ММА-дан Қазақстан құрамасы бас жаттықтырушы Айбек Шоқпытовтың жетекшілігімен Ақтөбе қаласындағы оқу-жаттығу жиынын тәмамдап, Астанаға келді.
Жаттықтыру кеңесі оқу-жаттығу жиыны барысында бәсекелі додада өнер көрсететін құраманың тізімі бекітілді:
52.2 кг. — Зарина Кадырбаева, Қостанай.
61.2 кг. Мария Агапова, Павлодар.
56.7 кг. Санжар Әділов, Қарағанды.
61.2 кг. Абылай Төлеш, Атырау.
65.8 кг. Денис Муцник, Талдықорган.
70.3 кг. Алтынбек Бақтыгелдинов, Алматы.
77 кг. Темірлан Ықсанғалиев, Орал.
84 кг. Еркiнбек Інжел, Ақтөбе.
93 кг. Мәди Райхан, Семей.
93 +кг. Әлімжан Сүлейманов, Алматы.
Бас жаттықтырушы — Айбек Шоқпытов.
Аға жаттықтырушы — Алмат Исентаев.
Өткен жылы Макаодағы әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғаған құрамадағы спортшылар арасынан тек қола жүлдені иеленген Еркiнбек Інжел және Әлімжан Сүлейманов өнер көрсетеді. Ал тізімдегі басқа спортшылар әлем чемпионатында бірінші рет бақтарын сынайды. Шаршы алаңға шығатын қос қазақстандық нәзік жан бар-жоғы 20 жаста. Олар жаһандық деңгейдегі бәсекеге тыңғылықты дайындалған.
6-7 қазан күндері Астанада Бүкіләлемдік ММА (WMMAA) қауымдастығының нұсқасы бойынша ММА V-ші әлем чемпионаты өтеді. Шаршы алаңда жер-жаһанның 30 мемлекетінен 150-ден астам әуесқой спортшы өнер көрсетеді. Қатысушылардың алғашқы легі елордаға ат басын бұруда.
Анықтама: ММА ((Mixed Martial Arts — аралас жекпе-жек) — әлемде жедел дамуға бет алған спорт түрлерінің бірі. Аралас жекпе-жек АҚШ, Еуропада, Қытайда, Үндістанда және әлемнің басқа мемлекеттерінде қарқынды алды. Қазақстанда аралас жекпе-жекке көпшіліктің қызығушылығы жыл санап артуда және спорттың бұл түрінің келешектегі басымдықтары ауқымды. Бүгінде ММА бойынша қазақстан құрамасы – әлемдік әуесқой аралас жекпе-жек бойынша көшбасшылардың бірі.