Басты бет / Бокс / СЕКСЕН ТӨРТТЕГІ ТӨРТ ЧЕМПИОН

СЕКСЕН ТӨРТТЕГІ ТӨРТ ЧЕМПИОН

1984 жылы ақпанның соңы, наурыздың басында Ташкентте бокстан Кеңес одағының кезекті чемпионаты өтті. Советке қараған 15 одақтас республика мен Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) боксшылары 12 салмақтың жүлделерін сарапқа салды.

Осы чемпионатта қазақ батырлары 12 бас жүлденің 4-ін қанжығаға байлады. Ресей 3, Украина 2 алтынды олжаласа, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан командалары бір-бір алтын медальға ие болды.

КСРО чемпионатындағы ең бірінші медаль 1947 жылы Махмұт Омаровқа (қола) бұйырса, содан табандатқан 33 жыл бойы одақтың алтын жүлдесі қазақ былғары қолғап шеберлеріне жеткізбей келді. ХХ ғасырдың бел ортасынан бері жалғасқан құрсауды бірінші болып 1980 жылы Серік Қонақбаев бұзса, іле-шала, 1982 жылы Серік Нұрқазов алаш ұландарынан екінші болып КСРО чемпионы атағына қол жеткізді. Яғни сексен төрттегі дүрмекке дейін бар-жоғы екі чемпион! Бұл қазақ спортшыларының әлсіздігінен емес. Мәскеудің отар ұлттардың ұл-қыздарын шідерлеп ұстаған саясатының салдары еді. Әйтпесе, Мақсұт Омаров пен Әбдісалан Нұрмаханов бастаған қаншама оғландарымыз жеңіске лайық бола тұра, Кеңес одағының чемпионы атағына жете алған жоқ.

Енді, міне, сол тұста әлемдегі ең мықты бокс державасының бірінен саналатын Кеңес одағының чемпионатында күтпеген жерден төрт бірдей қазақ – Кәрімжан Әбдірахманов (48 кг), Серік Нұрқазов (57) Серік Қонақбаев (67) және Асылбек Қилымов (75) жеке-дара шықты. Бұл жеңіс барша алаш жұртын дүр сілкіндірді. Елдің еңсесі көтеріліп, арқа-жарқа боп қалдық. Ол кезде біздің ұлттың жастарынан қазіргідей әлем, Азия чемпиондары жылда шығып жатқан жоқ еді. Бокстан бар болғаны екі Еуропа чемпионымыз бар еді: Қонақбаев пен Нұрқазов. Олимпиада мен әлем чемпионатында Қонақбаев ұтып алған екі күміс жүлде біз үшін алтыннан кем емес. Не нәрсенің де аз кезде қадірі артық болады ғой. Қазір бағамдай қарасақ, осы төртеудің тарихи жеңісімен империяның спорттағы сірескен сеңі сөгіле бастаған тәрізді. Ең бастысы, қазақ жігіттері өздерінің ешкімнен кем еместігін жан жүрегімен сезінді әрі нағыз жеңістің қандай болатынын ұқты. Сонымен бірге алдыңғы толқын ағаларына жасалған сан жылғы қиянаттың қарымтасын қайтарды. Осыдан кейін алаш ұлдарының спорттың әр түрінен КСРО чемпионаттарында олжа салуы жиілей бастады.
Өзіңіз ойлап қараңыз, чемпионатты өз төрінде өткізген өзбектер бір алтынды зорға алды, халқының саны сол кездің өзінде 43 миллионнан асқан украиндар екі алтынмен шектелді. 140 миллион орыс орманның өзі алты жарым миллион қазақтың жаужүрек ұлдарына тосқауыл қоюға жарамады. Қазақ құрамасы бұрын-соңды мұндай белеске табан тіреген емес.

Дәл осы 1984 жылы кезекті жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтті. Біздің жоғарыдағы төрт батырымыз Олимпиада жолдамасын жамбасқа басып қойған. Бірақ капитализм мен социализмнің текетіресі шегіне жетіп, соның салқыны спортшыларға да тиді. Сол жылы капиталистік лагерьдегі мемлекеттер спортшылары Олимпиада жүлдесіне таласып жатқанда, социализм туын көтерген елдер «Достық-84» жарысының көрігін қыздыруға кірісті. Жер түбіндегі Кубаның төрінде айқасқа түскен төрт батырдың екеуі күміс (Әбдірахманов, Нұрқазов), біреуі қола (Қонақбаев) жүлдегер атанды. Қилымов кубалық Гоместі ұрып жықса да, төрешілер ұзақ кеңесе келе жеңісті 3:2 есебімен Гомеске алып берді.
Бір қызығы, осы сында Кубаның 11 боксшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Алты спортшысы финалда шайқасқан совет былғары қолғап шеберлері Гаванадан «алтынсыз» оралды. Осы деректің өзінен-ақ бұл жарыста спорттық принциптен гөрі саяси прин­циптерге баса мән берілгенін анық аңғаруға болады.

Ташкенттегі жеңістен кейін Әбдірахманов пен Нұрқазов тағы бір мәрте КСРО чемпиондары атанды. Қилымов сексен төртте КСРО кубогін ұтып, сексен алтыншы жылы Одақ біріншілігінің финалында күтпеген жерден жеңіліс тапты. 1987 жылы 23 жасында бокс қолғабын босағаға ілді. Қонақбаев Ташкенттегі сыннан кейін көп ұзамай боксты біржола доғарды.


Сексен төрттегі тарихи жеңіс төрт бағыланның ғана бағын көтеріп қойған жоқ, Отанымыздың әр қиырындағы бокс бапкерлерінің жігерін одан сайын жани түсті. Ұлттық құрамадағы, жастар сапындағы жігіттеріміз осы жеңіспен арқаланып, бұрынғыдан бетер ширықты. Қазақтың қиырдағы ауылдарында құм толы қапты құлаштай ұрған қарадомалақтар қатары еселеп өсті. Ең бастысы, алаш ұландарының әлем көз тіккен дүрмекті додаларда олжа салуы жиіледі. Екі ғасыр отарлық езгіде болған ұлттың кеудесі қайта көтерілді. Ұлттық рух күннен-күнге жарқырай түсті.


Содан бері 33 жыл артта қалыпты. Осы бауырлармен қатар жүрген күндер, бір дастарқан басында иық қағыстырып, әзіліміз жарасқан сәттер күні кешегідей көз алдымда. Дариға-ай, сол бір дәурен ақырындап жылыстаған күйі көз ұшында қылаңытады. Батырлардың қамал бұзған ерліктері көкіректі әркез шуаққа бөлейді. Төртеуінің сонау шырқау көкте желбіреткен намыс туы қаншама жүректің отын маздатты десеңізші.

Қыдырбек Рысбек. jasqazaq.kz

Сондай-ақ

КОНСТАНТИН ЛИФАНОВ: БІЗ ГОЛЬФ ОЙНАУДЫ 600 БАЛАҒА ТЕГІН ҮЙРЕТЕМІЗ

Қазақстан гольф Федерациясының бас хатшысы Константин Лифанов ақпараттық және спорттық ХАБ тілшісіне берген сұхбатында осы …