Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін марафонға тіркелудің соңғы күні.
Марафонда он шақырым қашықтыққа дейін жүгіру «Атырау» халықаралық әуежайынан және 21 шақырымға жүгіру «Мұнайшы» стадионынан бір мезетте 6 мамырда сағат 10.00-де басталады.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Атырау, марафонды қолдап отырған, үшінші қала екендігін атап өтті.
— Қазір 2-3 аялдамаға дейін жаяу жүруге ерінетіндер көп. Қалаған жерімізге көлікпен баруға үйреніп қалғанбыз. Бұл марафон, әсіресе жастар үшін өз күшін сезініп, спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік. Сол үшін марафонға қатыспайтын адамдарды да қызығушылығын ояту үшін марафон шарасын қарауға шақырамын, — деді Ольга Шишигина.
Айта кету керек, қашықтыққа жүгірушілермен бірге полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері де жолға шығады. Қатысушылар жүгіруді жалғастыра алмайтындай жағдай орын ала қалған кезде шұғыл көмекке келетін арнайы автобус қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жол бойына (әуежай, Махамбет алаңы) су тарататын стационарлық және медициналық пункттер орналастырылады.
Марафонға қатысушыларға ыңғайлы болуы үшін 6 мамыр күні сағат 8:00-де орталық Исатай мен Махамбет алаңынан әуежайға дейін автобустар жүреді.
Жеңімпаздар «Мұнайшы» стадионында 8 аталым бойынша марапатталып, марафон құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен тегін концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Нұрбейбіт Нұғыманов. Сурет автордікі