Басты бет / Кәсіпқой бокс / Бекман Сойлыбаев / МАМАНДАР БЕКМАН СОЙЛЫБАЕВТЫ ЧЕМПИОН ЕТЕМІЗ ДЕП ОТЫР

МАМАНДАР БЕКМАН СОЙЛЫБАЕВТЫ ЧЕМПИОН ЕТЕМІЗ ДЕП ОТЫР

Қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаевтың демалысы тәмамдалып келеді. Жақында оны жаңа оқу-жаттығу жиындары мен жаңа жекпе-жектер күтіп тұр. Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC international чемпиондық атағын қорғауы тиіс. Оның америкалық менеджері Сэм Катковски Бекманның алдағы жоспарлары жайлы, келесі қарсыласы туралы айтып, неліктен соңғы айқаста көрермендердің наразылықтан ысқырғаны жөнінде ой бөлісті.

– Сэм, Бекманның соңғы жекпе-жегінен кейін бір ай өтті. Өткенді саралап, сол айқасты тағы бір еске түсіріп көрсеңіз.

– Төрешілердің шешімі екіұшты болғанымен Бекман үшін жекпе-жек аса қиын болған жоқ. Самуэль Гонсалес – Сойлыбаев үшін дәл қазіргі таңдағы ең қажетті қарсылас болатын. Чемпиондық жекпе-жек болғандықтан қарсылас та оңайлықпен берілгісі келмеді. Оның үстіне, Бекман ешқашан 10 раунд жұдырықтасқан емес. Соған қарамастан айқас соңында қарсыласына қарағанда тың көрініп, жеңісті жұлып алды.

– Төрешілер Бекманның қолын көтергенде зал толы көрерменнің наразылықтан ысқырып, шулап қоя бергенін қалай түсіндіруге болады?

– Самуэль Гонсалестің ұлты венесуэлалық болғанымен ес білгелі Мексикада тұрып, ацтектердің өз баласы болып кеткен. Өздеріңіз білесіздер ғой, Мексикада өз боксшыларын қатты жақсы көреді. Ал біз Мексикада күллі мексикалықтардың алдында айқасқа шықтық. Олардың бәрі өз боксшыларына қолдау көрсетіп, жекпе-жек бойы бір тыным таппады. Төреші Бекманның қолын көтергенде олардың наразылықтан шулап қоя бергені сондықтан. Өз боксшысының жеңіліп қалғаны кімге ұнай қойсын? Егер айқас Қазақстанда өтіп, қазақ боксшысы ұтылып қалса, бұл жанкүйерлерге ұнар ма еді? Мен де солай ойлаймын.

– Сонымен, Бекман Сойлыбаевтың еншісінде WBC International чемпиондық белбеуі бар. Оның ендігі қадамы қандай болмақ?

– Халықаралық бокс кеңесі оған міндетті қарсылас тауып та қойды. Аргентинаның боксшысы. Орасио Кабрал. Өте мықты боксшы. Кәсіпқой бокста 19 жекпе-жек өткізіп, 18-ін жеңіспен аяқтаған. Бір ғана жеңілісі бар. WBC International Silver белбеуінің иегері. Сондықтан, бізді өте тартысты айқас күтіп тұр. Жақында Бекманның жаттығуларға қашан кірісетінін шешетін боламыз.

– Жалпы WBC International белбеуі қаншалықты құнды? Боксшыға не береді?

– WBC International белбеуі осы тұжырым бойынша, әлемнің ТОП 25 боксышының қатарына кіруге мүмкіндік береді. Яғни, чемпиондыққа бастар маңызды қадам. Енді Бекманның келесі мақсаты – халықаралық чемпион атағын қорғап, одан кейін әлемнің толыққанды чемпионы атағына таласу. Ал чемпиондықтық қай тұжырымла болатыны екінші мәселе.

– Сонымен, Сойлыбаевты енді шаршы алаңнан қашан көреміз?

– Аздаған демалыстан кейін Бекман жақында оқу-жаттығу жиындарына қайта кіріседі. Жаздың соңына дейін Орасио Кабралға қарсы кездесуде чемпиондық атағын қорғап үлгеруі тиіс. Егер бәрі сәтті өтсе, бұл біздің рейтингімізді өсіріп, жаңа бағыттарға жол ашады. Жаздың соңында өткізсек деп отырмыз. Содан кейін болашаққа жоспар құра бастаймыз. Бұған дейін айтқанымдай, бәрі бізге байланысты емес. Дегенмен, жылдың соңына дейін Бекманды тағы бір рет шаршы алаңға шығарсақ дейміз.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Бекман Сойлыбаевтың еншісінде 11 айқас бар. Барлығында жеңіске жетіп, соның төртеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберген. Соңғы айқасын 30 сәуір күні Мексиканың Чиуауа қаласында өткізіп, екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған

Дереккөз: diamondring.kz

 

Сондай-ақ

НҰРЗАТ САБИРОВ САЛМАҚ ӨЛШЕУДЕН СӘТТІ ӨТТІ

Нұрзат Сабировтың дебюттік кездесуіне дайын. Сабиров алғашқы кездесуін Квебекте (Канада) өткізеді. Бүгін салмақ өлшеу рәсімінен …