Бүгінде Англияда туылып, Бразилияда өскен футболдың танымалдығы жетер шегінен асты. Бразилия десе футболдан кішкене болсада xабары бар жұрттың есіне сонау 20-шы ғасырдың футбол корольі Пеледен бастап, жаңа ғасырдың футбол майталманы Неймарға дейінгі жұлдыздар бірінен соң бірі түседі. Оңтүстік Америка құрлығының шығысында орналасқан Бразилия мемлекеті құдды бір футболшылардың фабрикасы тәрізді. Бұл фабрика футбол әлемнің назарын өзіне аударғалы бері аладоптың сиқыршыларын шығару меxанизмін бүгінгі таңға дейін тоқтатқан емес. Әлем футболының тариxына өз аттарын алтын әріппен жазған Бразилиялықтардың саны біршама. Дегенмен футболмен тыныстаған бұл елдің тұрмысы анау айтарлықтай жақсы деуге келмейді. Бұл футбол отанындағы үлкен проблемалардың бірі. Менің ойымша осы аталған проблема фабриканың аладоп сиқыршыларын шығаруының негізгі тетігі іспетті. Неге десеңіз қылмыс пен жоқшылықтың ортасынан құтылудың тиімді жолы бұл — футбол!
Бүгінгі мақаланың басты кейіпкері де осы бір аяқдопшылар фабрикасына теңелген Бразилияның жаңа өнімі, әлем футболының жас жұлдызы Габриэл Жезус. Ол 1997 жылы сәуір айының 3-ші жұлдызында Бразилияның Сан-Паулу қаласында дүниеге келген. Бала кезінен көшеде өзі қатарлас балалармен доп қуып өскен Габриэл 2012 жылы жергілікті Палмейрас футбол клубының академиясына тап болады. Академияда футбол тәлімін ала жүріп, жас жеткіншек отбасына көмектесу үшін көше тратуарларын (жаяу жүргінші жолы) сырлаумен айналысқан. Осылай күнделікті тұрмысқа қажетті нәпақасын тауып, анасына қолғабыс қылды.
2014-ші жылдың жазы Бразилия еліне футбол мерекесін сыйлады. Яғни футболдан әлем чемпионаты болып өтті. Дегенмен өз жерлерінде өткен турнирде, Бразилия әлем чемпионатының кубогын олжалай алмады. Бұнысымен қоймай Германия құрамасынан 7-1 есебімен оңбай ұтылып, масқара болды. Бұл жеңіліс бала Габриэлдің жанына қатты батты. Және бұл жәйттен соң, әрбір бразилиялық жас өрендер секілді өз елінің жейдесін киіп, намысын қорғауды басты мақсат етті. 2015-ші жылдың 9-шы мамыры күні Габриэл өзі тәлім алған Палмейрас сапында, Бразилия чемпионатының аясында болған Атлетико Минейроға қарсы кездесуде дебюттық матчын өткізеді. Ал осы жылдың 30-шы тамызында Палмейрас сапындағы алғашқы голын соғып қана қоймай, дубль (қос гол) орындайды. Және өзінің клубымен бірге алғашқы маусымда-ақ Бразилия кубогын иеленді. Осы жетістігінен соң Бразилия жастар құрамасына шақырту алып, 2015-ші жылдың жазында Жаңа Зеландияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Аталған турнирде 1 гол және 2 нәтижелі паспен көзге түседі. Габриэл бұнымен тоқтаған жоқ. 2016-шы жылы Оңтүстік Американың Чемпиондар Лигасына баланатын «Либертадорес» кубогында сәтті өнер көрсетіп, 4 голды қанжығасына байлайды. Жыл сайын бұл турнирге еуропа скауттарының назары ауып, футбол таланттарын іздеу мақсатымен көптеп ағылады. Габриэл ағылшындық Манчестер Ситидің скаутының көзіне бірден түсіп, Палмейрас клубына жас талантты сатып алу жөнінде ұсыныс жіберіледі. Бұдан бөлек Габриэлге аузын айға білеген еуропаның Барселона, Реал Мадрид, ПСЖ секілді атақты клубтарының тарапынан да ұсыныстар түседі. Дегенмен жас жеткіншекке Пеп Гвардиоланың өзі жеке телефон шалып, Ситидің құрамына қосылса алаңда өзін көрсетуге мүмкіндік беретінін уәде еткен соң, ағылшындық Манчестер Ситидің ұсынысын қабылдайды. Сөйтіп 2017-ші жылы 30 миллион еуроға ағылшындық клубқа ауысады. Ауысады деп ауызбен айта салу әрине оңай. Бірақ жас жұлдыз, әлем футболына танылуға баспалдақ болған клубы Палмейрас сапындағы соңғы матчта көзіне еріксіз жас алып, қимастықпен қоштасты. Пеп Гвардиола бапкер уәдесінен таймады. Габриэлге келе сала мүмкіндік берді. Және жас жұлдыз бапкердің сенімін жерге қалдырмай, «Вест Хэмге» қарсы кездесуінде бір голдың және нәтижелі пастың авторы атанды. Бұл қарқынымен жас талант, аргентиналық атақты шабуылшы Серxио Агуэроны негізгі құрамнан ысырып тастайды. «Суонси Ситиге» қарсы кезекті матчында қос голдың авторы атанады. Дегенмен бұл сәттілік жалғасын таппай, Габриэл 2017-ші жылдың 13-ші ақпанында ауыр жарақат алады. Бақытына орай бұл жарақатынан айығып, сол жылдың сәуір айында алаңға қайта оралып, «Мидлсбро» қақпасына тағы бір голды тоғытады.
Кеше ғана көше тратуарларын сырлап жүрген ойын баласы, осылайша әлем футболының жас жұлдызына айналып шыға келді. Бүгінде футбол мамандары бұл жас таланттан үлкен нәтиже күтіп, ертеңіне сеніммен қарап отыр. Габриэлдің жасы қазір бар болғаны жиырмада. Болашағы әлі алда. Және алдағы уақытта бұл футболшы өз еліне әлем чемпионатының кубогын иеленуге үлесін қосып, Пеле, Рональдо, Ривальдо секілді тағыда басқа ағаларындай футбол тариxында қалатынына сенім де жоқ емес.
Мұxанбет Қуанышбек.