Басты бет / Қысқы спорт / ШЕТТЕ ЖҮРГЕНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ АРТА ТҮСЕДІ

ШЕТТЕ ЖҮРГЕНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ АРТА ТҮСЕДІ

Шетте, елге деген ерекше сағыныш құшағында жүргенде, Мемлекеттік рәміздерге құрметіміз одан сайын арта түседі. Бұл туралы Голландияда жаттығып жатқан шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қазақстандық шорт-трекшілер Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков және жас бапкер Азамат Сұлтанәлиевтің басшылығымен Херенвен қаласында Голландия құрамасымен бірге жаттығуда. Жаттығудың мұндай тәсілі 2016-2017 жылғы маусымда жақсы нәтиже бергені белгілі. Қазақстандық шорт-трекшілер осы спорт тарихында тұңғыш рет бірнеше рет әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанса, одан кейін қысқы универсиада мен Азия ойындарында жүлделі орындарға қол жеткізді.
Шетте жүргенде, Мемлекеттік рәміздерге құрметіміз арта түседі — Нұрберген Жұмағазиев.
«Қасымда қазір Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамуханов бар. Ал Мерсаид Жақсыбаев пен Әділ Ғалиахметов Голландия жастар құрамасымен бірге шыңдалуда. Осылайша, алдағы жылдың басты додасы — Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін олимпиада ойындарына дайындықты бастап кеттік. Мақсатымыз — олимпиада жолдамасын жеңіп алу. Олимп төрінде еліміздің көк байрағын биікте желбіретіп, жүлдегер атансақ деп армандаймыз. Сол үшін барымызды салатын боламыз. Қазақ елін Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, алыстан сәлем жолдаймын. Қазақстан патриоты ретінде еліміздің Туына, Елтаңбасы мен Гимніне әркез құрметпен қараймын. Қазақстанымыздың еңсесі биік болып, мәртебесі арта берсін», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұрберген Жұмағазиев.

Шетте жүргенде, Мемлекеттік рәміздерге құрметіміз арта түседі — Нұрберген Жұмағазиев Еске сала кетейік, 1990 жылы 29 қарашада Теректі ауданы Шағатай ауылында дүниеге келген Нұрбергеннің отбасы Орал қаласында тұрады. Ата-анасы Батырғали мен Зинегүлмен, зайыбы Шынараймен бірге кішкентай қызы Нұрай өсіп келеді. Қарындасы Ғалия Жұмағазиева да шорт-трекпен тұрақты айналысады, болашағынан үміт күттіретін жастардың бірі.

inform.kz

Сондай-ақ

БІРЖАННЫҢ БЕЛЕСТЕРІ

Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында көптеген өзгерістер болды. Белді былғары …