айтты. Одан бөлек Түркіменстанда өтетін Азия ойындары бар. БАӘ мен Колумбияда өтетін әлем біріншіліктеріне тыңғылықты дайындаламын дейді.
Спортшының жеткен жетістіктері:
- 2016 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионы. Польша
- 2017 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Афина.
- 2016 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ашхабад
- 2016 жылғы жастар арасындағ әлем чемпионы. Испания
- 2016 ересектер арасындағы Бразилиялық джиу-джитсудан әоем чемпионы. БАӘ
- Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпионы.