Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев өзінің алтыншы айқасын өткізу үшін АҚШ-тың Чикаго қаласына келді. Оның алдағы қарсыласы никарагуалық панчер Орландо Ризо.
Кәсіпқой бокста 2008 жылдан бері жүрген Орландо оңай шағылар жаңғақ емес. 32 жасар боксшының еншісінде 28 жекпе-жек бар. Оның 19-ында жеңіске жеткен. 11 қарсыласын нокаутқа түсірген. Бүгін боксшылардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Ал 29 сәуір күні біздің уақытпен таңертеңгілік мезгілде жерлесіміз сегіз раундтық айқасқа шығады.
– Қазір оңай қарсылас қалған жоқ. Әр боксшыға тыңғылықты дайындаламыз. Ризоны да аз-кем зерттеп үлгердім. Солақай боксшы екендігі бірден өзіне назар аудартты. Тәжірибелі, әрі әккі боксшы екені көрініп тұр. Бір соққымен жекпе-жек тағдырын шешіп тастағысы келетін боксшылардың қатарынан екен. Дегенмен, егер оған төбелес керек болса, мен дайынмын. Мен де нокаутты жақсы көремін. Маған да керегі сол. Оның үстіне, Майамидегі дайындығым жақсы болды. Кубалық маман Осмири Фернандестен біраз нәрсе үйрендім. Шаршы алаңға шығып, Ризомен бетпе-бет қалуымды асыға күтіп жүрмін. Жанкүйерлерімді жарқын жеңісіммен қуантуға тырысамын, – деді Айдар Шәрібаев.
Соңғы жекпе-жегін 17 наурыз күні Майамиде өткізген Шәрібаевтің еншісінде бес айқаста бес жеңіс бар. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңген ол бүгінде чемпиондық айқасқа кубалық маман Осмири Фернандестің қарамағында дайындалуда.