Кәсіпқой бокс тарихында жеңілмеген күйі үлкен спортпен қош айтысқан санаулы ғана саңлақтар бар. Ұзақ жылдар бойы үздіктер көшін Рокки Марчиано бастап тұрған еді. Өткен ғасырдың елуінші жылдары шаршы алаңды армансыз шайқаған АҚШ-тың өрені 49 кездесудің барлығында жеңіске жетті. 2015 жылдың 12 қыркүйегінде Роккидің көрсеткішін өзінің отандасы Флойд Мейвезер қайталады. Оның да рекорды – 49 жеңіс! Енді Флойд үстіміздегі жылдың 26 тамызында ирландиялық Конор Макгрегормен жұдырықтасады. Егер осы бәсекеде Мейвезердің мерейі үстем болса, онда ол «алтын таққа» көтеріледі. Бұл күндері сан миллион жанкүйер осы тарихи сәттің куәсі болуға айрықша құштарлық танытуда.
Алайда бұл жалғанда мәңгілік ешнәрсе жоқ. Көз арбаған биіктерге көз тіккен саңлақтардың қол қусырап отырмағандары аян. Олардың сыртында жалындап өсіп келе жатқан жастар буынының өкілдері бар. Ерте ме, кеш пе, солардың бірі осы рекордтарды бұзылатыны анық. Бүгінгі мақаламызда біз кәсіпқой рингте 30-дан аса жекпе-жек өткізсе де, жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген атақты боксшылар жайында әңгімелеуді құп көріп отырмыз. Сонымен бүгінгі таңда басты бәсекелестерін бас көтертпей ұтып, қарсы келгендерді қоғадай жапырып жүрген дүлей күш иелері кімдер?
Даңқы жер жарған Рокки Марчиано мен Флойд Мейвезердің көрсеткішін қайталауы мүмкін жұдырығы гүрзі жігіттер арасынан Ваенхонг Менайотиннің (47,6 келі) есімі ерекше аталуда. 31 жастағы Тайланд боксшысының кәсіпқойлармен айқасып жүргеніне 10 жылдан асты. Сол аралықта 47 рет рингке 47 рет көтеріліп, барлығында басымдық танытты. 17 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бүгінгі таңда WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып отырған ол жұмыр жердегі ең жеңіл салмақта бақ сынайтын жігіттердің барлығын соққыға шықты.
Алыптармен айқасып жүрген Деонтей Уайлдердің (+90,7 келі) де даңқы дүркіреп тұр. Оның да жасы 31-де. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп, қола медальді қоржынға салғаннан соң ол кәсіпқой рингті жағалады. Бұл ретте де асығы алшысынан түсті. Бойы 2 метрден асатын АҚШ боксшысы 38 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 37 қарсыласын есінен тандырды. Әр жылдары Уайлдер Келвин Прайс, Одли Харрисон, Сергей Ляхович, Крис Арреола сынды мықтыларды оңдырмай сабады. Ол – WBC нұсқасының чемпионы және WBA нұсқасының суперчемпоны! Расында да Деонтейдің бұл табысына таңданбау да, тамсанбау да мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан айтулы боксшыны аса ауыр салмақ дәрежесінің теңдессізі деп айта алмаймыз. Өйткені, алыптардың салмағындағы басқа да нұсқалар бойынша алтын белбеуді иеленіп отырған Энтони Джошуа (19 жеңіс, 19 нокаут) мен Джозеф Паркер (23 жеңіс, 18 нокаут) де әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген.
Қазақстанның мақтанышы, орта салмақ дәрежесінде үш белді нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып отырған Геннадий Головкинді (72,6 келі) қалай мақтасақ та жарасады. 35 жастағы Қарағандының өрені 2006 жылдан бері кәсіпқой рингте өз нәпақасын тауып жүр. 37 қарсыласын қоғадай жапырған ол 33 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Осыған дейін ол қарсылас шыдатпай келсе, үстіміздегі жылдың 18 мамырында америкалық Дэниел Джейкоспен болған жекпе-жек 12 раунда созылды. Енді күзде GGG Мексиканың марқасқасы Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Бұл бәсекені жанкүйерлердің тағатсыздана күтіп жүргеніне талай жылдың жүзі болды.
36 кездесудің барлығында басымдық танытқан Мигель Анхель Гарсия (61,2 келі) 30 қарсыласын нокаутқа жіберді. Биылғы жылдың желтоқсан айында 30 жасқа толғалы отырған америкалық спортшы кезінде Бернабе Консепсьон, Маурисио Пастрана, Орландо Салидо, Хуан Мануэль Лопес, Элио Рохас, Роман Мартинес және Деян Златичанин сынды серкелерге сан соқтырған.
Бірінші орта салмақтағы Хильберто Рамирес (76,2 келі) жайында да жұрт жақсы пікірде. 26 жастағы Мексиканың мықтысы Ричард Гуттерьес, Геворг Хачикян, Максим Власов, Артур Абрахам, Максим Бурсак және тағы басқа тәжірибелі боксшыларға тізе бүктірді. 35 кездесуден ол 25 рет айқын басымдыққа ие болды.
33 жастағы Терри Флэнаганның (61,2 келі) кәсіпқой боксты таңдағанына сегіз жылдан асты. 33 кездесуде үстемдік танытып, 13 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ұлыбританияның Манчестер қаласының тумасы Нейт Кемпбелл, Хосе Сепеда, Диего Магдалено, Дерри Мэтьюз, Петр Петров, Орландо Крусты қапы қалдырды. Енді жанкүйерлер Терридің америкалық Мигель Анхель Гарсиямен жекпе-жегін тағатсыздана күтуде. Егер қос дүлділ күш сынасатын болса, онда жеңіл салмақтағы теңдессіз боксшы кім екеніне нақты жауап алатынымыз анық.
Соңғы жекпе-жектерінде ресейлік Сергей Ковалевті қатарынан екі рет ұтқан Андре Уордтың беделі тіптен шарықтап кетті. 33 жастағы АҚШ-тың апайтөсі жартылай ауыр салмақ дәрежесінде үш белді нұсқа бойынша чемпиондық атақты еншілеуде. Ковалевтан бөлек, ол Эдисон Миранда, Аллан Грин, Артур Абрахам, Карл Фроч, Чэд Доусон, Эдвин Родригес, Пол Смит, Салливан Баррера, Александер Барндты сабаған. Барлығы 32 рет жеңіс тойын тойлаған Уорд сол бәсекелрдің тең жарысында өз қарсыластарын есінен тандырды.
Бірінші орта салмақтағы Теренс Кроуфорд (63,5 келі) 31 рет шаршы алаға көтеріліп, барлығында басымдық танытты. 22 рет қарсыластарын нокаутқа жіберді. Әр жылдары ол Брейдис Прескотт, Рики Бернс, Юриоркис Гамбао, Томас Дюлорме, Дьерри Жан, Виктор Постол, Феликс Диас, Джулиус Иондонгоны жеңді.
Міне, жоғарыда біз 30-дан аса жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен әлем чемпиондары жайында ғана әңгімеледік. Оның сыртында алтын белбеуге қолдары жетпей жүрген талай саңлақтардың барын да естен шығармайық. Олардың арасында да жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген қырандар жетерлік. Мысалы, Қазақстанда Геннадий Головкиннен бөлек, Қанат Ислам мен Жанқош Тұраровтың да қарқыны өте күшті. 32 жастағы Қанат 24 кездесудің 21-ін айқын басымдықпен аяқтады. 26 жастағы Жанқоштың қатарынан 21 бәсекеде бақ жұлдызы жанды. Егер қос қандасымыз осы бағытынан жаңылмаса, келешекте олардың да чемпиондық атақ үшін таласуы әбден мүмкін.
Егер жеңілмеген күйі былғары қолғаптарын шегеге ілген боксшылар жайында әңгімелейтін болсақ, ең бірінші кезекте, Рокки Марчиано мен Флойд Мейвезердің есімдері ойға оралады. Жоғарыда есімдері аталған АҚШ-тың қос саңлағының өзге өрендерге қарағанда шоқтығы әлдеқайда биік екені еш дау туғызбаса керек. Сондай-ақ спорттық карьераларында ешкімге есе жібермеген боксшылар қатарында Джо Кальзаге (1993-2008 жылдар аралығы. 46 жеңіс, 32 нокаут), Свен Оттке (1997-2004 жылдар аралығы. 34 жеңіс, 6 нокаут) Гарри Саймон (1994-2016 жылдар аралығы. 30 жеңіс, 22 нокаут) Михай Леу (1991-1998 жылдар аралығы. 28 жеңіс, 10 нокаут), Эдвин Валеро (2002-2010 жылдар аралығы. 27 жеңіс, 27 нокаут) Пичит Ситбанпрачан (1988-1994 жылдар аралығы. 24 жеңіс, 18 нокаут) сынды жуан жұдырықты жігіттер бар.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН aikyn.kz