Басты бет / Басқа түрлер / ЕРЖАН СӘЛІМГЕРЕЕВ : ПАРАЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ БОЛУДЫ МАҚСАТ ҚОЙДЫМ

ЕРЖАН СӘЛІМГЕРЕЕВ : ПАРАЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ БОЛУДЫ МАҚСАТ ҚОЙДЫМ

Адам баласының тағдыры түрлі түсті жіпке оранған өрнек секілді. Сол өрнектің жібі аяқ асты қара түске боялып,пендесін қиындықтармен сынаққа алып жататыны бар. Олардың қатарында адам сенгісіз ауыр тағдырды басынан өткеріп, сол сынақпен күресе жүріп, талай құласа да, сағын сындырмай, өмірден түңілмей, қайта қоғамға пайдасын тигізіп жүрген рухы мықты, жігері берік азаматтар қазіргі кезде аз емес.

Мына жалған дүниенің есігін туа бітті дертпен бірге ашқан немесе ауыр дертке шалдыққан жандардың қайғысын жеңіп, адамның қолынан бәрі келетінін дәлелдеп, өзінің сүйікті кәсібімен айналысып жатқан табысты да бақытты жандар жетерлік.

Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, тағдырдың салған тәлкегіне мойынсұнбай, өзінің мықты жігері мен рухының арқасында армандарына қол жеткізген, жүзуден еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, түрлі Халықаралық сайыстардың жеңімпазы, ұлттық құрама мүшесі Ержан Сәлімгереевпен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кету керек, Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Берлинде өткен турнирде атыраулық параолимпиадашы Ержан Сәлімгереев қанжығасына екі алтын медаль байлады.

Жоғары сынамалы медальды біздің батырымыз 100 метрге баттарфляй әдісімен және 50 метрге құлаштап жүзу бойынша жеңіп алды. Кейін ұйымдастырушылар жеңімпаздардың қатысуымен тірек-қозғалыс аппараттарының зақымдану дәрежесін есепке алмай жүзу жарысын өткізді, Ержан мұнда мәреге үшінші болып жетті.

100 метрге баттарфляй әдісімен жүзуде осы жылғы ең үздік нәтиже Ержанға тиесілі. Спортшы бұнымен тоқтап қалмақ емес, әлем рекордын бұзғысы келетінін айтты.

Бәрі аяқ астынан өзгерді

Шыны керек, бала кезімді еске алу маған өте қиын. Дегенмен, сіздерге баяндап берейін…

Атырау қаласы, Еркінқала ауылында туып өстім, кейін Геолог поселкесіне көштік. 1 сыныпты сол ауылдағы мектепте білім алдым. 3 сынып оқып жүрген кезімде аяқ астынан бір жағдайға тап болдым. Желтоқсан айы еді. Сол уақытта «тығылыспақ» ойынын үнемі ауыл балаларымен бірге көшеге шығып, ойнайтынбыз. Бір күні солай алаңсыз ойнап жүріп, трансформаторға түсіп тоққа тартылып қалдым…Содан кейін балалықтың бал дәмінен айырылғандай болдым.

Алғаш мені арбаға танған күннен бастап, өмірге деген көзқарасым басқаша болды. Өмірден қатты түңіліп, өзімнен өзім іштей  қиналатынмын. Кішкентай күнімнен ата-анам маған қолдау көрсетті. Әлі күнге дейін мен ол кісілерге қарап, ерекше күш аламын. Тіпті, сөйлеспесемде жандарында бір сәт отырудың өзі үлкен бақыт…

Арбада жарты жыл ғана отырдым

Бір күні әкеме  балдақ алып беруін өтіндім. Ештеңе сұрамастан, бірден әкеліп берді. Себебі, ата-анамнан қандай нәрсе сұрасамда әкеліп, барлық жағдайымды жасады. Оларға қиындық түсіргім келмей, үйде ешкім жоқ болған уақытта жаттықтым. Алғашында бір қадам да алға баса алмаушы едім, кейін солай көп дайындалып жүріп, балдақпен жүруді үйрендім. Ата-анам, бауырларым  маған қатты таң қалды. Өйткені, отбасым мені «сен мүгедексің, қолыңнан ештеңе келмейді» деп мүсіркемейтін. Тіпті, ондай көзқараспен де қарамайтын еді.

Өзімнің басыма түскен ауыртпалықтың бәрін өз күшімен жеңгім келді. Тағы да әкеме келіп, доп сұрадым. Сөйтіп, 3 айлық демалыс болған кезде, ауылға барып доп теуіп жүріп, ауыл балаларымен бірге футбол ойнадық. Олар жүгірсе, мен де бірге жүгіріп, білмегенімді үйреніп отырдым. Ешкімнен кем болмай ер жеттім.

 Мектеп партасына отыру арманым еді…

Алғашында мұғалімдер үйге келіп, оқытып жүрді. Кейін өсе келе үйден оқуды қаламадым. Өзге балалар секілді  қайтадан партаға отырып, оқушы болуды қатты армандайтын едім. Достарым үнемі сабаққа барғылары келмей, қашып кетіп жатады. Іштей «егер мен олардың орнында болсам, сабақтан мүлде қалмаушы едім» деп ойланып қоямын. Сол арманымды әкем сезсе керек. Маған мектепке қайтадан баруға ұсыныс тастады. Сөйтіп, мектептен 3 сыныптан кеткеннен, қайтіп 10 сыныпта бір-ақ оралдым. Содан кейін өмірімнің жаңа беттері ашыла бастады.

2007 жылы мектепті бітірер уақыт таяғанда, жоғарғы білім алғым келді. Ата-анама ешнәрсе айтпастан, оқуға құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, өкінішке орай түсе алмадым. Сонда да тағы да талпынып көріп, барып жүрдім. Түспедім. Сөйтіп, 3 жыл өтті. 2010 жылы қайтадан бағымды сынап, Атырау политехникалық институтының автоматтандыру және басқару бөліміне грантқа оқуға қабылдандым. Проректорыма айтып, жатаханаға орналастым. Себебі,  ол шақ қайтіп оралмайтындықтан, қызыққа толы студенттік өмірді көргім келді. Институтта оқып жүргенде, белсенді студенттердің қатарынан табылдым. Бір күні ректор «жарналамау бөліміне сені жұмысқа алғым келеді» деп қызық ұсыныс тастады. Бірден келісе кеттім. Оқу орныма аз да болса пайдамды тигізіп жүрдім.  Дипломымды алған сәттен бастап, Жастар ресурстық орталығынан маған ұсыныс келіп түсті.  Қазір осында қызмет етіп жатырмын.

Ойламаған жерден чемпион атандым

Институтта оқып жүрген уақытта, Ринат деген досым спортқа бейім екенімді байқаған болса керек, Атырауда мүгедектер клубына баруға ұсыныс тастады. Кішкентай кезімнен футболға қатты жақын болғаныма қарамастан, жүзуді таңдадым. Себебі біздің елде спорттың бұл түрі дамымай келеді.

Алдыма чемпион боламын деген мақсат қойып, жүзу спортын дамытқым келді. Алғашқы кезде «Мұнайшы» стадионына барып, хауызға түсіп үйрендім. Тіпті, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күні түні келіп жаттыққан кездер болды.

Спортқа келген уақытта, өзім туралы көп әңгімелер естідім. Бірақ  «достарым мен туралы не ойлайды?» деген сұрақ ешқашан мені мазалап көрген емес. Өзімді ешқашан мүгедек ретінде сезінген жоқпын. Олардың мен туралы айтып жатырғандарын білемін, дегенмен аса көп мән бере қоймаймын. Керісінше, сол адамдарды таңқалдырған ұнайды. Қай жерге барсамда, кеудемді тік көтеріп жүрдім. Өзіме қатты сенімді болып, одан нәтиже шығара алатымды білдім.

Әрине, спортты таңдағаннан кейін, қиыншылықтар кездесіп жатады.  Өзімнің арнайы жаттықтырушым бар. Есімі Дамир. Мені алғаш 2010 жылы Тараз қаласына өткен жарысқа апарды. Бірақ, бұл жарыстан жеңіліп қалдым. Оның өзіндік себептері бар еді.

Біз секілді жандар өмірге қатты құштар және  ішкі-жан дүниесі таза келеді, сонымен қатар алдында үлкен мақсаттар қоя біледі.

Жарысқа қатысар алдында қарсыластарымды көргеннен кейін, бойымда қорқыныш, сенімсіздік пайда болды. Бірінші кезеңде қатты қобалжығанымнан болса керек, суға жүзуге арналған киімнің жібін байлауды ұмытып кетіппін. Жарыс басталды. Жүзіп бара жатырғанда, киімім шешіліп бара жатты. Сол уақытта не істерімді білмей, амалсыздан тоқтап тұрып қалдым. Есіме түссе әлі күлкім келеді (күліп алды)

Екінші кезеңде жүзіп келе жатып, бортқа қолыммен итеріп немесе қолыңды тигізуің қажет. Екеуінде жасай аламын. Дәл қасына келіп тұрып, қолымды тигіземін бе, әлде итеремін бе деп ойланып қалдым. Сөйтіп, аузыма су кіріп, тынысым тарылды. Әрі қарай жүзетін күшім де таусылды. Тағы да тоқтап қалдым.

Ал, үшінші кезеңде секіріп жүзем деп, көзілдірігім шешіліп қалды. Бірақ, екінші болып жеттім. Уақытпен санағанда, артта қалып қойған екенмін.  Алғашқы жарысқа қатысуым осылай қызықты болды. Жаттықтырушы екеуміз бір-бірімізді жұбатып, Атырауға да жеттік.

Бұл сапарымыз жеңісті болмаса да, жемісті болды. Сабақ алдым. Қарсыластырымды көріп, ол жердегі атмосфераны сезіндім. Келесі жарыста міндетті түрде жеңемін деп өз өзіме сөз бердім. Дайындықтан дайындық. Күннің жауын, не қатты аяз болғанына қарамастан, жаттығуға үнемі келемін. Достарым маған таңдана қарап, «осындай уақытта тіпті, үйден шыққымыз келмейді. Ал, сен болсаң ерінбейсің» дейтін.

Былтыр Павлодар қаласында өтетін жарыстан жолдама келіп, 4 жылда бір рет қана болатын спартакиадаға қатыстым. Уәдемде тұрып, 1 алтын, 2 күміс иелендім. Бір жылдың ішінде өзімнің қатты шыңдалып қалғаным байқалды. Тараз қаласындағы жарыста 50 метрге 47 секундта келсем, мына жарыста 39 секунда жеттім. Әдетте, көптеген бапкерлер  «спортшылар 1-2 секундтты артта қалдыру үшін, шамамен 2-3 жыл уақыт кетеді» деп айтып отыратын. Сөйтіп, Атыраудан шыққан тұңғыш жүзуден чемпион атандым.

Қай нәрсенің болмасын, шегі болады. Ал, мен спортты өзім үшін тоқтатпаймын. Сол себептен күнде жаттығуға барып жүрмін. Ендігі мақсат тек Еуропаны бағындырып, Қазақстанның туын көкке желбірету. Әзірге дұрыс бағытта келе жатырмын деп ойлаймын. Тарихта атымды қалдырсам содан артық не керек? Мен үшін барын аямай қолдап, демеушілік танытып жүрген жақын адамдарымның үмітін қтағым келеді.

Ақылбек Жеменейдің шәкірті болып кете жаздадым

Әрине, «әу» демейтін қазақ жоқ. Бойымда спорттан басқа, ән айту қабілетім бар. Әнді айтайын деп, шырқамаймын. Кейде өзіммен өзім қалған уақытта айтып тұрамын. Достарымнан жақсы ән айтанымды білсе керек, студент кезімде әнші Ақылбек Жеменей келіп, маған «менімен бірге Алматыға жүр. Сені жұлдыз етемін» деп қолқа салды. Тіпті, қоймастан қайта-қайта өтінді. Бірақ, ол ұсынысынан бас тарттым.

Жалпы, өмірімде жақсы адамдарды жолықтырдым. Әрі жақсы ұсыныстар да көп кездесті. Әуелі ата-анамды ойлап, бас тартып отырдым. Өйткені, олар менің жаныма демеу болады. Олардың жадында болудың өзі маған бір бақыт еді.

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА ГОЛЬФТАН БАЛАЛАР АРАСЫНДА ЖАРЫСТАР ӨТТІ

Алматыда, «Нұртау» гольф-клубында осы спорт түрінен 6-13 жастар аралығындағы балалар арасында ашық академия кубогының бірінші …