Бүгін әйелдер арасында шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының финалдық ойыны өтті.
«Айсұлу» мен астаналық «Томирис» командалары бірінші орынды сарапқа салды. Финалдық матч 2:0 есебімен алматылық ұжымның пайдасына шешілді. Осылайша, астаналықтар күміспен күптелсе, өскемендік «Торпедо» қоланы қанағат тұтты.Чемпионаттың үшінші кезеңінде барлық кездесулерін жеңіспен аяқтаған «Айсұлу» командасы бүгін де қарсыластарына шайба соғуға мүмкіндік бермеді. Александр Мальцев шәкірттері абсолюттік жеңімпаздар екенін дәлелдеді. Шешуші ойында қарсыластар қақпасына Мадина Тұрсынова мен Зарина Тухтиева мергендігімен көзге түсіп, командаға жеңіс сыйлады.
Арина Щеколова «Айсұлу» хоккей клубының қақпашысы:
— Бүгінгі ойын қиын өтті. Астанадан келген қарсыластарымыз соңына дейін берілмей ойнады. Шешуші кездесуде тек екі шайба соға алдық. Алайда, біз одан да көп соғамыз деп ойлағанбыз. Төрешілер мені осы маусымның ең үздік қақпашысы ретінде таңдағаны үшін алғысым шексіз. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Сондай-ақ, бапкерлеріме, барлық ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медалдар және кубоктар берілді. Сонымен қатар, осы маусымның ең үздік ойыншылары анықталды.
Ең үздік қақпашысы – Арина Щеколова атанса, Малика Алдабергенова
«Ең үздік шабуылшы» атағына қол жеткізді. Ал
«Ең үздік қорғаушы» Дарья Нитейскаяға бұйырды.
Дарья Нитейская «Томирис» хоккей клубының ойыншысы:
— Ойын қызықты да тартысты болды. Өз командамның ойыншыларына, қақпашыларына алғысымды білдіремін. Бізге кішкене ғана сәттілік жетпеді. Бірақ біз еңсемізді түсірмейміз, қателерімізді түзеп, қорытынды шығарамыз. Келесі жылы барлығы ойдағыдай болады деп сенеміз. Мен ең үздік қорғаушы атанғаныма қуаныштымын. Бұл марапат мен үшін нағыз тосын сый болды. Өз командама, әріптестеріме алғысым шексіз. Бәрі солардың арқасы.
Бүгін финалдық матчпен қатар, «Жұлдыз» бен «Горняк» төртінші мен бесінші орынды сарапқа салды. Олар үшін де бүгінгі кездесу шешуші болды. Ойынның нәтижелері бойынша, Өскемендік «Торпедодан» кейін төртінші орынды алматылық «Жұлдыз» иеленді. Ойын 3:2 есебімен аяқталды.