Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Дзюдо / ЕЛДОС СМЕТОВ ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНА АЛА МА?

ЕЛДОС СМЕТОВ ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНА АЛА МА?

28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Венгрия астанасы Будапештте дзюдодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді.

Бәсі биік додада қазақ елінің де татами шеберлері сынға түседі. Олардың қатарында қазақ елі ерекше үміт артып отырған балуандардан 60 келі салмақта Елдос Сметов, 66 келіде Азамат  Мұқанов 100 келі салмақта Максим Раков бар. Бұған дейінгі әлем чемпионаты 2015 жылы Астана қаласындағы «Алау» мұз айдыны сарайында өткені баршамызға белгілі. Онда 60 келіде Е.Сметов дзюдодан қазақ ұландары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Онда ол финалда өзінің жерлесі Рустам Ибраевпен сынға түсіп, жеңіске жеткен болатын. Екі отандасымыздың бір алтын, бір күміс жүлдесімен жалпы командалық есепте төртінші орынды жеңіп алғанбыз. Елдос одан кейін де өзінің бұл жетістігін кездейсоқтық емес екенін дәлелдеді. Ол 2016 жылы Азия чемпионатында алтын алса, сол жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Енді Елдос Будапештте тағы бір мәрте топ жарса, әлемнің екі дүркін чемпионы атанбақ.

Азамат Мұқанов та медальдан үміткер спортшыларымыздың бірі. Ол 2013 жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, мерейімізді бір көтерген болатын. Оның медалі сол чемпионатта Қазақстан қоржынына түскен жалғыз жүлде болды. Биылғы біріншілікте қазақ елін тағы бір қуантады деген үміттеміз.

Енді Максим Раковқа келсек, бұл балуанымыз да Олимпиадада жолы болмай жүргені болмаса, құрлықтық, әлемдік додаларда ел қоржынын майлап жүрген спортшыларымыздың бірі. Ол 2009 жылы Роттердамда өткен Әлем чемпионатында топ жарды. Араға екі жыл салып келесі Әлем чемпионатында финалға дейін сүрінбей жетті. Финалда ресейлік Тагир Хайбуллаевқа есе жіберіп, күміс медальға қол жеткізген еді. Біз тек әлем біріншілігінде жүлде алған дзюдошыларымызды қысқаша атап өтіп отырмыз. Құрама сапында өзге де мықты балуандарымыз жетерлік.

Енді әлем біріншілігіне қатысатын балуандарымыздың есімдерін назарларыңызға ұсынсақ. Дүниежүзілік бәсекеде мына спортшылар өнер көрсетеді:

Ерлер: Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев – 60 кг Елдос Жұмақанов пен Азамат Мұқанов – 66 кг Жансай Смағұлов – 73 кг Ислам Бозбаев – 90 кг Максим Раков – 100 кг Ержан Шынкеев – +100 кг

Әйелдер: Галбадрах Отгонцэцэг – 48 кг Севара Нышанбаева мен Анна Казиюлина – 57 кг Мариан Урдабаева мен Ділбар Өмірәлиева – 63 кг Зере Бектасқызы – 70 кг Альбина Амангелдиева мен Зарина Раифова – 78 кг Гүлжан Исанова + 78 кг Ескерте кетейік, бұл тізім жарысқа дейін әлі де өзгеруі мүмкін.

inform.kz 

Сондай-ақ

МАКГРЕГОР МЕЙВЕЗЕРДІ СЕГІЗБҰРЫШТА ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТКІЗУГЕ ШАҚЫРДЫ

UFC чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор сегізбұрышта бокстан бес салмақ дәрежесінде бұрынғы әлем чемпионы америкалық Флойд …