Басты бет / Без рубрики / БАҚТАРЫҢ ЖАНСЫН, БАЛУАНДАР!

БАҚТАРЫҢ ЖАНСЫН, БАЛУАНДАР!

28-тамыз бен 3-қыркүйек аралығында Венгрияның астанасы – Будапештте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтетіні белгілі. Осы жарыста Қазақстанның намысын кімдердің қорғайтыны жайында біз бұған дейін әңгімелегенбіз. Енді төрткүл дүниенің ең белді балуандары бас қосатын байрақты бәсекенің тарихына қысқаша тоқтала кетейік.

Әлем чемпионатының тұсауы 1956 жылы Жапонияның Токио қаласында кесілген болатын. Алғашқы бәсекелерде тек ерлер белдессе, 1980 жылдан бері әйелдер бақ сынай бастады. Қазақстанның дзюдошылары алғаш рет 1993 жылы Канаданың Гамильтон қаласында өткен жарыста бой көрсетті. Өкінішке қарай, ол дода қоржынымызға бірде-бір жүлде түспеді. Содан кейін 1995 жылы – Тиба, 1997 жылы – Париж,  1999 жылы – Бирмингемде өткен сайыстар да асығымыз алшысынан түспеді.

Тұңғыш рет қазақ жанкүйерлері медальдің сыңғырын 2001 жылы естіді. Германияның Мюнхен қаласында қос Асхат – Житккев (100 келі) пен Шахаров (73 келі) қола медальдарды қоржынға салды. Содан кейінгі үш жарыста жолымыз болмады. 2003 жылы – Осака, 2005 жылы – Каир және 2007 жылы – Рио де Жанейродан еңсеміз түсіп қайтты.

2009 жылы Голландияның Роттердам қаласында тұңғыш рет Қазақ елінің әнұраны шырқады. 100 келі салмақта белдескен Максим Раков ақтық сында татами иесі Хенк Гролға сан соқтырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. 2010 жылы Токиода тегістей ұтылсақ, 2011 жылы Парижде сол жаңағы Максим Раков күміс медальді мойнына ілді. Финалда отандасымыз Ресей балуаны Тагир Хайболаевқа жол берді.

2013 жылы Бразилияның Рио де Жанейро қаласында 66 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Азамат Мұқанов жасындай жарқырады. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыластарын қапы қалдырған қандасымыз шешуші тұста да ширақ қимылдады. Тек ақтық сында Жапонияның жұлдызы Масаши Ебунумаға жол беріп, күміс медальді олжалады.

2014 жылы Челябідегі жарыста жолымыз болмады. Есесіне 2015 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында олжаға кенелдік. 60 келі салмақтың ақтық айқасында қос қандасымыз – Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев белдесті. Нәтижесінде Елдос – алтын, Рустам – күміс медальді иеленді.

Биылғы әлем чемпионатында Қазақ елі намысын қорғайтын балуандар

Ерлер. Елдос Сметов (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (60 келі), Азамат Мұқанов (66 келі), Елдос Жұмаханов (66 келі), Жансай Смағұлов (73 келі), Әзиз Қалқаманұлы (81 келі), Ислам Бозбаев (90 келі), Максим Раков (100 келі) және Ержан Шынкеев (+100 келі).

Әйелдер.  Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі), Севара Нышанбаева (57 келі), Анна Казюлина (57 келі), Мариям Ордабаева (63 келі), Ділбар Өмірәлиева (63 келі), Зере Бектасқызы (70 келі), Әлбина Амангелдиева (78 келі), Зарина Райфова (78 келі) және Гульжан Исанова (+78 келі).

2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатының нәтижелері

 Ерлер:

60 келі – 1. Елдос Сметов (Қазақстан), 2. Рустам Ыбыраев (Қазақстан), 3. Ким Вон Джин (Оңтүстік Корея) мен Тору Шишимэ (Жапония).

66 келі – 1. Ан Ба Ул (Оңтүстік Корея), 2. Михаил Пуляев (Ресей), 3. Голан Поллак (Израиль) пен Ришод Собиров (Өзбекстан).

73 келі – 1. Сёхэй Оно (Жапония), 2. Рики Накая (Жапония), 3. Сайнжаргалын Ням-Очир (Моңғолия) мен Ан Чхан Лим (Оңтүстік Корея).

81 келі – 1. Таканори Нагасэ (Жапония), 2. Лоик Пьетри (Франция), 3. Антуан Валуа-Фортье (Канада) мен Виктор Пеналбер (Бразилия).

90 келі – 1. Гвак Дон Хан (Оңтүстік Корея), 2. Кирилл Денисов (Ресей), 3. Машю Бейкер (Жапония) мен Варлам Липартелиани (Грузия).

100 келі – 1. Рюносукэ Хага (Япония), 2. Карл-Рихард Фрай (Германия), 3. Дмитрий Петерс (Германия) пен Тома Никифоров (Бельгия).

+100 келі – 1. Тедди Ринер (Франция), 2. Рю Ситиноэ (Япония), 3. Адам Окруашвили (Грузия) мен Яков Хаммо (Украина).

Командалық сайыс – 1. Жапония, 2. Оңтүстік Корея, 3. Моңғолия мен Грузия.

Әйелдер:

48 келі – 1. Паула Парето (Аргентина), 2. Харуна Асами (Япония), 3. Чон Бо Кён (Оңтүстік Корея) мен Ами Кондо (Жапония).

52 келі – 1. Мисато Накамура (Жапония), 2. Андрея Кицу (Румыния), 3. Эрика Миранда (Бразилия) мен Дарья Скрыпник (Беларуссия).

57 келі – 1. Каори Мацумото (Япония), 2. Корина Кэприориу (Румыния), 3. Отон Павья (Франция) мен Доржсурэнгийн Сумъяа (Монголия).

63 келі – 1. Тина Трстеняк (Словения), 2. Кларисс Агбеньену (Франция), 3. Цэдэвсурэнгийн Монхзаяа (Моңғолия) мен Мику Тасиро (Жапония).

70 келі – 1. Жевриз Эман (Франция), 2. Мария Бернабеу (Испания), 3. Фанни Повит (Франция) пен Юри Альвеар (Колумбия).

78 келі – 1. Мами Умэки (Жапония), 2. Анамари Веленшек (Словения), 3.  Луиза Мальцан (Германия) мен Мархинде Веркерк (Нидерланды).

+78 келі – 1. Юй Сун (Қытай), 2. Мэгуми Татимото (Жапония), 3. Канаэ Ямабэ (Жапония)  мен Идалис Ортис (Куба).

Командалық сайыс – 1. Жапония, 2. Польша, 3. Германия мен Ресей.

Ғалым Сүлеймен

Түпнұсқа: aikyn.kz

Сондай-ақ

ЖАС МУАЙ-ТАЙШЫЛАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН 12 МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕДІ

3-11 тамыз аралығында Тайланд елінде жасөспірімдер арасындағы Муай-тай спортынан әлем чемпионаты өтті. Сайысқа 79 елден …