Басты бет / Допинг / ДОПИНГ ҚОЛДАНҒАН СПОРТШЫЛАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

ДОПИНГ ҚОЛДАНҒАН СПОРТШЫЛАР ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

Енді Қазақстанда допинг қолданған спортшылар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Тіпті спортшының өзі ғана емес, жаттықтырушыдан бастап дәрігер, кеңесшілер де заң алдында жауап береді. Бұл туралы 24 Хабар арнасы хабарлады.

Мұндай заң жобасының тұжырымдамасы Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды. Сондай-ақ егер Халықаралық допингке қарсы ұйым қаннан тыйым салынған препаратты тапса, спортшы ұлттық құрамнан шығарылады. Оған қоса алған жүлдесі мен мемлекет берген барлық материалдық сыйақыларынан айырылады.

«Жүлдемен оралғаны үшін мемлекеттен алған сыйлықтарының барлығы қайтарылуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, Олимпиада ойындарынан жеңіспен оралған спортшыларға үкімет пәтер береді. Заң жобасы бойынша сол үйлерді он жылға дейін мемлекет меншігінде қалдырмақпыз. Егер соңғы он жылда спортшының жүлдесі допинг дауы бойынша қайтарылса, пәтерді де, сыйақыны да мемлекет алып қоюға құқылы болады», — спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда допинг дауы 2016 жылдың маусым айында басталған. Допинг бойынша тексеруден кейін қазақстандық ауыр атлеттердің қан құрамынан тыйым салынған препараттар табылған болатын. Салдарынан Халықаралық Олимпиада комитеті Илья Илиннің Пекин және Лондон олимпиадасындағы алтын медальдарын және Майя Манеза, Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедованың Лондондағы алтын медальдарын кері қайтарған еді.

“The Qazaq Times” 

Сондай-ақ

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ЖАПОН БАЛУАНЫНЫҢ МОЙНЫН ҮЗГЕН ВИДЕОСЫ

Желіде әйгілі балуан Қажымұқанның жапон балуаны Саракикидің мойнын үзген видеосы пайда болды  Бұл туралы Caravan.kz …