Таяуда Ташкентке жолымыз түскен. Бокстан Азия чемпионатын тамашалап, жігіттерге жанкүйер болдық. Осы сапарымызда Ташкент облысы Бостандық ауданына қарасты Қызылту ауылына да бардық. Грек-рим күресінен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Елмұрат Тасмұратовтың туған ауылын көріп, ата-анасымен жақыннан танысқымыз келген. Бостандық ауданы – әйгілі баскетболшы, Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев сынды дарындар түлеп ұшқан өңір. Бұл өлкеде қазақтар да бір қауым ел.
Қазақы намысқа қайралған
Таудың етегіндегі берекеті мол ауылдан білекті де, жүректі азаматтар көптеп шыққанына тәнтіміз. Қандастарымыз негізінен сауда, егін шаруашылығымен айналысады.
Елмұратты ең алғаш 2013 жылы Шымкентте академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде көрдік. Сол жарыста күміс жүлдеге ие болды. Жарақатына байланысты финалдық сында белдескен жоқ. Осы жылы Будапештте (Венгрия) өткен әлем чемпионатында үшінші орын алды. Алғашқы таныс-білістігіміз осылай басталған.
Бізді зәулім үйден Зұлыпхар аға күтіп алды. Мән-жайға қаныққан соң ризашылығымен сыйлы қонақ етті. Батырдың анасы Замира Тәжібайқызы да зыр жүгіріп, дастарханды жайнатып жүр. Ағамыз тың. Ұлын үйлендірудің қамымен біраз шапқылап, арқаны енді кеңге салып отырған жайы екен. Үйдің күрделі жөндеу жұмыстары да біткен. Олимпиададан кейін осылайша қос қуаныштың куәсі болып отырған жайы бар.
Қауқылдасып қалдық. Ағамыз әңгімешіл. Рио ойындары кезіндегі қызықтарын сұраймыз. Намысты жанитын белдесулерді үйінде тамашалапты. Жора-жолдас, бауырлар, қоңсылар да келіп, үй іші туған-туыстарға толған.
– Риоға барудың сәті түспеді. Әкесі ретінде мені жіберетін болған. Дәл сол сәтте баламды үйлендіремін деп құда болып қойып едім. Үйде бес құрылыс бригадасы жұмыс істеді. Құрылыс қайнап жатты. Бір жақсылық боларын жүрегім сезді. Баламның спортпен айналысқанына алдағы қыркүйектің 1-не тура жиырма жыл болады. Спортқа 6 жасқа толмаған кезінде бергенмін. Аллаға шүкір, 19 жылдық бейнетінің өтеуін көрді ғой, – дейді ағамыз. – Әуелі бір Құдайдың жәрдем беруімен жеңіске жетті. Оның алдында Қажымұқан атаның кесенесіне, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге барып қайттым. Түсімде аян берді. Екеуміз тұнық суда қайықта жүзіп жүрміз. Одан тауға шығамыз. Бір қызығы, әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы болған кезде де осындай түс көрдім.
Жас отбасының қос қуанышы
Елмұраттың қарапайымдылығы жайында айтар сөз көп. Жалпы, күтіп алу, шығарып салу сынды қошеметтеуді онша жақсы көрмейді. Сұхбат беруге де ықыласы жоқ. Үнемі сол. Ата-аналар балаларын жарысқа шығарып салып жатса, ол болса «әке уайымдамай қайта беріңіз» дейді екен. «Кейде құрамадан жалғыз өзі чемпион болып немесе жалқы жүлдемен келеді. Ондайда «Әке, күтіп отырмаңыздаршы» дейді. Қасындағы достарынан ерекшеленгісі келмегені ғой. Бұл жолы да «Әке, сәтін салса, медаль әкеліп беремін сізге» деді. Бірақ қандай медаль екенін айтпады. Автотұрақтан қайтарып жіберді. Өзбекстанның журналистері де осы мінезіне таңырқап, «ұлыңыз неге ондай?» деп көп сұрайды. Өзінің жаратылысы сондай ғой». Мерейі тасыған әке осылай сыр шертті.
Зәулім үйдің есігінің алдында «Малибу» көлігі тұр. Ел Үкіметі 75 мың АҚШ долларынан бөлек, темір тұлпарды да сыйға тартқан. Бостандық ауданының әкімі Қызылтудан жаңа коттедждің кілтін табыс еткен.
Жас отбасы иелеріне зор қолдау емес пе?! Ақылдаса келе Қызылтудағы баспананы сатып, Ташкенттің төрінен үй әперіпті. Екеуінің де оқуына, жұмысына жақын. Жас келін көрші «Абай» кеңшарынан екен. Қазір байланыс мамандығында оқиды. «Абайдың» бәрінде қазақтар тұрады. Оның төңірегіндегі Қыбырай, Төле би ауылында да қазақтардың қарасы қалың. Жалпы, Қызылтуда 6 мыңнан аса халық тұратынын білдік.
Батырдың анасымен жақыннан таныстық. Замира Тәжібайқызы отағасы екеуі бір сыныпта оқыған екен. Анасы Елмұраттың кішкентайынан шымыр болып өскенін еске алды.
– Мінезі ауыр, көп жыламайтын. Бірақ жылдам қимылдайтын, ширақ еді. Үш жарым жасар кезінде есіктің төбесіне шығуға әрекет қылатын. 7 сыныптан бастап спортқа мықтап ден қойды. Осындай қуаныштың ортасында отырғанымыз перзенттерімнің арқасы, – дейді көңілі толқыған ана.
Шымкентте шыңдалған балуан
Жалпы, балуандық қасиет атадан дарыған болса керек. Зұлыпхар ағаның айтуынша, әкесі тақымы мықты шабандоз болған. Өзінің де спортқа бір бүйрегі бұрыпты. Дене тәрбиесі институтына түсе алмағанына әлі күнге дейін өкінеді. «Физкультурныйға» қабылданып тұрған жерінен әкесі политехникалық институтқа ертіп барып, машина жасау құрылысының технологиясы мамандығына түсіріп жіберіпті. Ақыры боксшы боламын деген үміті су сепкендей басылыпты.
Әттең, қайыс қолғапты кигенде біраз жетістікке жетер ме еді? Қалшан деген ағайы сегіз айдың ішінде ауданның чемпионы етіпті. Жарыстан жарысқа аттанып, дамыл көрмеген. Бірде Шыршыққа, бірде Шарбаққа апарып, ащы терін бір сығып алса керек. Өкінішке қарай, оқуға түсіп, бәрі сағымға айналған.
Осылайша әке аманатын ұлы жалғады. Әуелде Елмұратты боксшы етуге күш салыпты.
– Кішкентай кезінде өзім жаттықтырдым ғой. Соққысы ауыр болатын. Елмұрат өте еңбекқор. Әр күні формада жүреді. Жалпы спортшылар бір күн жаттығу жасамаса, бір апталық формасын жоғалтады. Жетінші сыныптан кейін Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне оқуға жібердім. Ең алғаш ұлымның томағасын сыпырған бапкерлері – Александр Колесников жəне Хаким Мусаев. Осы жаттықтырушыларына, барша ұстаздарына мың рахмет! Ұлымның жеңісіне бірлесе қуанған атажұрттағы ағайындарға деген алғысым шексіз, – деді Зұлыпхар аға күрестің әліппесін үйреткен ұстаздарына құрмет білдіріп.
Шүкіршілік, сырт елде жүрсе де қазақ балуаны әлі талай жеңіске жетуге білек сыбанып отыр. Ел Үкіметі де барлық жағдайды жасаған. Таяуда «Динамо» күштік құрылымына жұмысқа кіріпті. Енді лейтенант шенін алмақ.
Елмұраттың бар арманы – Олимпиада алтынын олжалау. «Еңбегіне қарай өнбегі» дейді. Асқар тау әке де ұлының осы сәтін тезірек көргісі келеді. Бұл туралы өзі: «Олимпиадаға барып қайту жоспарымда бар» дейді кеңкілдей күліп.
Әлгінде бұл әулеттің үлкендері тақымы мықты шабандоз болғанын айттық. Біз кетуге дайындалып жатқанда Зұлыпхар аға көкпарға баруға қамданып жатты. Қоңсыларымен бірге алдағы көкпардың мәселесін талқылады. Өзі атты баптайды. Көкпарға қосар аты да бар. Әр күні атқа мінбесе, көңілі тыншымайтын көрінеді.
«Батырдан батыр туады» деген осы шығар. Шағын ғана ауылдан шыққан Елмұрат ініміздің берекелі шаңырағын көріп, зор қуанышпен елге қайттық.
Мақала авторы: Тағабай Қасым. Ақпарат http://shymkala.kz сайтынан алынды.