Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Лондон Олимпиадасының алтын, Бейжің мен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, жетісайыс пен үш қарғып секіруден Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, әлем чемпионы Ольга Рыпаковамен әңгімелескен едік.
– Ольга, сіз бір емес, үш бірдей Олимпиадаға қатыстыңыз. Үшеуінде де жүлдегер болдыңыз. Одан бөлек қаншама әлем чемпионаттарына бардыңыз. Ел намысы сынға түскен додаларда сан мәрте көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелеттіңіз. Айтыңызшы, Ту көтеріліп, Әнұран шырқалғанда қандай күйге бөленесіз?
– Кез келген спортшы үшін Мемлекеттік ту мен Әнұранның орны бөлек екені даусыз. Ту мен Әнұран ғана емес, жалпы мемлекеттік рәміздердің қадірін өзгелерден гөрі спортшылар қауымы жақсы біледі деп ойлаймын. Ал енді мемлекеттік тудың көтерілген сәтін, әсіресе, аспан түстес байрақты өзің көтеріп, иығыңа жамылған кездеріңді сөзбен жеткізу қиын. Мұндай кезде қара басың үшін ғана шаттанбайсың, саған үміт артқан артыңдағы қара ормандай елің үшін, байтақ жерің үшін мақтанып, масаттанасың. Бойыңды ерекше қуаныш сезімі билейді. Биікке көтерілген сайын, әрбір жетістікке жеткен сайын еліміздің өсіп, өркендеп, спорт саласының құлашын кеңге жайып келе жатқанына марқаясың.
Әлемдік деңгейдегі бәсекелерге ел атынан қатысу қай кезде де үлкен жауапкершілік жүктейді. Егер жерімізде тыныштық болмаса, халықтың әл-ауқаты төмен болса Азия ойындары, Олимпиада секілді құрлықтық, әлемдік деңгейдегі ауқымды спорттық жарыстарға қатысар ма едік, қатыспас па едік. Сондықтан осындай дүбірлі додаларда бақ сынап, туымызды асқақтатып, Әнұранымызды аспандатуға мүмкіндік бергені үшін, тиісті жағдай жасағаны үшін мемлекетімізге алғыс айтамын.
Спортшы болған соң шет мемлекеттерде көп жүреміз. Сонда шет елдегі әріптестерім біздің тудың түсіне таңғалып, «Сіздердің туларыңыздың безендірілуі қандай әдемі. Көк деген ғажап түс қой. Қыранның суреті де керемет таңдалған» деп өздерінің лебіздерін білдіреді. Шетелдіктер біздің Туды басқа елдің туларынан тез айырады. Бірден таниды. Олар Қазақстан туралы да айтып, біздің үстіміздегі ту түстес киім формасына қызығушылық білдіріп жатады. Кейбір елдердің туы бір-біріне ұқсап жатады ғой. Біздікін бірден танисың. Көзіңе оттай басылады. Және біздің Тудың мән-мағынасы туралы айтып түсіндіру де оңай.
Мемлекеттік ту туралы не айтуға болады? Басқаларды білмеймін, өз басым Туға көз салсам еркіндікті сезінгендей боламын. Күн астында қалықтаған қыран. Аспан кеңістігі. Қандай ғажап! Өзің де байрақтағы қырандай қалықтап, самғағың келеді. Мемлекеттік елтаңбамыздың да мағынасы терең. Елтаңбаны көрген адам еліміздің тарихы мен мәдениетіне терең бойлағандай болады.
– 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында сіздің көк Туды желбіретіп, атшаптырым стадионды «алақайлап» айнала жүгіргеніңіз есімізде. Сол бір сәтті санамызда тағы бір мәрте жаңғыртудың реті келіп тұрған секілді.
– Адам деген қызық қой. Әуелде жеңістің не екенін, оның салмағын сезініп үлгермейді екенсің. Әйтеуір қуаныштан ет-жүрегім елжіреп, араның ұясындай гуілдеген стадионды айнала жүгіргенім әлі есімде. Әрине, көз алдыңдағы мыңдаған, теледидардың ар жағындағы миллиондаған адамның алдында Туды төбеңнен асыра көтеріп жүгірген сәттегі қуаныш, шаттық сезімін тілмен айтып жеткізу қиын. Мұндай сәтте не ойлайсың? Тағы да Әнұранымызды әуелетіп, көк Туымызды желбіретіп, еліңнің алапатын асырсам деп ойлайсың. 17 миллион халықтың атынан шығып, намысты қолдан бермегеніңе қуанасың. Бұл, әрине, мен үшін зор құрмет, үлкен мақтаныш. Мұндай сәтке жету үшін де ұзақ жаттығасың, қаншама ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерді өткізесің. Әрине, елдің жанкүйерлері алдында, атшаптырым стадионда өнер көрсету де оңай емес. Елдің бәрі саған көз тігіп отырады. Толқисың, қобалжисың. Жаттығу жасаған кезде «алдағы болатын жарыста мен алтын аламын, мінбеде тұрамын, Әнұран шырқаймын, Туды көтеремін» деп ешқашан ойламайсың. Тек қана лайықты өнер көрсетуді ойлайсың. Ал енді жеңіске жетіп, мінбеге көтерілгенде мақсатыңның орындалғанына, еңбегіңнің еш кетпегеніңе риясыз қуанасың. Әрине, мінбеде тұрып еліңнің атын асқақтатқаныңа, осы елдің перзенті болғаныңа шаттанасың. Қаншама қиындықтан кейін төккен терің ақталып, мінбеде тұрғанда жеңілдеп, иығыңнан үлкен жүк түскендей керемет сезімді бастан кешесің.
– Өткенге сәл шегініс жасасақ. Ең алғаш Әнұранымызды шырқатып, көк Туды желбіреткен кезіңіз есіңізде ме?
– Әрине, есімде. 2006 жылы Қатар астанасы Доха қаласында өткен Азия ойындарында жеті сайыстан бірінші орын алдым. Бұл – менің халықаралық деңгейдегі алғашқы жарысым болатын. Осы бәсекеден кейін қаншама додаларда бақ сынап, Әнұранды сан мәрте әуелеттім.
– Мемлекеттік рәміздер күніне орай жанкүйерлеріңізге қандай тілек айтар едіңіз? – Барша қазақстандықтарға ең әуелі денсаулық пен бейбітшілік тілеймін. Елімізде әрдайым тұрақтылық пен тыныштық, ынтымақ пен береке салтанат құрса екен деймін. Барлық отбасында молшылық болып, ел азаматтары еңбегінің жемісін жеп, атқарған қызметінің қызығын көрсе екен деймін. Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын! Барлығымыз еліміздің абыройын асқақтату жолында жұмыла еңбек етейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан» Egemen.kz