Жозе Моуриньо 2004 жылы «Челсидің» бас бапкері қызметіне тағайындалған соң өзін Special-one деп жариялады. Яғни «ерекшемін» деп өзін басқа жаттықтырушылар сияқты емес екенін мәлімдеді. Португалиялық жас бапкер 2000 жылдардың басында футболға тансық стиль – контршабуыл арқылы жеңіске жету сияқты жаңаша бағытты енгізді.
Ол соңғы 12 жылда 3 командада жұмыс істеді (Челсиде екі рет). Оның басқа бапкерлерден тағы бір ерекшелігі – кезкелген клубта абыройы жоғары және «мистердің» айтқан сынын мойындамай, бұйрығына бағынғысы келмеген кейбір лидерлерін ойланбастан қосалқы құрамға отырғызу немесе басқа клубқа сатып жіберу еді.
Патрик Виейра
Ол ХХІ ғасырдың ең үздік артқы жартылай қорғаушыларының бірі еді. Бірнеше жылдан бері миландық «Интердің» лидері әрі негізгі футболшысы ретінде есептеліп келді. Бірақ Special-one французды өзінің жоспарына кірмейтіндігін және тез арада өзіне жаңа клуб тапса нұр үстіне нұр болушы еді деп мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін ардагер футболшы арабтардың су жаңа жобасы «Манчестер Сити» клубына ауысты.
Эрнан Креспо
Аргентиналық шабуылшыны Моуриньо бірінші «Челсидің» қосалқы ойыншыларының арасынан кең көрпеше төсеп беріп сосын «Интерге» қуып жіберді. Бірақ Эрнан Креспо миландық клуб сапында вагон-вагон гол салып, тез арада жергілікті жанкүйерлердің ең сүйікті футболшыларының біріне айналды. Тағдырдың талқысымен португалиялық бапкер бірнеше жылдан соң «Интердің» жаттықтырушысы ретінде тағайындалды. «Қайда барса да Қорқыттың көрі қазулы» демекші Креспо қайда барса, Жозе де сонда. «Мистер» бомбардирді енді «Интерден» «Дженоаға» кетуге мәжбүр етті.
Педро Леон
Жозе Моуриньо «Интермен» Чемпиондар Лигасында жеңіске жеткен күні ертеңіне «Реал Мадридтің» бас бапкері ретінде тағайындалды. Ал бұған дейін мадридтік клуб басшылары өз қатарына «Хетафе» клубының жас жұлдызы Педро Леонды 4 жылға сатып алып қойған еді. Моуриньо корольдік клубқа келе сала Педроны өзінің жоспарынан тыс екенін айтты. Дәл Педро Леон ойнайтын позицияға аргентиналық Анхель Ди Марияны сатып алды. Ал испаниялық вингер бір маусымда бар-жоғы 400 минут ғана өнер көрсетіп, келесі жылы өзінің «Хетафесіне» қайта оралды.
Кака
Моуриньоның бапкерлік стилінің құрбандары арасындағы ең танымал футболшы. 2009 жылы Флорентино Перес Каканы «Миланнан» қиындықпен сатып алды. Бірақ «мистерді» Каканың не атағы, не оған жұмсалған қаржы қызықтырмады. Егер жаттығу кезінде кезкелген футбол жұлдызы еріншектік танытса немесе бапкерге бағынбаса алаңға шығу туралы тек армандауына ғана болады. Моуриньо Каканы 3 жыл бойы мұражайда ұстағандай қосалқы құрамда отырғызды. Сосын Кака бақытын мұхиттың арғы жағынан іздеуге кетті.
Икер Касильяс
Икерді жанкүйерлер «Сан Икер» яғни әулие Икер деп атайды. Себебі, испаниялық қақпашы бүкіл өмірін «Реалдың» қақпасын торуылдауға арнаған еді. Касильясті қосалқы құрамға отырғызу біреудің қолынан келетініне тіпті қақпашының өзі де сенбейтін еді. Бірақ 2012 жылдың соңында алған жарақаты сосын бапкермен арасында болған алауыздық өте ұзаққа созылды. Ол алдымен Касильясті қосылқа құрамда жарақатының кесірінен отырғызса, сосын ауруынан айыққанына қарамай орнына «Севильядан» Диего Лопесті сатып алды. Дәл осы сәттен бастап «Реалдың» көпжылдық капитаны қосалқы құрамның тұрақты ойыншысына айналды.
Хуан Мата
2013 жылы Жозе Моуриньо лондондық «Челсиге» қайтып келді. Ал «Челси» тура 1 жыл бұрын Чемпиондар Лигасында топ жарған еді. Сол маусымда лондондық клубтың қаһарманына айналған испаниялық Хуан Мата жаңа бапкерге ұнамай қалды. АПЛ-дің ең үздік пас плеймейкерін Моуриньо алдымен екінші таймдарда алаңға шығарып жүрді. Сосын мүлдем қосалқы құрамға отырғызып тастады. Ал қысқы трансферлік ауысым кезінде Матаны «Манчестер Юнайтед» сатып алды.
Бастиан Швайнштайгер
Неміс футболының ардагері былтыр «қызыл сойқандар» қатарына қосылды. Бастианмен «Баварияда» бірге жұмыс істеген Луи Ван Гаал (МЮ-дің экс бапкері) оған көп уәде берген еді. Бірақ «МЮ» басшылығы голландиялық бапкермен мезгілінен бұрын қоштасуға мәжбүр болды. Ал «Манчестер Юнайтедтің» су жаңа бапкері германиялық жартылай қорғаушыны кеше клубтың екінші командасына жіберді. Бұл дегеніміз 2014 жылғы Германия қатарында әлем чемпиондығын жеңіп алған футболшы келесі маусымда қызыл жейдеде өнер көрсетпейді деген сөз. Мүмкін негізгі басқа клубтың қызыл жейдесін киетін шығар, бірақ «МЮ-дің» формасын кеймейтіні анық.