Жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Арман Оспанов елге оралды. Санкт-Петербургте өткен ACB 61 турнирінде жеңіске жеткен аралас жекпе-жек спортының шеберіне халықтың ықыласы ерекше. Өзі де ұзақ үзілістен кейін алғаш бәсекеге шықты. Рас, көпшілік асыға күткен жекпе-жек тұғын. Халықтың ықыласынан артық қандай құрмет бар?! Туған жеріне сағынышпен жеткен батыр ұлмен біз де сұхбаттасуға асықтық. Жүздескенімізде өзі де барша тілеулестіріне алғысын айтты. «Ресей еліндегі бір топ қазақ студенттері келіп, қолдады. Интернет жүйесінде де көпшілік ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Жалпы, барша қазақ еліне рахметімді айтамын» дейді ол. Емін-еркін отырып, батырдың алдағы жоспарларын сұрадық. Туған жерде аунап-қунап, біршама тынығып қайтпақ жоспары бар екен.
Мақсатыма жетпей тынбаймын
– Беделді ACB ұйымының аясында өткен дебюттік жекпе-жекті жеңіспен аяқтадық. Шүкір деймін. Бір жылда үш бәсеке өткізуім керек. Накажима осы ұйымның рейтингінде жетінші орында тұрған спортшы. Әуелде жапон жігітінің әлеуетімен танысып шықтым. Бір байқағаным, бұл жігіт шапшаң екен. Соған сай жоспар құрып, ойлағанымызды іске асырдық. Әлбетте, көптен жарыстан сырт қалғаннан кейін адамның бойында кішігірім алаңдау сезімі болады. Сол уайымды жеңе білдік, бастысы. Алда одан да жоғары нәтижелер көрсетеміз деген ойдамын.
– Бұл келісің де қасиетті Рамазан айына тура келіп тұр екен…
– Негізінен, ұйым басшыларына «Ораза айында мені жарыстан босатсаңыздар» деп өтінгенмін. Олар да осыны ескеріп, жарысты 20 мамыр күні ұйымдастырды. Бір қызығы, оразаның бірінші күнінде ұшақта аузымды бекіттім. Мәскеуден Алматыға келе жатқан сапарымда нәсіп болыпты ғой.
Ауылды да қатты сағындым. АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Албукерке қаласында, Махачкалада (Дағыстан) жаттығып, жалпы 5-6 ай көлемінде сыртта болдым. Бұйырса, тау бөктерінде қымыз ішіп, ет жеп, марқайып қайтпақпын. Оразадан кейін екінші жарысқа дайындыққа кірісеміз.
Бір айта кететіні, келесі бәсеке Қазақстанда өтуі мүмкін. Ұйым басшыларының біздің елге де келу ойлары бар. «Алаш прайд» клубы бірлесе қыркүйек айында Алматыда үлкен жарыс ұйымдастырмақшы. Оның нақты мерзімі жақын арада мәлім болып қалар. Әрине, өз елімізде өтетін сайыстан шет қалмаймын.
– Жыл басында АҚШ-та жоспарланған жекпе-жек белгілі себептермен өтпей қалды. Бұл – арандатушылардың әрекеті ғой. Олардың кім екені анықталды ма?
– Өкінішті жағдай, әрине. WSOF ұйымымен келісімшарт жасап та қойғанбыз. Күтпеген жерден бәрі басқаша болып, шыға келді. Әрине, жарысқа бес күн қалғанда мұндай жағдайға кезігу өзекті өртеді. Бір апта торығып жүрдім. Мұны белгісіз біреулер аяқтан шалу мақсатында әдейі ұйымдастырған. Қаншама уақыт дайындалған едік.
Рас, қазір алыптардың алыбы болып тұрған – UFC тұжырымы. Менің бар мақсатым осы сында көк Туды желбірету. «Неге қазақтың жігіттері осы сында шықпасқа?!» деп күндіз-түні ойланамын. Дүниежүзі бойынша ең үлкен деңгейдегі жарыс болғандықтан, бәрі де осында қатысқысы келеді.
Бүгінде АҚШ-та Джексон Уинг деген академияда жаттығып жүрмін. ММА майталмандарының көбісі осы жерде шынығады. Өз-өзімді жетілдіруге мен де 2014 жылы мұхиттың арғы бетіне қадам бастым. Джексон Уинг деген жаттықтырушының маған көзқарасы түзу секілді. Болашақта үлкен үміт күтетінін айтады өзіме.
Қалай десек те, бұндай келеңсіз жағдай сағымды сындыра алмайды. Мақсатыма жетпей тынбаймын. ACB – әлемде үшінші орында тұрған ұйым. Олар да 4-5 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Басшысы ресейлік Майрбек Хасиев деген азамат. Жалпы, келесі жекпе-жекте бағым жанса, UFC-де өнер көрсетермін бәлкім. Менеджерім Әли Абдулазиз де мықты маман. Бұл жігітпен де қарым-қатынасты күшейтіп жатырмыз.
«Спортқа демеушілер көптеп керек»
– Ресейлік телеарнаға берген сұхбатыңда «Егер бонус ақша берілсе, оны балалар үйіне аударар едім» дедің. «Қарақұс жемін басып жейді. Ақ сұңқар жемін шашып жейді» деген сөз бар. Бұның осы лақап атыңа сай болайын деген ниетің ғой…
– Әрине, ондай мүмкіндік болып жатса, қайырымдылық жасағанға не жетсін?! Жалпы, өзім үнемі ниеттеніп жүремін. Бұйырса, алда қайырымдылыққа үлес қоссам деген жоспарларым бар. Өзім де қарапайым отбасыдан шықтым. Көп қиындық көрдім. Спорттың жолы – ауыр еңбек.
Жалпы, спортқа демеушілер көптеп керек-ақ. Соңғы кездері ММА спортшыларына да кәсіпкерлер көңіл аудара бастады. Бұл қуантады. Шама-шарқына қарай, споршыларға жәрдемдесіп жатқандар баршылық. Мемлекет есебінен де қолдау бар. Бұл жағдай әрбір спортшыны қанаттандырып, рухтандырады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұрбайұлы да бізге көп қолдау көрсетіп жатыр. Әлем чемпионаттарына қатысып келеміз. Азды-көпті еңбегімізді ескеріп, аудан басшылары «Төлеби ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. 2015 жылы үшінші рет әлем чемпионы болып келгенімде облыс әкімі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Қазір «Нұрсәт» шағынауданында сол пәтерде отбасыммен тұрамын. Екі жылға жуықтады. Бұндай жағдайлардан кейін біз де жарқын жеңістермен қуантуымыз керек.
Шыны керек, соңғы кездері бұл спорт түріне де көзқарас түзеле бастаған сияқты. Жанкүйерлердің қатары артып отыр. Таңертең ерте тұрып, жекпе-жекті күтетіндер бар.
– Жауынгерлік самбодан үш рет әлем чемпионатында жеңістің биік сатысынан көріндің. Әлі де бақ сынап көру ойың бар ма?
– Оны да ойымнан шығарған емеспін. Неге бес рет әлем чемпионы болмасқа?! Екі жарыс қатар келіп қалмаса, әлемдік бәсекеде де әлі талай жеңіске жеткім келеді.
Жауынгерлік самбодан ізімді басып келе жатқан дарынды жастар да бар. Оңтүстіктің өзінен Бекзат Жасия, Қалдар Қасымбек, Бейбіт Көшербай сынды талапты інілерімді атап өтемін. Аман Айтжан деген өзімнің туған інім бокстан спорт шебері нормативін орындады. Ол да қазір қоян-қолтық жекпе-жегіне ауысты.
Жауынгерлік – біздің қанымызда бар қасиет. Қажымұқан атамыз күрестен дүниежүзін мойындатты. Одан арғы тарихымызда батыр бабаларымыз елімізді жаудан қорғады.
Міне, қазіргінің жаужүрек ұлдары шаршы алаңда ойқастап жүр. Еліміздің бокс, күрес, дзюдо спортында тәуір жетістіктері баршылық. Біз жауынгер халық екенімізді бүкіл әлемге мойындатуымыз керек. Өзім де күрестен ауыстым ғой. Бір байқағаным, көп жігіттердің аралас жекпе-жек спортына ауысуға батылы жетпей жатады.
Өзімнен бөлек, темір торда күш сынасып жүрген қаншама азаматтарымыз бар. Бәріміздің де мақсатымыз бір. Ол – қазақ жігіттерінің намысын қайрау, жауынгер ұлт екенімізді әлемге таныту. Жалындаған жас кезімізде барлық мүмкіндік бар. Ерінбей еңбек еткен адам, түбінде мақсатына жетеді.
Кішкентай кезімізде ұстазымыз Жанпейіс Жәнібекұлы сыңғырлаған медальдарды ұстап көрсететін. Сонда осындай жетістікке жету мүмкін бе екен деп ойлайтынмын. Балалық қой. Уақыт сәтімен, бала кездегі арманымның орындалғанына Аллаға шүкіршілік етемін.
Шымкент – спорты өркендеген шаһар
– Қазір рухани жаңғыруға көңіл бөлетін кезең. Өзің спорттан тыс уақытта қаншалықты әдеби шығармалар оқуға көңіл бөлесің?
– Телефонға телмірген кезеңде рухани жаңғыру – өзекті мәселенің бірі. Қаптаған толассыз ақпараттың ішінен керектісін таңдап ала білсек. Салт-дәстүрімізден алшақтамауымыз керек. Өзім Абайдың қара сөздерін, батырлардың өсиеттерін, ұстанымдарын оқимын. Шетелде кітап алып жүруге мүмкіндік жоқ. Бірақ телефон арқылы рухани кеңістігіміді байытуға тырысамын. Бір күнде төрт мезгіл жаттығу істейміз. Соның арасында мұны да ұмытпаймын.
– Жалпы, спортшылар қауымы үнемі туған жерден жырақта жүреді. Өзің де негізінен АҚШ, Ресей, Таиланд елдерінде жаттығасың. Шымкентке әр келгенде не байқайсың?
– Көп елдерге табанымыз тиді, миллиондаған адамдарды көрдік. Дамыған елдердің әлеуетіне де куәміз. Бірақ, өзімнің сүйікті қалам Шымкент әрдайым тартып тұрады. Әр келгенде өзгере түскенін, көркейгенін байқаймын. Шағын кәсіпкерлік дамып жатыр. Көне қала ретінде туристер көп келеді. Күзде миллиондық межеге жетеміз. Шымкентте спортпен шұғылдануға барлық жағдай бар. АҚШ-тан, шетелден достарым келсе, өз қаламды ұялмай көрсете аламын. Міне, соған қуанамын.
Жалпы, ауылға келе салып, тауға барамын. Туған жердің таза ауасын жұтып, қымызын ішіп, қазы-қартасын жеуге асығамын. Кейде АҚШ-қа қазы-қарта алып кетіп, соны үнемдеп жейтінім бар.
Қалалық «Шымкент келбеті» газетіне бірінші рет сұхбат беруім. Оқырмандарға тілегім, өсіп-өркендей беріңіздер. Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Оразада иманға келген бауырлар әрі қарай да сол ниеттен ажырамаса екен деймін. Барлық уақытта да рухани жаңғыра білейік.
– Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ