Әлемдік сараптама жасау орталығы көптеген дүниежүзілік рекордтар және ең бай, ең мықты адамдардың тізімін жақсы біледі. Өйткені олар ай сайын, жыл сайын жаңарып отырады. Соның ішінде спорттық мансап та бар. Мәселен сараптама орталығы 2010 жылға дейін 156 халықаралық марафон болғанын есептеген. Ең қызығы соның ішінде 126 түрін Кениялық желаяқтар жеңіп алған. Онымен қызық тоқтаған жоқ, себебі жеңімпаздардың бәрі дерлік Кения жеріндегі календжин тайпасынан болған. Ал тайпаның жалпы саны – 3,5 миллион ғана.
Ал олардың ерекшелігі неде?
Ғалымдар осы тайпа жайында бас қатыра бастады. Себебі олар үшін бұл жұмбақ болды. Ғалымдардың пайымдауынша бұл жұмбақтың жауабы олардың дене бітімдерінде дейді. Календжин тайпасының халқы бойлары ұзын, арық әрі бұлшық еттері жинақы келген.
Ал бұлай болуға оларды өмірлік тәжірибе үйреткен. Яғни тайпа мал шаруашылығымен айналысады. Ал ғалымдардан бөлек диетологтар өз алдына бір болжам жасады. Олар тайпаның күнделікті жейтін тамақтарына аса мән бере бастады. Кениялық жел аяқтар ешқандай қоспасы бар тамақ жемейтінін алға тартады. Тағы бір айта кететін теориялық негіз, кениялық жел аяқтардың ағзасы жер бетіндегі адамдарға қарағанда оттегімен көп қамтылған.
Бұл тайпа жер бетінен 2 000 метр биік таулы жерлерде өмір сүреді
ХХ ғасырдың соңында Копенгагеннің Ғылыми зерттеу орталығында кениялық желаяқтарға арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Олар бұлшық еттерді зерттей бастады. Әрбір календжин тайпасының 12-15 жастағы баласы ұзақ қашықтықты Еуропаның ең мықты марафоншылары секілді жүгіріп өтетін болған. Ғалымдар қорыта келе Кениялық желаяқтардың жүйрік болуына ешқандай жағдай әсер етпейтінін айтып, ол геннен деп тапты.
Дереккөз: massaget.kz