Өткенге зер салсақ, 1993-2005 жылдар аралығында бокстан әлем чемпионатының жалауы 12 мәрте желбіреген екен. Айтулы жарыстардың барлығында отандастарымыз жүлде алды. Алтынға, күміс пен қола медальға қоржынымыз толған кездер де аз емес. Сол бәсекелерде Қазақстан құрамасы қалай өнер көрсеткені жайында біз бұған дейін әңгімеледік. Енді соңғы үш жарыстың нәтижелеріне тоқталуды жөн көріп отырмыз.
2011 жыл.
Баку (Әзірбайжан)
Қап тауы бөктерінде ұйымдастырылған дүниежүзілік додада Қазақстанның боксшыларына төрт жүлде бұйырды. Бакуде Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов ақтық сынға дейін алқынбай жетті. 69 келі салмақ дәрежесінде күш сынасуды құп көрген Серік эквадорлық Карлос Санчес, таиландтық Апишет Санчит, жапониялық Яшохиро Сузуки, америкалық Эрол Спенс және латвиялық Эгидиус Каваляускасты қапы қалдырғанымен, финалда украиналық Тарас Шелестюкке (10:16) жол берді. Сол секілді 81 келі салмақтағы Әділбек Ниязымбетов молдовалық Владимир Шелес,кореялық Ким Хунг, колумбиялық Джейсон Монрой, қытайлық Менг Фанлонг және өзбекстандық Елшод Расуловты жеңгенімен, шешуші тұста кубалық Хулио Сезар де ла Крузға (13:17) есе жіберді.
Әзірбайжанның бас шаһарында Ғани Жайлауов (60 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) қолаға қол созды. Куба боксшысы Ясниер Толедо Лопестен (9:21), Иван Әзірбайжанның алыбы Магомедрасул Меджидовтан (6:19) ұтылды.
Ширек финалда сүрінгендер: Данабек Сужанов (75 келі) пен Василий Левит (91 келі).
Бастапқы кезеңдерде ұтылғандар: Біржан Жақыпов (49 келі), Олжас Сәттібаев (52 келі) және Данияр Елеусінов (64 келі).
Бакуде әлем чемпионы атанғандар: 49 келі – Цзу Шимин (Қытай), 52 келі – Миша Алоян (Ресей), 56 келі – Лазарио Альварес (Куба). 60 келі – Василий Ломаченко (Украина), 64 келі – Эвертон до Сантос (Бразилия), 69 келі – Тарас Шелестюк (Украина), 75 келі – Евгений Хитров (Украина), 81 келі – Хулио Сезар Ла Крус (Куба), 91 келі – Александр Усик (Украина) және +91 келі – Магомедрасул Меджидов (Әзірбайжан).
Командалық есептің қорытындысы: 1. Украина (4+0+0), 2. Куба (2+1+0), 3. Әзірбайжан (1+1+0), 4. Ресей (1+0+2), 5-6. Қытай мен Бразилия (1+0+1)
2013 жыл.
Алматы (Қазақстан)
Алатау бөктеріндегі әлем чемпионаты өздеріңіздің көз алдарыңызда өтті. Шаршы алаңға шыққан 10 отандасымыздың сегізі жеңіс тұғырына көтерілді. Біржан Жақыпов (49 келі), Мерей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі) және Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) жеңімпаз атанып, барша Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөледі. Шешуші бәсекеде Біржан алжирлік Мұхаммед Флиссиді, Мерей мен Данияр Бостандық аралы өкілдері – Яснер Толедо Лопес пен Ариснауд Деспаньені және Жәнібек ирландиялық Джейсон Куглиді соққыға жықты.
Жарысты өте жақсы бастаған Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) күміспен күптелді. Финалда екеуі де өздерінің сыралғы қарсыластарына есе жіберді. Әділбек Куба қабыланы Хулио Сезар де ла Круздан жеңілсе, Иван Әзірбайжанның мақтанышы Магомедрасул Меджидовтен ойсырай ұтылды. Қайрат Ералиев (57 келі) пен Берік Әбдірахманов (60 келі) қола медальді иеленді.
Нәтижесінде, 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы қоржынға салған Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет жалпы командалық есепте бас жүлдені олжалады.
Ширек финалда сүрінгендер: Ілияс Сүлейменов (52 келі).
Бастапқы кезеңдерді ұтылғандар: Антон Пинчукке (91 келі).
Алматыда әлем чемпионы атанғандар: 49 келі – Біржан Жақыпов (Қазақстан), 52 келі – Миша Алоян (Ресей), 56 келі – Жавид Челебиев (Әзірбайжан). 60 келі – Лазарио Альварес (Куба), 64 келі – Мерей Ақшалов (Қазақстан), 69 келі – Данияр Елеусінов (Қазақстан), 75 келі – Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан), 81 келі – Хулио Сезар Ла Крус (Куба), 91 келі – Клементе Руссо (Италия) және +91 келі – Магомедрасул Меджидов (Әзірбайжан).
Командалық есептің қорытындысы: 1. Қазақстан (4+2+2), 2. Куба (2+2+1), 3. Әзірбайжан (2+0+1), 4. Ресей (1+2+1), 5. Италия (1+0+2).
2015 жыл. Доха (Катар)
Алматыда айды аспанға шығарған Қазақстан құрамасы Парсы шығанағында қос күмісті қанағат тұтты. Белоруссиялық Павел Костромин, филиппиндік Эмир Маркиал және әзірбайжандық Парвиз Багировты еш қиналмай ұтқан Данияр Елеусінов (69 келі) финалда есімі көпшілікке беймәлім Марокко боксшысы Мұхамед Рабииге жол берді. Сол секілді бразилиялық Рафаэль Лима, германиялық Флориан Щульц және өзбекстандық Бахадур Жалоловты жеңген Иван Дычкода шешуші тұста сүрінді. Ол франциялық Тони Йокодан айласын асыра алмады. Өзге өрендерімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады.
Ширек финалда сүрінгендер: Олжас Сәттібаев (52 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) және Василий Левит (91 келі).
Бастапқы кезеңдерде ұтылғандар: Қайрат Ералиев (56 келі) пен Зәкір Сафиуллин (60 келі), Дохада әлем чемпионы атанғандар: 49 келі – Хоанис Архилагос (Куба), 52 келі – Елвин Мамишзаде (Әзірбайжан), 56 келі – Майкл Конлан (Ирландия), 60 келі – Лазарио Альварес (Куба), 64 келі – Виталий Дунайцев (Ресей), 69 келі – Мұхамед Рабии (Марокко), 75 келі – Арлен Лопес (Куба), 81 келі – Хулио Сезар Ла Крус (Куба), 91 келі – Евгений Тищенко (Ресей) және +91 келі – Тони Йока (Франция).
Командалық есептің қорытындысы: 1. Куба (4+2+1), 2. Ресей (2+1+0), 3. Әзірбайжан (1+1+2), 4. Ирландия (1+1+1), 5-6. Марокко мен Франция (1+0+0).
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның боксшылары әлем чемпионатында 10 алтын, 10 күміс және 14 қола медальді қоржынға салды. Осы көрсеткіш бойынша жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 4-орында тұр. Бұл – өте зор табыс. Алдымызда тек Куба (71 алтын+32 күміс+25 қола), келмеске кеткен КСРО мен сол елдің мұрагері Ресей (38+32+37) және АҚШ (16+9+16) құрамалары ғана. Бокс әлемінде өзіндік орны және жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар талай команда артымыздан сығалап қалды. Олардың қатарында Болгария (8+8+18), Румыния (7+5+17), Италия (6+2+14), Германия (5+14+45), Украина (5+12+11) және Өзбекстан (5+10+15) сынды мүйізі қарағайдай мемлекеттер бар.
Күні бүгінге дейін барлығы 32 мемлекеттің өкілдеріне әлем чемпионатының бас жүлделері бұйырған екен. Олардың қатарында жоғарыда аталғандардан бөлек, Әзірбайжан (5+4+8), Франция (3+6+13), Қытай (3+1+9), Венгрия (3+1+6), Түркия (2+3+11), Оңтүстік Корея (2+3+7), Пуэрто-Рико (2+2+3), Югославия-Сербия-Черногория (1+6+12), Моңғолия (1+4+4), Польша (1+3+9), Таиланд (1+3+5), Ирландия (1+2+9), Англия (1+2+5), Бразилия (1+2+3), Алжир (1+2+2), Армения (1+1+3), Грузия (1+1+3), Нигерия (1+1+3), Армения (1+1+3), Кения (1+1+0), Марокко (1+0+2) және Уганда (1+0+1) сынды елдер бар. айтулы додада жүлде алған барлық командалардың жалпы саны – 62.
Естеріңізге сала кетейік, бұл күндері Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты 2 қыркүйекке дейін созылады. Әр құрлықтың кіл мықтылары бас қосқан жарыста Ержан Жомарт (49 келі), Азамат Исақұлов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әділет Құрметов (60 келі), Бақдәулет Ибрагимов (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Ерік Әлжанов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) сынды сайыпқырандар қорғауда.
Дереккөз: aikyn.kz