Бүгін Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші тур ойындары өтеді. «Астана» футболшылары Израильдің «Маккабиімен» алаңға шығады.
Елордалық команданың еншісінде бір ұпай бар. Тель-Авив футболшылары да жалғыз ұпаймен турнир кетесінің төменгі сатысында тұр. Сондықтан бүгінгі ойында плей-оффтан үмітті команда анықталады.
«Маккабиді» атақты Йохан Кройфтың ұлы Йорди жаттықтырады. Кіші Кройф кешегі баспасөз мәслихатында екі команданың деңгейі бірдей екенін тілге тиек етіп, «Астананың» өз алаңында жақсы ойнайтынын атап өтті.
Станимир Стойловта израильдік ұжымға құрметпен қарайтынын жеткізді. «Алайда топтық кезеңнен шығу үшін бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге ұмтыламыз», – деді. «Астана-Аренадағы» матч сағат кешкі 21:00-де басталады.
Станимир Стойлов, «Астана» футбол клубының бас бапкері: — Бір-бірімен деңгейлес футболшылардың саны бізде шектеулі. Сондықтан басымдықты санға емес, сапаға беріп отырмыз. Бұл матчта фаворит болмайды. Қай ұжымның ұмтылысы ілгері болса, сол команда жеңіске бір табан жақындай түседі. Турнирдегі кестеге қарайламай, нәтижелі ойын көрсетуіміз керек. Шәкірттерім жауапкершілікті түсініп, қазақстандық жанкүйерлердің үмітін ақтайды деген ойдамын.
Ақпарат көзі: 24.kz