«Асыл мұра» бағдарламасы аясында мешітке келуші жамағаттар арасында футбол лигасы жалғасуда. «Футбол лэнд» стадионында Түрксіб ауданының мешітке келуші жамағаттары арасында футболдан кезекті жарыс өтті. Олар екі күн бойы өзара мықтыны анықтады.
Айналым жүйесі бойынаша футбол алаңдарында Омар ивн аль-Хаттаб және Фирали мешіттерінің өкілдері бірінші күні кездесті. 8 команда арасындағы қызықты да тартысты ойындар «Жеңіс», «Горный» және «Инсан» топтарының жеңісімен аяқталды.
Марапаттау рәсімінен соң жеңімпаз команданың капитаны турнирге қатысты әсерлерімен бөлісті:
— Турнир керемет. Осындай матчтар жиірек өткізілсе екен деймін. Менің ойымша, барлығы спортпен шұғылданып, осындай жарыстарға қатысуы қажет. Қала әкімдігіне осы бағдарлама үшін ризамын. Енді, чемпион атану үшін бар күшімізді салатын боламыз, — дейді «Жеңіс» ойыншысы Ерден Құлахметов.
Ал «Фирали» мешіті 8 командасының арасында алтынды «Арғымақ» олжалады, ал күміспен «Смарт» командасы күптелсе, «Хиджама» ұжымы қоланы қанағат тұтты.
Жарыстың екінші күні Ынтымақ мешіт өкілдерінің бақ сынасуымен жалғасты. Осы футбол ойындарының нәтижесі бойынша «Асыл» клубы ұтты, ал екінші орынды «Алмалы» иеленсе, үшінші орынға «Бірлік» жайғасты. Сонымен қатар, Қайрат мешітінің келуші жамағаты да күштерін сынады. Әдеттегідей 8 ұжымның ішінде «Бауырлар» алға озып, «Алифті» жеңсе, «Спартак» қоланы иеленді.
Сонымен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен марапатталып, бірінші орын алған командалар аудандық кезеңге жолдама алды.
Айта кетер жайт, «Асыл мұра» бағдарламасы мешітке келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында іске қосылған.
Бұл жарыста Алматы қаласының бар 48 мешіті бақ сынасады. Олар демалыс күндері алып шаһардың түрлі футбол алаңдарында кездеседі.