Астанада WBC International чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев АҚШ-қа кетер алдында БАҚ өкілдері мен жанкүйерлерге арналған ашық жаттығуын өткізді.
«Bronx» бокс залында өткен ашық жаттығуда боксшы көпшілікке өзінің техникалық және функционалдық дайындығын паш етіп, осы жылға арналған барлық жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, Сойлыбаевтың командасы боксшының алдағы жекпе-жекте шаршы алаңға киіп шығатын формасын да таныстырды.
– Келесі жекпе-жегім 13 қазанға жоспарланған. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жекпе-жек кешінде шаршы алаңға шығамын. WBC International чемпиондық атағымды қорғауым қажет. Сондықтан Америкаға қазірден бастап кетіп барамын. Питер Куиллин сынды чемпионды тәрбиелеген әйгілі маман Эрик Браунның қарамағында жаттығамын. Егер жеңіске жетіп жатсам, онда өз салмағымда WBC тұжырымы бойынша үздік 15 боксшының рейтингіне кіремін де, тікелей Василий Ломаченко, Мигел Берчельт, Николас Уолтерс сынды боксшыларға қарсы шаршы алаңға шығуға мүмкіндік аламын, – деді «Diamond Ring» промоутерлік компаниясының боксшысы Бекман Сойлыбаев.
Ашық жаттығудан кейін Бекман өзінің осы жылы мексикалық Герман Меразды жеңген былғары қолғабын жанкүйерлер арасында ойнатып, көпшілікпен фотосессия ұйымдастырды.
Жалпы, қазіргі таңда Бекман Сойлыбаевтың еншісінде 11 айқас бар. Барлығында жеңіске жетіп, соның төртеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберген. Соңғы айқасын 30 сәуір күні Мексиканың Чиуауа қаласында өткізіп, екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған. Енді WBC ережесі бойынша Сойлыбаев өзінің белбеуін қорғауы тиіс. Оның келесі жекпе-жегі 13 қазанда Лос-Анджелесте өтеді деп күтілуде.