Басты бет / Басқа түрлер / 13 ЖАСАР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ШАХМАТШЫ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ 50-ЛІГІНЕ КІРДІ!!!

13 ЖАСАР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ШАХМАТШЫ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ 50-ЛІГІНЕ КІРДІ!!!

FIDE-нің 1-тамызға жариялаған рейтингінде бар болғаны 13-тегі қазақтың қаршадай қызы БИБІСАРА АСАУБАЕВА шілде айындағы 78-ші орнынан (оның өзі зор жетістік болатын!) 47-ші орынға бір-ақ секіріп, үздік 50-лікке кірді!

Әлбетте, бұған орай бірден айта кетпеске болмайтын бір өкінішті жағдай – Қазақстан шахмат федерациясымен болған келіспеушіліктер кесірінен Бибісара анасы Лиана Таңжарықованың ұйғарымымен бұдан тура бір жыл бұрын, былтырғы тамызда Ресей шахмат федерациясына ауысып кеткен болатын. Оған дейін өз құрбылары арасында (7 жастан бастап) ТӨРТ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ атанып үлгерген уыз талант көрші елге барған соң көп ұзамай 12 жасқа дейінгілер арасында да жеңіске жетіп, БЕСІНШІ мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді!

Бұл аз болса, Бибісара жуырда жасөспірімдердің «Мыңжылдық матчы» – «АҚШ-Әлем» турнирінде 14 жасқа дейінгілер арасында өткізген төрт ойынының төртеуінде де мерейі үстем болып, Әлем құрамасының АҚШ құрамасын жеңуіне сүбелі үлес қосты. Осыдан кейін оның талантына тәнті болған америкалық миллиардер Рейс Синкфилд Асаубаеваны өзінің атақты шахмат клубында өнер көрсетуге шақырды. Бибісараның анасы бұған орай: «Ойланып көреміз», – депті…

Міне, осындай ерен жетістіктерінің арқасында Асаубаева қазір ТОП-50-ден ойып тұрып орын алды!

Бұған орай қазақ үшін мақтанышты тағы да бірнеше тамаша фактіні атап өтпеске еш амал жоқ.
Біріншіден, қазір 50-лікке ҮШ БІРДЕЙ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ КІРЕДІ. Олар – есімдері шахмат әлеміне кеңінен танымал жасөспірімдер мен жастар арасындағы бірнеше мәрте әлем чемпиондары, 21 жасар Динара Сәдуақасова (2444 ұпай, 30-шы орын, 16 жасында гроссмейстер атанған), 17 жасар Жансая Әбдімәлік.(2423 ұпай, 46-шы орын, 14 жасында гроссмейстер атанған) және апаларының ізін өкшелей қуып келе жатқан 13 жасар Бибісара Асаубаева (2421 ұпай, 47-ші орын). Көріп тұрғанымыздай, араларын төрт жастан бөліп тұрған аса талантты үш қызымыз қазір іркес-тіркес келе жатыр.

Екіншіден, қазақ шахматшы қыздарының арасындағы өзара мұншалықты қызу бәсекелестік, әлбетте, Қазақстан шахматының болашағы жарқын деуге толық негіз береді: бәсекелестік бар жерде даму бар, өсу бар, алға қарай қарыштай басып, жетілу және жеңу бар.

Үшіншіден, үш қызымыздың үшеуі де – өте жас қыздар. Демек, олардың бүкіл болашағы – алда. Соның ішінде – күндердің бір күні қайсысы болса да алға қарай суырылып шығып, әйелдер арасындағы қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алуға мол мүмкіндіктері бар (тіл-ауызым тасқа!)

Төртіншіден, бүгінгі таңда Бибісара тек 50-ліктегі ғана емес, бүкіл 100-діктегі ЕҢ ЖАС ШАХМАТШЫ болып табылады.

ТҮЙІН: әрине, мұндай бұла таланттың Ресей туы емес, Қазақстан байрағы астында өнер көрсеткені жақсы болатын еді, бірақ… Ия, бірақ қайда жүрсе де Асаубаеваның «қазақтың қызы деген ғажап атқа» ие былып қала беретіні, демек, біздің ұлтымыздың атынан өнер көрсетіп, барша Алашты әлемге паш етері – айдай анық ақиқат.
Ендеше, өркенің өссін, айналайын Бибісара! Табыстан табысқа жете бер! Әумин!

Жасарал Куанышалиннің фейзбуктегі жазбасынан.

Сондай-ақ

ЖҮГІРУДІҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

Жаттығу және мезгілсіз өлімді зерттеу институтының зерттеу сараптамасына қарағанда, өмір сүруді барынша ұзарту үшін жүгіру …