Мұз айдынның төресі – «Медеу». Елбасы «рекордтардың ұстаханасы – «Медеу» осы күндерде талай жаңа есімдерді мәшһүр етеді» деген еді. Үміт алдамайды.
Елу жылда ел жаңарды. Үкілі үміттің шырағын жаққан жанның бірі – Элизабет Тұрсынбаева. Бүгінде Канада экономикасының жүрегі – Торонтода жаттығады. Айшылық алыс елдегі мақтанышымыз Элизабетпен тілдесудің сәті түскен еді.
– Элизабет, бастапқы да Мәскеуде, қазір Канадада жаттығып жүрсіз. Шетелде шыңдалудың артықшылығы қандай?
– Мәскеуде өмірге келдім. Әкемнің туған жері – Қызылорда. Шетелде шынықсам да, жарыстарға қазақ елінің атынан қатысамын. Мәнерлеп сырғанаумен кәсіби тұрғыда айналысу шетелде өте қымбат. Балалар қатаң тәртіппен жаттығады. Бірақ үзбей жаттығуға көп баланың шамасы жетпейді. Себебі, шығыны көп, қымбат спорт түрі болғандықтан, екінің бірінің мүмкіндігі бола бермейді. Торонтодағы жаттықтырушы командамның еңбегінің арқасында чемпион болдым. Олар кәсіби деңгейімді көтерді. Канада – мәнерлеп сырғанаудан көшбасшы мемлекет. Жылдар бойы қалыптасқан мектебі бар. Жаттықтырушыға да, спортшыға да қатаң талап қояды. Мұндағы жаттықтырушылар – үйренген тәсілді пайдалана отырып, жеңіске жетудің әдісін жетік меңгертудің шебері.
– Канадада жас спортшыларға қандай жағдай жасалған? Ауа райы, жер жағдайының жаттығуға әсері бар ма?
– Спортшыға ауа райы, климат ерекше әсер етеді. Канаданың табиғаты Қазақстанға ұқсас. Дегенмен жер ауыстыру – үлкен рөл атқарады. Спортшылар жарыс өтетін құрлыққа алдын ала жер жағдайына, ауа райына бейімделу, үйренісу үшін күні бұрын келіп орналасады. Себебі, жарысқа психологиялық, физиологиялық тұрғыдан дайын болуы тиіс.
Мұнда күн ұзаққа жаттығу жасай беру маңызды емес. Мәнерлеп сырғанаудың тәсілін, әдісін терең меңгертуге күш салады. Талантты спортшыларды іріктейді. Үйренгеніңді жарқыратып көрсете білмесең, еңбектің еш кеткені. Бүкіл әдісті біліп тұрып, нәтижесіз өнер көрсететіндер жағаға шығып қала береді.
– Жарыстарда қасыңыздан үнемі анаңызды көреміз. Жеке өміріңіз, балалық шағыңыз, ата-анаңыз жайында білгісі келетіндер көп. Құпия емес пе?
– Анам Падишахан Сұлтаналиева үнемі жанымда жүреді. Күн тәртібімді, денсаулығымды қадағалайды. Асқар таудай әкем – Байтақ Тұрсынбаев. Ағаларым Тимур мен Арман да кішкентайында мәнерлеп сырғанаумен айналысқан. Ағам Тимурға ілесіп бес жасымда сырғанауға бардым. Ең алғаш 2013 жылы Мәскеу біріншілігінде жеңіске жеттім. Мәскеу мектебінен алған білімімді енді Канадада толықтырып жатырмын.
– Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанды әлемге танытқан – Денис Тен. Халықаралық жарыстарда қазақ елінен келген сырғанаушыларды қалай қабылдайды?
– Әрине, мәнерлеп сырғанаудан Ресей, Жапония, АҚШ, Канада секілді елдер бәсекелес деп танымаса да, дұрысы, бізбен санасады. Сырғанаудан көп мемлекеттен көш ілгеріміз. Әлемдік додаларда Қазақстанның спортшыларын жылы шыраймен қабылдайды. Спортта «мықтымын» деп ешкім де жүз пайыз сенімді түрде айта алмасы анық. Бағы шаппағанның жүлдесі бабы келіскеннің қанжығасында кететіні – заңдылық. Әлі талай шыңды бағындырамыз. Шетелдік спортшылардан біз де қалыспаймыз.
– Жаттығудан бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақыт бола бермейді. Егер уақыт табылып жатса, дәмді тағамдар, түрлі тәтті күлшелер пісіргенді ұнатамын. Музыка тыңдап, фильмдер көремін. Фортепиано мен скрипка ойнаймын.
– Мәнерлеп сырғанау – өнер әрі спорт. Төрешілер би, жаттығу, шыр көбелек айналып сырғанаудың бірінші кезекте қайсысын жоғары бағалайды? Әдемілік, сұлулық әлде танымалдылық, бұған дейінгі иеленген алтын-күміс медальдар рөл ойнай ма?
– Айтарлықтай құпиясы жоқ. Мәнерлеп сырғанауды меңгеру үшін тынбай еңбектену, психологиялық дайындық өте маңызды. Сонымен қатар жаттықтырушының айтқанын тыңдап, ести білуі керек. Бұған дейінгі жарыстарда жеткен жетістігім бар деп тоқмейілсу спортта жарамайды. Себебі, үлкен спортта әр жарыста жаңа есім, жаңа чемпиондар шығады. Спорт – бәсеке алаңы. Мықтылық, дүниежүзіне танылу, мойындату үшін әр мемлекет аянып қалмайтыны анық.
– Мұз айдында сырғанау әрі би билеу қиын емес пе?
– Мұзда жүру, билеу, жүгірмек тұрмақ, тұрудың өзі оңай емес. Балалар мұзда емін-еркін сырғанауға жылдар бойы жаттығады. Сол үшін мұздың сырын түсіну, меңгеру өте күрделі. Шалт қимылда мүлт кетсең қиын. Есіл еңбек желге ұшады. Жалп етіп құлап жатсаң, жарыстан құр қол қайтасың. Мәнерлеп сырғанау – жан қалауым. Сол үшін мұны жан дүниеммен бүкіл қиындығына қарамастан, әрбір бөлігіне дейін жақсы көремін. Қазақ еліне Олимпиаданың алтын медалін сыйласам арманым болмас еді.
– Халықаралық жарыстарда сәтсіздіктер, әділетсіздіктер кездесіп жатады. Күтпеген жерден жаңылысып қалған кезде тығырықтан қалай шығасыз?
– Меніңше, әрбір спортшы түрлі жағдайларға кездеседі. Кездейсоқ қателік жіберіп алсам, қатты өкінемін. Бірақ қателіктен сабақ аламын. Ары қарай дұрыс жұмыс істеу керек екенін ойланамын. Жаттықтырушы кеткен қателікті қайталамауға үйретеді. Жетпеген кемшіліктерімді саралайды. Келесіде «әттеген-ай» деп өкінбеу үшін бір жарыстағы қателігімді қайталамауға тырысамын.
– Бір би келесі біріне ұқсамау үшін қалай ізденесіз? Музыка таңдаумен, костюмдеріңді тігумен кім айналысады?
– Әр кезде әрқалай. Бұрын жарыстарға киетін костюмдерімді Мәскеуде тапсырыспен тіккізетінбіз. Маған көбінесе ашық түстер ұнайды. Қазір Канаданың салонына тапсырыс бердік. Ең бірінші билейтін музыканы түсінсем, оған билеу де жеңіл.
– Дайындық, жол жүру, климаты біріне бірі ұқсамайтын елдерде жарысқа қатысу спортшының денсаулығына салмақ түсіреді. Қалай күтінесіз?
– Үнемі дайындық, бірсыдырғы бір қалыптан шықпайтын күндер адамды моральдық тұрғыда шаршатады. Бізге халықаралық жарыстардан кейін демалыс беріледі. Аздаған үзілістен соң, жаңа жұмыс аптасына жаңа күш, көтеріңкі көңіл күймен ораламын. Жарыстар спортшыға физикалық, психологиялық күш түсіреді. Жарысқа әрбір спортшы жеңу, медаль алу үшін қатысады. Шама-шарқыма қарай ішкі түйсігімді тыңдауға тырысамын. Шегіне жетіп, құлап қалғанша жанықпай дер кезінде тоқтатуға барымды саламын. Жаттығу физикалық күшіңді сарқу емес, мүмкіндігіңді орнымен, ақылмен кәдеге жарату. Ауырып қалмауға тырысамын. Сол үшін үнемі денсаулығымды қадағалаймын.
– Қазақстанда Универсиадаға арнап халықаралық талаптарға сай спорт сарайлары, ареналар салынды. Мәнерлеп сырғанаудан Ресей, Канада, АҚШ, Жапонияға ілесе аламыз ба?
– Қазақстанда мұз ареналарының салынуы – қуанарлық жағдай. Әсіресе, жастар үшін өте жақсы. Спорттық база болғанымен, мықты жаттықтырушы керек. Сол кезде ғана мәнерлеп сырғанау жүйелі дамиды.
Меніңше, балаларға сырғанаған өте пайдалы. Кәсіби спортқа ден қояр болса, кәсіби жаттықтырушының көмегіне жүгінгені жөн. Әрине, мәнерлеп сырғанау көп қаржыны қажет ететін спорт түрі болғандықтан, ата-ананың, мемлекеттің, ортаның жан-жақты қолдауы керек-ақ. Қазақ елінде халықаралық спорт додаларының өткені – спортшыға да, елге де абырой.
Мәнерлеп сырғанау – Қазақстанда жаңадан дамып келе жатқан спорт түрі. Соңғы жылдары елімізде сырғанаудан талантты ұл-қыздар шығуда. Олардың әрбір жетістігі, жеңісі – кәсіби жаттықтырушылардың еңбегі. Көп еңбек етсек, табандылық танытсақ мұздың төріне шығамыз деп үміттенемін.
– Болашақта қандай мамандықты таңдайсыз?
– Спорт пен музыка – өмірімнің ажырамас бөлігі. Келешекте мәнерлеп сырғанаудан алыс кетпеймін. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді өзімнен кейінгі балалармен бөліскім келеді. Мүмкін жаттықтырушы, мүмкін биші болармын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ. Мақала aikyn.kz сайтынан алынды.