Сәуірдің 27-і мен 28-і күндері Алматыда, «Нархоз» университетінің спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спартакиада өтеді.
Айта кетер жайт, жарыс «Спорттық Алматы» жобасы аясында ұйымдастырылмақ, сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыруды, ерекше жандарға тең мүмкіндіктер жолын жасауды көздейді.
Қатысушылар спорттың 11 түрінен додаға түседі. Атап өтсек: жүзу, үстелдегі теннис, шахмат, жеңіл атлетика, шағын футбол, бадминтон, тоғызқұмалақ, пауэрлифтинг, шашка, грек-рим және еркін күрес.
Жарыстар жас ерекшелігіне шектеулік қоймайды, есту, көру қабілеттері зақымданған кез келген жастағы әйелдер мен ер адамдар қатыса алады. Алайда, медициналық рұқсаты болуы қажет. Олар екі күн бойы стандарты ережелер бойынша қалаған спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен медальдермен ұйымдастырушылар атынан марапатталады.
«Спорттық Алматы» бағдарламасы алып шаһардағы жаппай спорттың дамуына, қала тұрғындары арасында белсенді тынығуды елге танытуға бағытталған.
Мекен-жайы: «Нархоз» университетінің спорт кешені, Жандосов көш-сі, 53а. Уақыты: 9:00