Қазақстанға таэквондо тоқсаныншы жылдардың басында келді. Елімізде бұл өнердің дәнін сепкен Германиядан келген қандасымыз, жекпе-жектің хас шебері Мұстафа Өзтүрік екені баршаға мәлім. Республикалық федерацияның тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиев те осы спорт түрін өркендетуге орасан зор үлес қосты. Міне, жоғарыда есімдері аталған қос дүлдүлмен етене араласып, сол саңлақтармен қоян-қолтық еңбек еткен азаматтардың бірі Дихан Ақаев екенін спорт саласының төңірегінде жүрген жандар жақсы біледі.
Бала кезінен салауатты өмір салтын ұстанған Дихан аға біраз спорт түрінің басын шалды. Есейе келе еркін күреске ден қойып, бірқатар додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының түлегі балуандық өнерде біраз белестерді бағындырып, спорт шебері дәрежесіне дейін жетті. Содан кейін каратэге аңсары ауып, спорттың бұл түрінде де елеулі табыстарға қол жеткізді.
– Тоқсаныншы жылдардың басында біздің елге сонау Германиядан Мұстафа Өзтүрік келді. Алаш топырағына табаны тиген бетте атажұртын аңсаған азамат бірден таэквондоны насихаттап, республикамыздың әр қиырында спорт мектептері мен үйірмелер ашылды. Қазаққа таңсық болғанына қарамастан, Мұстафаның зор беделінің арқасында спорттың бұл түріне деген қызығушылық күн өткен сайын арта түсті. Мұстафамен бірге Бексейіт Түлкиев те бұл іске бел шеше кірісті. Дәл сол кезде менің де таэквондоға деген құштарлығым оянды. Каратэні қойып, корейлер ойлап тапқан өнермен шұғылдануды құп көрдім, – деп бастады өз әңгімесін Дихан Рүстембекұлы.
Каратэнің қыр-сырына әбден қаныққан жігітке жаңа өнерге бейімделу айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ. Ол көп ізденді, еңбектенді. Жаттығу залында шелектеп тер төкті. Соның арқасында шеберлігі шыңдалып, бірте-бірте көпшіліктің көзіне түсе бастады. Диханның еңбекқорлығы мен қарым-қабілетін байқаған мамандар 1991 жылы Алматыда ашылған Мұстафа Өзтүрік атындағы тұңғыш таэквондо мектебінде жаттықтырушылық қызмет атқаруға қолға салды. Сол жерде біраз шәкірттер тәрбиеледі.
Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрін Қазақстанда қарыштап дамыту үшін республикамыздың барлық өңірінде федерациялар және әр жерлерде мамандандырылған мектептер мен үйірмелер ашу қажет еді. Сол кезде Мұстафа Өзтүрік, Бексейіт Түлкиев және басқа да жанашыр азаматтармен бірге Дихан Ақаев та осы іске бел шеше кірісті. Ол республикалық федерацияның вице-президенті әрі Алматы қалалық федерацияның президенті болып тағайындалды.
Қысқа ғана уақыт аралығында ел таэквондосы еңсе тіктеді. Облыс орталықтары мен бірқатар қалаларда дүбірлі додалар ұйымдастырылып, сол бәсекеде оза шапқан өрендер халықаралық жарыстарда өнер көрсетті. Бабы шауып, бағы жанғандар жеңіс тұғырына көтерілді. Ширек ғасырдан аса уақыт аралығында жерлестеріміз көптеген байрақты бәсекелерде түрлі түсті медальдарды иеленіп, ел спортының мерейін асырды. Осы өнерді серік еткен қазақтың ұл-қыздарының алды Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлдегерлер санатына қосылды. Одан бөлек Азия ойындары, құрлық чемпионаты және басқа да додаларда дараланған дүлдүлдеріміздің қатары молая түсті. Міне,бүгінгі таңда әлемдік деңгейде мойындалған Қазақстан таэквондосының басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Дихан аға екені даусыз.
– Мұстафа мен Бексейіттей қазақтың қос азаматымен етене араласып, үзеңгілес дос болдық, – деп Дихан Ақаев өткен күндерді еске алды. – Екеуі де бойына көптеген керемет қасиеттерді сіңірген адамгершілігі мол және парасаты аса жоғары жігіттер еді. Олардың батылдығы мен батырлығы, серілігі мен мәрттігі жөнінде ұзақ әңгімелеуге болады. Ең бастысы, Өзтүрік пен Түлкиев өз ұлтын шексіз сүйді. Жүректері «Қазақ!» деп соғатын. Сол жігіттерден мен көп нәрсе үйрендім. Қазақстан таэквондосын әлемдік деңгейге көтереміз деп екеуі де жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбек етті. Өкінішке қарай, осындай атпал азаматтардан қапияда айырылып қалдық. Мұстафа 40 жасында көз жұмса, Бексейіт 43 жасында бақилық болды. Нағыз қылшылдап тұрған шақтары еді. Әлі талай шаруа тындыратын кездері еді. Олардың қазаққа бергенінен берері көп еді. Бірақ амал нешік…
Бұл күндері 65 жасқа толып отырған Дихан Рүстембекұлы Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев атындағы республикалық қоғамдық қорды басқарып, көптеген игі шаралардың басы-қасында жүр. Сонымен қатар ағамыз әлі де спортты серік етуде. Осы өнердің пумсе деген түрін жетік меңгерген ақсақал өз қатарластары арасында үздіксіз өтіп жүрген түрлі жарыстарда оза шауып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленуде. Қазақстан чемпионатында ол қатарынан 10 жыл бойы қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық тұғырға көтерілді. Азия чемпионатында қола медальді мойнына ілді. Міне, қысқаша қайырсақ, қарт таэквондошы Дихан Ақаевтың жүріп өткен жолы осындай.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Ақпарат көзі: aikyn.kz