16-шы қыркүйек күні Түркменстанның Ашхабад қаласында өтетін жабық кешендегі Азия ойындары аясында Қазақстанның жалауы көтерілді.
Атлеттер қалашығында өткен ту көтеру шарасына Қазақстан Республикасы Спорт Комитетінің басшысы Елсияр Қанағатов бастаған құрамамыз қатысты. Түркменстан қарулы күштерінің құрметті күзетшілері туымызды көтерді. Жарыс ұйымдастырушылары естелік сыйлықтар табыс етіп, салтанатты түрде еліміздің әнұраны шырқалды.
Ертең, 17-ші қыркүйек күні ойындардың ашылу салтанаты өтеді. 45,000 адамға арналған орталық стадионда үлкен шоу көрсетіледі деп күтілуде. Қазақстан намысын 16 спорт түрі бойынша 181 спортшы қорғайды.
Құрамамыздың арасында Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакованың орны бөлек. Одан бөлек өзіміздің ұлттық спорт қазақ күресінен спортшылармымыз максималды түрде медаль алады деп күтілуде.
Жалпы Азия ойындарына 65 ел делегациясы келіп отыр. Ойындарға арналып 40-тан астам спорттық нысандар бой көтерген.