Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Евгений Величко Италияның Санта-Катерина қаласында өткен шаңғы жарысында қола медальды жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Шаңғы федерациясы.
Халықаралық шаңғы федерациясының ұйымдастыруымен ерлер арасында 15 км қашықтықта еркін әдіс жарысы ұйымдастырылды. Оған Италия, Франция, Германия, Ресей, тағы басқа да елдерден 95 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, Евгений ресейлік Денис Спицовтен 1 минутқа жуық, екінші орынды алған беларусьтық Сергей Далидовичтен небары 14 секундқа кеш келді.
Еске сала кетсек, қазір шаңғы жарысынан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Еуропада жүр. Спортшылар FIS-старт (Италия, Санта-Катерина) және Әлем кубогының екінші кезеңіне (Норвегия, Лиллехаммер) қатысуда. Осы жарыстар арқылы Қазақстанның Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын командасы жасақталады.