Қазақстан Республикасы Кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек ЕСЕНТАЕВПЕН арада болған әңгімеде кикбоксингтің бүгіні мен келешегіне қатысты мәселелерді жан-жақты қамтуға тырыстық.
– Тастанбек Құтжанұлы, бір кездері ел спортын басқарған білікті маман ретінде спорттың, оның ішінде жекпе-жек түрлерінің біздің қоғам үшін қаншалықты қажет екендігіне тоқтала кетсеңіз.
– Әңгіменің басында мынадай қызықты деректі айта кеткім келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам баласының денсаулық кепілділігі 50 пайыз өз қолында екен, 20 пайызы қоршаған ортаға байланысты. Тағы бір 20 пайызы ата-анадан берілетін текке арқа сүйейтін көрінеді. Ал тек 10 пайызы ғана медицинаға тәуелді дейді.
Халықаралық дене шынықтыру және спорт хартиясының өзінде кез келген мемлекет адам баласының спортпен айналысуына міндетті түрде жағдай жасауы керек деп жазылған. Сондықтан, дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт өсіргіміз келсе, спортпен мәңгі дос болу – міндетіміз! Бір ғана мысал айтайын, мына Чешенстанда президент Рамзан Қадыров аралас жекпе-жек түрлерін дамытуға көп күш салып жатыр. Мұнда ММА және жекпе-жектің басқа да түрлерінен турнирлер жиі өте бастады. Қадыров осылайша спорт арқылы чешен жастарын дұрыс жолға салуды мақсат еткен. Өте құптарлық іс.
Біз де өз әлімізше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындап берген міндеттер – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, оларды саламатты өмір салтына бейімдеп, жүректі де білекті етіп өсіру ісіне үлесімізді қосқымыз келеді. Қазіргі таңда біз Қазақстандағы кикбоксингтің даму бағдарламасын жасап шықтық. Еліміздің 14 өңіріндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде кикбоксинг бөлімшелері жұмыс істейді. Оларда 178 жаттықтырушы сегіз мыңға жуық талапты жасқа кикбоксингтің қыр-сырын үйретуде.
Біздің басты мақсатымыздың бірі – 3 мың адамға дейін тұратын елді мекендерге спорт нысандарын салу ісіне айрықша көңіл бөлгіміз келеді. Неге десеңіз, құрылыс ережесі бойынша жабық спорт кешенін 3 мың және одан көп халық тұратын жерлерге ғана салуға рұқсат етілген. Ал адам одан аз тұратын елді мекендер, яғни ауылдық жерлер қашанда елеусіз қала береді. Біз жергілікті әкімдіктермен келіссөздер жүргізіп және олардың көмегіне сүйене отырып, ауылдық жерлерге мамандарымыз бен әдіскерлерімізді жібергіміз келеді. Өйткені, нағыз чемпиондардың ел ішінен шығатыны бүгінгі күнде дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
– Бүгінгі күнде әлемде жекпе-жектің UFC, ММА деген түрлерінің аты озып, кикбоксинг тасада қалып қойған сияқты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Рас, кейінгі жылдары кикбоксингтің беделі түсіп кетті. Оның негізгі себебінің бірі– WAKO Халықаралық кикбоксинг федерациясының президенті Энио Фальцонидің ауырып, төсек тартып қалуымен тығыз байланысты. Яғни, соңғы үш жылда федерация ішінде болған тақ таласы салдарынан кикбоксингтің беделіне нұқсан келіп, спорттың бұл түріне деген қызығушылық төмендеп кетті. Қазіргі уақытта бұл ұйымның президенті болып Борислав Пелевич сайланды. Бірақ оның командасының кикбоксингті дамыту жөніндегі бағдарламасы әлі жарық көрген жоқ. Азия федерациясының жұмысы да көңіл көншітпейді.
Жағдай осылай қалыптасқан кезде біз де қарап отырған жоқпыз. Өз бетімізше тірлік қылып, тығырықтан алып шығар жолдарды іздеу үстіндеміз. Мысалы, біз биылдан бастап STEEP FIGHTERS – «Ұлы Дала Қаһармандары» жобасын қолға алып, кикбоксингтен кәсіпқой жекпе-жектер өткізе бастадық. Мақсат біреу – осы жоба арқылы әлемге танылып, кикбоксингтің көкжиегін кеңейткіміз келеді.
Қазіргі уақытта «Ұлы Дала Қаһармандары» жобасына 160 кикбоксшы қатысуда. Бұлар ел чемпионатында 1-ші және 4-орын аралығында үздік нәтиже көрсеткен шеберлер. Жылдың аяғына дейін бұл файтерлер өзара күш сынасып, соның қорытындысы бойынша біз әр салмақ дәрежесіндегі ең мықтыларды таңдап аламыз. Міне, сайдың тасындай іріктелген осы шеберлер әлемдік аренада ел намысын қорғайтын болады. –
Кикбоксингтің беделін көтеріп, көкжиегін кеңейту үшін не істеу керек?
– Біздің елімізде өткен ғасырдың 90-шы жылдары кикбоксинг қатты дамыды. Мысалы, әлем чемпиондары Асқар Можанов, Ержан Шегенов, Қабылбек Садырбаев, Ардақ Сембаев, Дулат Тәженов, Геннадий Папу сынды шеберлеріміз дүние жүзі бойынша қарсылас шақ келтірмей жүрді. Бір өкініштісі, оларды халық арасында танымал ете алмадық. Жарнамасы жетіспеді, насихаты аз болды.
Ал қазір технологияның дамыған заманында телевизияға арқа сүйей отырып, өзіміздің шеберлерді – қазіргі батырларды барынша насихаттауымыз керек. Бұл саясаттағы басты құралдың бірі – телевизия деп ойлаймын. Сондықтан, біз STEEP FIGHTERS – «Ұлы Дала Қаһармандары» жобасын қолға алғанда «Қазақстан» Ұлттық арнасының басшысы Ерлан Қарин мырзаның келісімін алып, «Қазспорт» арнасымен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Бүгінгі жастар спорт сарайына келіп жарыс көруге соншалықты құлықты емес, көбіне оны теледидардан тамашалауды құп көреді. Міне, кикбоксингті насихаттаудың төте және тиімді жолының бірі осы телевизия!
– Жалпы, спортсүйер қауым кикбоксингтің бірнеше түрін бір-бірімен шатастырып жатады. Файтерлердің басына шлем, аяғына қалқанша киіп шығатыны жұрттың делебесін қоздырмайтын сияқты. Спорттың бұл түріне деген қызығушылықтың төмен болатын бір себебі осында жатқан жоқ па?
– Кикбоксингтің алты түрі бар. К-1, фул-кантакт және лоу-кик – бұлар бұл спорттың ішіндегі қатаңдау түрлері, ал семи-контакт, лайт-контакт, фристайл дегендер «жұмсақтау» түрлері. Жалпы, болашақта кикбоксингтің К-1 түрін түпкілікті таңдап алатын шығармыз деп отырмыз. Өйткені, «Кей уан» (К-1) бүгінде жанкүйердің қошеметіне бөленіп жүрген UFC, ММА сынды жекпе-жек түрлеріне бір табан жақын, жігіттің сырттаны ғана сынға түсе алатын сайыс. Мұнда файтерлер шаршы алаңға тек шолақ шалбармен және қолдарына былғары қолғап киіп қана шығады.
Біз шамамыз келгенше кикбоксингті жұртқа қызықты етіп көрсетуге тырысамыз. Мықты шеберлеріміз бар, соларды халыққа таныту керек, болашақта фильмдер түсіріп, жекпе-жектің бұл түрін кеңінен насихаттағымыз келеді. Қазір ресейлік «Бокс-ТВ» арнасы бізге хабарласып, бірігіп жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасады. Арнаның Балтық жағалауы елдерін қосқанда 8 миллион адамнан астам аудиториясы бар екен. Одан бөлек, Әзербайжанның спорттық телеарнасы да біздің жобаға қызығушылық танытып отыр.
– Спорт туралы жаңа заң шықты. Ол бойынша спортты қаржыландыру федерациялар арқылы жүзеге асатын болды. Сіздің осы жүйе жөніндегі пікіріңізді білсек…
– Иә, жаңа заң шығып, спортты қаржыландыру жүйесі түбірімен өзгерді. Мұндай тәжірибе әлемнің біраз елдерінде бар. Жалпы, бұл саясаттың жемісін уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Маған ұнағаны – енді спорт түрлері басым бағыт бойынша сараланып қаржыландырылатын болды. Мысалы, ең алдымен Олимпиялық бағдарламаға енетін, оның ішінде жүлде алуымыз мүмкін спорт түрлеріне артықшылықтар берілген.
Қаржы демекші, мысалы кикбоксинг федерациясына бір жылға деп 25 миллион теңге бөлінеді. Осы қаржыны 8 мың кикбоксшыға жеткізуіміз керек. Ал біздің футболдағы немесе хоккейдегі бір легионер үшін мұндай сома бір айлық еңбекақы ғана. Енді мынаны қараңыз, біздің елде кикбоксингпен айналысқан спортшылар күштік құрылымдар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарындағы арнайы жасақтар құрамының 80 пайызға жуығын құрайды. Сырттан келген әлгі легионер хоккейші немесе футболшы болса, мұнда жүріп алған мемлекеттің мол қаржысын өз елдеріне жібереді. Яғни, ол ақша ел экономикасы үшін жұмыс істемейді. Сонда, біздің қоғам үшін қай спорт түрі маңызды, оны өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.
Биыл мынадай оқиғаның куәсі болдық. Хоккейден әлем чемпионатына барарда біздің Ресейде ойнап жүрген 12 хоккейшіміз Ұлттық құрама сапында өнер көрсетуден бас тартты. Бұл деген масқара емес пе? Тағы бір мысал, олимпиялық спорт түрі деп керлингті қолға алып, көкпарды ұмытуымыз керек пе? Яғни, бұл жерде спорт түрлеріне берілетін басымдық саясатында ұлттық ерекшеліктерді ескеріп, өз ұпайымызды түгендеу тұрғысында есе жібермеуіміз керек.
Жалпы, кикбоксинг келешекке керек спорт деп ойлаймын. Жекпе-жекке деген құмарлық жауынгер қазақтың қанында бар қасиет. Өзін ғана емес, өзгені де қорғай алатын, шымыр, шыныққан, оқыған-тоқығаны мол өнегелі жас Отанның күні ертеңгі қалқаны емес пе?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА, Толығырақ: egemen.kz