«Қайрат» ойыншысы Андрей Аршавиннен сұқбат алу үшін Алматыға келген ресейлік журналист Евгений Дзичковский қазақстандық клубтың ғимаратына тамсанып қайтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Алматылық «Қайрат» клубының ғимараты ресейлік журналисті кеңдігімен, заманауи сәулеттік ерекшелігімен таңғалдырды. Спорт журналисі базаны «Краснодар» клубының ғимаратымен салыстырған.
«Қазақ халқының қонақжайлығына риза болған мен таңертең «Қайраттың» базасына жол тарттым. Ғимаратқа деген таңданысымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сергей Галицкийдің («Краснодар» ФК президенті) көңіліне келмесін, әрине, бірақ «Қайраттың» базасы «Краснодардан» асып түседі. Іші-сырты кең, жайлы, жинақы. Криосауналары мен өзге де заманауи дүниелері бар. Доптары автоматты түрде ойыншыға қарай ұшып отыратын жеке жаттығу ғимараты да салынған», — дейді ол.
Қазақстандық клубтың базасын емін-еркін аралаған журналист бірнеше әдемі сурет жариялаған. Қырағы журналистің камерасына іліккен суреттер арасында футбол ардагерлерінің аяқ іздері таңбаланған жұлдыздар аллеясы, «мінсіз» алаңдар, жабық манеж, бапкер Кахабер Цхададзе мен пресс-атташенің картоннан жасалған бейнесі, жас Юрий Семинге арналған тарихи стела бар.
«Қайрат» формасын киген ағылшын бульдогы Бенедикт те база аралап жүрген журналистің көзіне түсті.
Дайындаған: Нұргүл Әубәкірова Baq.kz