2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Мұқтархан Ділдәбеков Qsport.kz порталының тілшісіне Қанат Исламның Астанада Брендон Кукке қарсы өткізетін жекпе-жегі жайлы өз ойын білдірді.
«Қанат әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да шашасына шаң жұқтырмаған боксшы. Сондықтан да Астанада өтетін жекпе-жектің Қанат Ислам үшін маңызы орасан зор. Туған жерде, өз жанкүйерлерінің алдында жұдырықтасу әрқашан қиын болады. Дегенмен «QAZAQ» бұл аураны басынан өткізген, жауапкершіліктің қаншалықты қиын екенін де біледі.
Мен Брэндон Куктың жекпе-жектерін арнайы іздеп, қараған жоқпын. Жеңілмеген боксшы екен. Рейтингте де жоғары орналасқан. Мұның өзі канадалық боксшының қалпақпен ұрып алатын қарсылас емес екенін дәлелдейді. Бірақ қарсыластың рейтингі жоғары болуы Қанат Исламның жеңіске жетуіне еш әсер етпейді.
Кук үшін де Қанат Ислам қауіпті қарсылас. Оның үстіне ол Канададан тыс жерде бірінші рет жекпе-жек өткізеді. Мұның да әсері болуы мүмкін. Әсіресе, психологиялық тұрғыдан. Жанкүйердің қолдауы рингтегі боксшыға ерекше әсер етеді. Тіпті мысын басып тастайды десек те болады. Сол үшін 9 қыркүйекте бауырымыздың тілеуін тілеп, қолдау көрсетейік. Жеке мен өзім Қанат Исламның жеңіске жететініне еш шүбә келтірмеймін.
Бұл кездесу біздің батыр үшін өте маңызды. Өйткені бұл кездесуде жеңіске жетсе, Қанат Ислам мақсатына тағы бір табан жақындап, чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігі көбейеді», — дейді Мұқтархан Ділдәбеков.
Еске салайық, Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасындағы кездесу 9 қыркүйек күні елордамыз Астана қаласында өтеді. Канадалық боксшы өзінің соңғы кездесуін отандасы Стивен Батлерге қарсы өткізіп, нокаутқа түсірген болатын.
Қанат Ислам болса өзінің соңғы кездесуін 26 мамыр күні мексикалық Норберто Гонсалеске қарсы өткізіп, 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Сөйтіп, орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Сontinental тұжырымы бойынша чемпиондық белбеулерін жеңіп алды. Қазіргі уақытта отандасымыздың еншісінде 24 кездесу бар және боксшымыз оның барлығында жеңіске жеткен. 19 кездесуде ол қарсыластарын нокаутқа жіберген.
Осы жекпе-жектің андеркардында 8 қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Олар — Жанқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0, 2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0, 1КО). Барлық боксшыларымыз осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген.
Qsport.kz