Басты бет / Бокс / ҚЫТАЙ ҚҰРАМАСЫ ЖАРЫЛҒАПОВ ТУРНИРІНЕ ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ

ҚЫТАЙ ҚҰРАМАСЫ ЖАРЫЛҒАПОВ ТУРНИРІНЕ ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ

 

Қарағанды қаласында бокстан Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнир басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан дода биыл ХХХІІI рет ұйымдастырылып отыр.

Айтулы жарысқа биыл шет елдерден мықты құрамалар қатысуға ниет білдірген. Солардың бірі Қытай құрама командасы.

Қытайдағы Үрімшіден кейінгі екінші орын алатын Лань Джу командасы дәл қазіргі уақытта «Aidar classis» бокс залында жаттығу үстінде. Аспан асты елінің боксшылары Алматы қаласының құрамасымен бірлескен жаттығу жиындарын өткізуде.

Өз кезегінде біздің боксшылар да Лань Джу  қаласында болып, Қытай құрамасымен оқу-жаттығу жиындарын өткізген болатын:

«Екі құрама арасындағы жиындардың көптеп болуының өзі себебі бар. Себебі Қытайдың екінші номерлі командасының құрамында бес бірдей қазақ боксшысы өнер көрсетеді. Қытай елінде тұратын қандастарымыз боксты өте жақсы меңгерген. Бір-бірімізге демеу көрсетіп, тәжірбие алмасып жатқан жайымыз бар», — дейді  «Aidar classis» бокс залының иесі, кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев.

Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокс додасы – талай боксшылардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі. Тарихы тереңде жатқан бұл бокс бәсекесінен Олимпиада чемпиондары мен талай әлем чемпиондары түлеп шыққан. Атап айтар болсақ, бүгінде кәсіпқой бокста еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин бұл турнирде бес рет топ жарған. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров пен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов та Ғалым Жарылғаповтурнирінің бес дүркін чемпиондары атанған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған марқұм Бекзат Саттарханов та бұл турнирде үш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Одан өзге, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі таңда «Astana Arlans» командасының директоры Серік Сәпиев те бұл турнирді үш рет жеңген боксшылар қатарынан. Ал «Ғалым Жарылғапов турнирінде ең көп топ жарған боксшы кім?» дегенге келсек, Сарыарқа төсінде туып-өскен Аркадий Топаевтың есімін ерекше мақтанышпен айта аламыз. 1994 жылы әлем кубогының жеңімпазы атанған былғары қолғап шебері бұл турнирді жеті рет ұтқан жалғыз боксшы.

 

Сондай-ақ

ЧИЛМАНОВ ТУРНИРІ ЖОҒАРЫ САНАТТАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАЛАР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

  Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилмановтың жүлдесіне арналған Халықаралық «Kazakhstan Open» турнирі  G1 категориясын …