Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллинаның пәтерін тонады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Қазақстан жаңалықтары.
Габидуллина 2017 жылы 29 сәуірде полицияға арыз берген. Белгісіз біреулер оның пәтеріне кіріп, бағалы заттары мен ақшалай қаражатын ұрлап кеткен, келтірілген материалдық шығын сомасы 1,35 миллион теңгені құрайды.
Аталмыш дерек ҚР ҚК 188-бабы бойынша аса ірі көлемдегі тонаушылық ретінде сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында, Жамбыл облысы полицейлері жедел іздеу шараларын жүргізіп, А. азаматты ұстады.
Күдіктіге қарсы айыптау актісімен бірге қылмыстық іс 2017жылы 31 шілдеде сотқа жіберілді.
Рио паралимпиадасының чемпионы “Тараз-Арена” спорт сарайының қасында, өзіне сый ретінде арнап салынған пәтерде тұрады.
“Біз қызымыз екеуміз үйде болмаған кезде ұрылар кірген. Менің де, қызымның да барлық заттарын алып кетіпті. Сірә, олимпиада медалін іздеп, бірақ таппай кеткен секілді. Біз ешқашан жасырмайтын құнды заттарды алып кеткен. Ал олар біздің итті электрошокпен құлатып тастаған, соған қатты қиналдық”, – дейді спортшы.